Бозой ауылындағы Аманғали ахун атындағы мешіт жанынан ауыл тұрғындарының күшімен 300 орындық асхана ашылды. Құрылысы екі жыл бұрын басталған игілікті нысанның ашылуына ҚР мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Серікжан Еншібай қатысып, ауыл қуанышына ортақтасты.
Өкіл имам шалғайдағы мекеннен халық өз қаржысымен ауқымды асхана ғимаратын салып, имандылық үйі іргесінен игілікті іс тындыруы бұл асыл дінімізге деген құрметтің бір белгісі деп, осы іске мұрындық болған барша азаматтарға рахметін айтты.
Аудан әкімі Жанболат Жидеханов: «Бозой жері — қашан да береке мен бірліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Бұл округте қай салада да алға ілгерілеушілік бар. Бүгінгі шара сондай ауызбірлігіміздің бір көрінісі», — деді. Асхананың бой көтеруіне демеушілік танытып, істің бітуіне белсенділік көрсеткен бірқатар азаматтар аудан басшысы мен өкіл имам тарапынан Алғыс хаттарға ие болды.
Ауыл мешітіне есімі берілген Аманғали ахунның ұрпағы Ниедулла Дәулетов мазмұнды деректермен бөлісіп, аталарының діни сауаттылығын, имандылық қасиеттерін көпшілікке айтып берді. Итес молда оқыған, тақуа адам болған. Мұсылман дінін жоғары бағалаған ол баласы Аманғалиды 6 жасынан бастап білім алуға шыңдап, Хорезмге оқуға жібереді. 1900 жылдары 16 жас шамасында зерек бала Хорезмдегі әйгілі діни медресеге оқуға қабылданады. Осы жолда діни сауаттылығын жылдар бойы жетілдіріп, үлкен ғұламалардан алған білімін шыңдап, «Ұстаз», «Шатырхат ахун» деген ғылыми атақтарды иеленеді.
1920-1935 жылдары Шалқар аймақтық діни басқармасының бас муфтиі болған Аманғали ахун Итесұлына Орта Азия республикалары мен Қазақстанның діни басқармасы берген мөр қазіргі күні облыстық музейде сақтаулы.
Зәулім асхананың ашылу лентасын бас имам Серікжан Еншібай мен ауыл үлкені Мажжан Абдуалиев ақсақал қиды. Асхана ішіне кең дастархан жайылып, меймандарға қонақасы берілді. Қайырлы іске ақ жаулықты аналар шашу шашып, ауыл үлкендері батасын берді.
Осы орайда Бозой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жұбаназаров асхана құрылысына демеушілік танытқан «СМК-Атамекен» ЖШС өкілі Серік Байжановқа, Бозой ауылы Арал тораптық- өндірістік басқармасының басшысы Сәкен Әбілақосқа, «ТетисАралГаз» Бозой Мұнай Газ өндіру басқармасының басшысы Қабылжан Оразымбетовке, «Ерзат» ӨК басшысы Қаржау Әліқұловқа, Аманғали ахун мешітінің имамы Ықылас Оразымбетовке, құрылыстың жүргізілуін қадағалаған Ниедулла Дәулетовке және осы істің бітуіне көмектерін берген барша ауыл тұрғындарына, округке қарасты шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге алғысын айтады
М. БОҚАН.