ШАРУАЛАРДЫҢ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ

Шалқар ауданының орталығында ауылшаруашылығы саласы қызметкерлері күні мерекесі өтті. Іс-шара өтетін күн апта бұрын жергілікті баспасөзде, әлеуметтік желілерде жарияланып, оның барысында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болатындығы халыққа хабарланды.

Сөйтіп, бұл мереке орталық көшеде қолайлы бағадағы өнімдер ұсынылған жәрмеңкенің ашылуымен басталды. Шалқар қаласының тұрғындары ертемен жәрмеңке басынан табылып, сөредегі өнімдерді саудалауға асықты. Ауданға қарасты 12 ауылдық округ пен Шалқар қаласынан төрт түліктің ет, сүтімен қатар, кондитерлік, бау-бақша, т.б. өнімдері сатылымға қойылды. Ән мен күй қалықтаған жәрмеңкеде әр бүйірден келген шаруалар бір-бірімен қауқылдасып, мал-жан есендігін сұрасқан ақжарма дауыстары алыстан шығып жатты. Қазанда палау мен бауырсақтар пісіріліп, халыққа тегін таратылды. Білекті жігіттер гір тасын көтеруден, қол күрестіруден сайысып, спорттық шаралардың көрігін қыздырды.  Жәрмеңке басындағы осындай әсерлі көріністер Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған  «Ауылым — алтын бесігім» атты  шараға ұласты. Әсем безендірілген сахна алдына «Қымызмұрындық» байқауына аудандағы барлық округтерден әкелінген қымыздар мен ұлттық тағам түрлері  қойылды. Қатысушы әр сайыскер дәстүрімізбен астасқан ұлттық сусынымыз — қымыздың тарихын, жасалу ерекшеліктерін таныстырып, бақтарын сынады. Еңбек ардагерлерінен құралған әділқазылар алқасы әр ауылдың намысын арқалап келген қымыздардан дәм татып, жасалуын, дәмділігін салыстырды.

Мәдениет ошағындағы мәнді шараның шымылдығын аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембай ашып, өлкемізде өзі жетекшілік ететін саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Ауданымызда 579 шаруа қожалығы, 21 ауылшаруашылығы кооперативі және 1 ЖШС ауылшаруашылығының дамуына өз үлестерін қосып отыр. Осы жылдың 1 қазанына ауданның барлық меншік түріндегі шаруашылықтарында мүйізді ірі қара — 49248 бас, қой-ешкі — 122644 бас, жылқы  34 138 бас, түйе — 13040 бас болып, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда ірі мүйізді қара — 107,2 %, қой-ешкі — 101%, жылқы — 110,4%, түйе — 101,2 % өсімді құрап отыр. 2021 жылдың 1 қазанына 7178,6 тонна ет (тірілей салмақта), 12340,6 тонна сүт, 404,1 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 108,0%, сүт өндіру 102, 2%, жұмыртқа өндіру 100,9 % өсімді құрады.

Үстіміздегі жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы аудан бойынша 12 трактор, 36 мал азығын дайындайтын техника сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасымен 27 ауылшаруашылығы құрылымдары, 542 бас мүйізді ірі қара сатып алса, бүгінгі күнге 6 ауылшаруашылық тауар өндірушілері аталған бағдарлама аясында 1200 бас қой сатып алды. Мал шаруашылығын асылдандыру бойынша да жүйелі жұмыстар бар.  Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде Ақтоғай ауылдық округіне қарасты «Асылхан» ШҚ құны 110,0 млн теңгеге Ресейден 200 бас асыл тұқымды «Ақбас» аналық сиырларын, Шалқар ауылдық округіне қарасты «Ерлат» ШҚ Қостанай облысынан 30,0 млн теңгеге 50 бас «герефорд» асыл  тұқымды мүйізді ірі қара малын сатып алды. Алда да мың басқа дейін асыл тұқымды мал басын алуды көздеп, несие құжаттарын әзірлеп, қаражатын күтіп отырған қожалықтар бар, — деді  бөлім басшысы.

Жыл сайын суармалы егістіктерді ұлғайту жұмыстары қолға алынып, осы жылы аудан бойынша 153,1 га. картоп, 244,6 га. көкөніс өнімдері, 162,3 га. жерге бақша өнімдері егіліп, картоптан 1990,3 тн. көкөніс дақылдарынан 3742,3 тн. және бақша дақылдарынан 2678 тн. өнім жиналған.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауылшаруашылығы еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, өлкенің негізгі кәсібін өркендетуге қосқан еңбектеріне табыс тіледі. Кейінгі жылдары сезіле бастаған қуаңшылық салдары мал шаруашылығын ілгерілетуге айтарлықтай әсері болғандығын айтып, осы уақытша кезеңге ауылдағы ағайынның қамсыз болмауын, бұл тұрғыда жергілікті биліктің де жоспарсыз емес  екендігін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдардың экономикалық даму бағытына жоспарлаған міндеттері аясында алда ауданымызда атқарылатын жұмыстар жайы айтылды.

Сахна төріне өлкемізде ата кәсіпті дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары шақырылып, аудан басшысының қолынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар алды. Әсем ән мен жырға ұласқан шараның бел ортасында «Қымызмұрындық» байқауының қорытындысы жарияланып, жүлделері тапсырылды. Байқау нәтижесінде ІІІ орынға Есет Көтібарұлы ауылдық округінен келген  Салтанат Рахманованың, ІІ орынға Кішіқұм ауылдық округінен Аслан Ажмұратов пен Қалдыгүл Төреханованың баптаған қымыздары лайықты деп танылды. І орынды Шетырғыз ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Жұмағалиев есімді азамат жеңіп алды. Қайрат осыған дейін де түрлі деңгейдегі «Қымызмұрындық» байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Бүгінде он бие сауатын жігіттің айтуынша, құнан, бесті, дөнен, т.б. болып қымыздың жасалуы да әр түрге бөлінеді. Мына байқауға ол қысыр қымызын әкеліп, әділқазылардың оң шешіміне ие болыпты.  Қымыз дайындаудан он жылдан астам тәжірибесі бар Қайраттың сөзінше, қысыр қымызы қолда тұрған биенің сүтінен әзірленеді.

Осы шарада сөз алған ауылшаруашылығы саласының ардагері Өмірзақ Жұмабаев мал басының жыл өткен сайын өлкемізде көбейіп келе жатқандығын тілге тиек етіп, бұл жалпы халықтың, оның ішінде ауылдағы ағайынның әл-ауқатының артқаны деп шаруалардың еңбегіне табыс тіледі. Ардагер Қуанышбай Мұздақов Шалқардың Ұлықұмы мен Кіші құмының бойы небір қаһарлы қыстарда төрт түлікке пана болған, сондықтан мезгілімен өрістерді өзгертіп, қыстақтарды тиімді пайдалану керек деген  ұсынысын жеткізді.

Шаруалардың басы қосылған шырайлы шарада айтылған ұсыныс, тілектердің түп төркінінен ата-кәсіпке адалдықтың, дала төсінен ырзық тергендерге ыстық ықыластың лебі есіп тұрды…

 Мұхтар МЫРЗАЛИН.