«ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН!» БАЙҚАУЫНЫҢ АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған міндеттерді іске асыру мақсатында «Nur Otan» партиясы «Qazaq Epos» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық кезеңі өтті.

Аудандық байқауға қатысушылар «Ер Едіге» эпостық жырын жатқа айтудан сынға түсті. Аталмыш  байқауға 29 мектептен 70 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Аудандық мәслихат депутаты, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары Әлия Оспанова  сөз сөйлеп, сайысқа қатысқан оқушыларға және тәлімгерлерге жылы лебізін білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша Б.Сүлейменов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Қалзия Қалыбаева І орынды жеңіп, 150 мың теңгелік Сертификатпен марапатталды. Жүлделі ІІ орын және 100 мың теңгелік Сертификат №8 орта мектебінің 10-сынып оқушысы  Элеонора Шалқарбайқызына берілсе, ІІІ орын мен 50 мың теңгелік Сертификатқа Б.Сүлейменов атындағы  орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айзере Әкімбаева ие болды.

Жүлделі орын алған оқушылар аталған байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

«Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы.