АРДАГЕРЛЕР ЖОЛДАУДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері де талқылап, онда Жаңа Қазақстанның жарқын келешегі үшін қойылған міндеттер тұрғысында өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеген Жолдаудағы басымдықтарға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген жеке-жеке тоқталып, бұқараның айырықша көңілінен шыққан бастамалар жайын тілге тиек етті.

— Халқымыз «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе, деп ұрпақ тәрбиесіне айырықша мән берген. Саналы буын тәрбиелеу жолында аналар мен жас ұрпаққа қолайлы жағдай туғызудың маңызы қашан да жоғары. Президентіміз осы Жолдауында да өскелең ұрпақтың болашаққа деген сенімін еселейтін міндеттер жүктеді. Жастардың үлкен өмірге қадам басуына зор мүмкіндіктер беретін жобалар көпке мәлімделді.

Қазір әлем алмағайып кезеңде тұр. Жаһандану нарқы алға шығып, ақпараттық майдан күшейген тұста елдің ауызбіршілігі ауадай қажет екендігі түсінікті. Бұл ретте елді бірлікке шақыратын, жақсы сөзімен өнеге көрсететін қарттарымыздың орны әрқашанда биік.

Жолдау тек құжат жүзінде қалып қоймай, ондағы тың бастамаларды көпшілік ортасында насихаттап, іске асуына көмектесуге баршамыз да мүдделіміз, — деді кеңес төрағасы Елубай Төлепберген.

Қатысушы ардагерлер атынан күн тәртібіндегі мәселеге орай өз ой-пікірін білдіргендер болды. Шығып сөйлеушілер қатарында теміржол саласының ардагері Ж.Әбушанов, ардагер-ұстаз Ө.Наурызғалиева, кәсіпкер О.Жұбаев, т.б. елімізде алдағы уақытта жүргізілетін өзгерістердің, саяси, әлеу-меттік және экономикалық реформалардың нақты бағыт-бағдары жайында өз ойларын айтып, көпшілікті Жолдауды қолдауға шақырды.

Ардагерлер басқосқан жиын қорытындысында «Елдік шаруалардан шет қалмай, қоғам тынысымен бірге жасасып, үлгі-өнегенің өрінен ұдайы көріне берейік» деген ортақ тұжырым жасалды.

М.БОҚАН.  

Posted Under
Санатталмаған