ЕРСАЙЫННЫҢ ЕЛГЕ КӨМЕГІ

Мал шаруашылығын кәсіп еткен ағайынға қысқы жем-шөп қорын әзірлеудің шаруасы қашанда шаш етектен. Қазір бұрынғыдай орақ пен шалғы ұстап, маялап шөп жинап, қолға күш салатын кезең емес. Оның сыртында таяу жерден шөбі шүйгін, шалымды шабындық табу тағы қиын. Ауылдағы ағайынның арасында шөбі құнарлы шабындықтар да соңғы кезде селдіреп барады дейтіндер бар. Қалай айтсақ та, шөп шабу үлкен қажырлы күшті талап ететін — нағыз еңбектің майданы. Шұрайлы жерде ұйысқан мал қорегін баудай түсіріп, қораңа жеткізіп алғанға дейінгі маңдай тер ақысының аспандауына да осындай негіздер себепші.
Күннің аптап ыстығында далалықта дамыл көрмейтін науқанды істен нәпақа тауып, ауылдастарын шөппен қамтамасыз етіп жүргендердің бірі — байқадамдық Ерсайын Төремұратов. Өзі ел тәуелсіздігінің құрдасы һәм бір үйдің үміт артқан кенжесі екен. Әкесі Құсайын кеңшар кезінен жүк көлігін тізгіндеп, техника тіліне машықтанған маман. Анасы Насиха ауылдағы балабақшадан зейнеткерлікке шығыпты. Еңбектен еш ажырамайтын ауыл тірлігін көріп есейген бала орта мектепті тәмамдаған соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен көлік және көліктік техника мамандығын алып шығады. Сәби кезінен үй іргесінен естілген әке көлігінің гүрілі есейе келе өзін де осы жолға әуестендіреді. Бүгінде туған жерден шаруашылығын тіктеуге бекінген Ерсайынның техникаға қызығушылығы басым. Өзіне тиесілі көліктердің ақаусыз жүріп-тұруына әрдайым әкесі екеуі жауапты.
Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Бағдат» шаруа қожалығы қазір осы Ерекеңнің иелігінде. Ондағы күнделікті тірлігі бірді-екілі малды былай қойғанда, жер аяғы кеңісімен шөп шабу науқанына сақадай сайлану — ол үшін ең жауапты кезең. Округ орталығынан 55 шақырымдағы «Құмшоқат», 74 шақырымдағы «Ақсай» секілді қожалыққа қарасты шабындықтардан ала жаздай шөп шауып, таситын техникалары мен қосалқы құрылғыларының саны жыл санап артып келеді. Қазір иелігінде екі жүк көлігі, үш трактор, екі тіркеме, екі шөп тайлағыш, бір орама пресі бар.Өткен жылы «Қазагроқаржы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы арқылы лизингке бір трактор мен орама пресін алған.
Бүгінде ауылдарда қарулы техникалардың қатары азайған, болғанның өзінде оны жөндеп күтіп ұстауға әркімнің ебі келе бермейді. Сондықтан да мүмкіндігі бар іргелі шаруа қожалықтардың ісіндегі ыждағаттылығы мен қайырымы қарапайым тұрғындарға үлкен жәрдем болып тұр. Бұл ретте Ерсайынды бөле-жара тілге тиек етуімізге оның ауылдастарына шөптен бірер жыл бойы қарасып, қолы қысқаны демеп жүретін ізеттілігі мысал. Биылдың өзінде ол бес отбасының ауласына тегін шөп түсіріп, азаматтық жасапты.
Ерсайын Құсайынұлы жастар арасында ұйымдастырылатын түрлі деңгейдегі семинарлар мен форумдарға да белсене атсалысатын жастардың бірі. Өзінің алға қойған мақсаттары да көп. Оның алғашқы легінде туған жердің игілігі үшін еңбек етіп, ата-ана сенімін ақтап, шаңырақтағы ұл деген атқа лайық болу екенін де жасырмайды.
Байқадам ауылында шөп шабуды кәсіп еткен өзге де шаруалар бар. Ауыл әкімшілігінің мәліметінше, алдағы қысқа округке қарасты шаруа қожалықтары жем-шөппен толық қамтылған. Мал азығын дайындауға белгіленген тапсырма артығымен орындалып, бүгінде ауыл бойынша 26 мың тонна шөп қоры жасақталыпты.
Ал, аудан бойынша да қысқа шөп дайындау жұмысы биыл 101 пайыз артығымен орындалғанын, жалпы 269 мың тонна шөп қоры бар екенін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі растайды. Сондай-ақ соңғы жылдары өлке бойынша ауыл шаруашылығы техникалары паркі де жаңарған. Шаруа иелері жыл басынан бері «Қазагроқаржы» АҚ облыстық филиалы арқылы лизингке су жаңа тоғыз трактор әкелген. Бұл қадам алда да жалғасын таба бермек.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.