ЕЛ ДАМУЫН БАҒДАРЛАҒАН ЕҢБЕК

Аудандық «Шалқар» газетінің 1932 жылғы 20 тамызда шыққан алғашқы санына редактор болып қол қойған Әбидолла Биекеновтың есімі ел тарихында өзіндік орны бар. «Социализм туы» деген атаумен шыққан өлкелік басылымды тұңғыш шығарушы Әбидолла Үмбетжанұлы 36 жыл ғұмырында түрлі деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарып, Қазақ КСР Жоғары сотына төрағалық еткен мемлекет және қоғам қайраткері. Болмысы биік тұлғадан тараған ұрпақтар да бүгінде республикамызға есімдері белгілі азаматтар сапында. Солардың бірі — философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ағарту ісінің үздігі Марат Биекенов.

ҚР Үкіметі аппаратында да өнімді қызметтер істеп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, саналы ғұмырын тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне арнаған жерлесіміз туған жерімен әрдайым тығыз байланысып отырады.

Әкесінің алғаш қолтаңбасы қойылған аудандық газеттің 90 жылдығы қарсаңында сексен жастың биігіне шыққан Марат Әбидоллаұлы шал-қарлық оқырмандармен кездесіп, үлкен танымдық шараның ұйытқысы болды. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың «Коворкинг» залында «Мемлекет саясаты» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.  Осы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Жанболат Жидеханов:

— Шалқар ауданы тарихының бастауында жергілікті газетті ашып, аз уақытта мемлекет және қоғам қайраткеріне дейінгі биіктерге жеткен әкеңіз Әбидолла Биекеновті еліміз даңқты ұлдарының біріне санайды. Текті тұлғаның қанымен сіз де халықтың рухани мұратына қызмет етіп келесіз, — деп ғалымды құттықтап, қазақы салт-дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат жасады.  

Автор жаңа кітабына топтасқан мақалаларының мазмұнына тоқталып, оның басты мақсатында еліміздің жаңаша даму жолының бағдары тұрғандығын жеткізді. Өзінің әрдайым  аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен тығыз байланыста екендігін айта келіп, бүгінгі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған қалалық жасөспірімдер кітапханасына ризашылығын білдірді.

Оқырмандар арасынан жүздеген ғылыми еңбектер мен монографияларды жарыққа шығарған жерлес ғалымға сұрақтар қойылып, шараның өн бойы мәні мол әңгімелермен өрнектелді.

 М. БОҚАН.