Кішіқұмдықтар мал басын арттырмақ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатының артуына айрықша назар аударды. Жеті бағытты алдымызға мақсат етіп, айқындап берді.
Осы міндеттерді Кішіқұм ауылдық округі әкімі аппараты алға қойып, ауыл әлеуетін көтеру мақсатында жұмыстар атқарып келеді. Округке Шілікті, Қарашоқат, Ақеспе, Шоқысу елді мекендері қарайды, ондағы жалпы халық саны 2023 адам.
Өткен жыл да ауылымыз үшін жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасаған жыл болды. Осыған дейінгі Жолдаулардан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген  жұмыстардың нәтижесінде округ экономикасы тұрақты дамып, ауыл бюджетінің кіріс бөлігі көбейді.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша айқындалған тапсырмаларды орындауда еліміздің, оның ішінде ауылдық жерлерді көркейту, жаңғырту, экономикасын көтеру мақсатында да көптеген игі істер атқарылуда. Ауыл тұрғындары кәсіптерін, мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиелерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Сапақ» және «Бедер» шаруа қожалықтары 24 млн. теңгеге жуық несие алып өз кәсіптерін дамытуда. «Еңбек» бағдарламасы арқылы «Жармағанбет» шаруа қожалығы 4 млн. теңге несие алды. 21 шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып несие алуға құжаттар дайындауда, техника жаңарту бағытында 2 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Шаруа қожалықтары тұқымдық түрлендіру бағытында биыл 22 бас асыл тұқымды бұқалар алдырып, табындарына қосты. Мал бордақылау пункттеріне ағымдағы жылы 97 бас бұқашық тапсырылып, жұмыстары жалғасуда.
Округте қазіргі таңда 4549 бас мүйізді ірі қара, 9170 бас қой-ешкі, 2345 бас жылқы, 1535 бас түйе бар, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сәйкесінше, 107,0, 103,0, 105,0, 101,0 пайызды құрап отыр. Бізге мал азығын дайындауға берілген 2 айлық тапсырма 23000 тонна шөп дайындалып, 100 пайызға орындалды. Округ бойынша 59 кәсіпкерлік субъектісі, 43 шаруа қожалығы, 15 жеке кәсіпкер, 1 ауылшаруашылық кооперативі тіркеліп, оларда 104 адам жұмыс істейді.
Мемлекетіміздің қолдауымен төтенше жағдай кезінде жұмыссыз азаматтарымызға қолдау көрсету мақсатында 30 жұмыссыз тұрғын республикалық бюджеттен ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Сонымен қатар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қаржылай және «Біз біргеміз!» акциясы аясында көмектер көрсетілді. Округ бойынша карантин кезінде 1045000 теңгеге қайырымдылық көмегі көрсетілді. Округте 3 орта мектепте 453 оқушы, Шоқысу стансасында бала санының көбеюіне байланысты Шоқысу негізгі орта мектебі биылғы оқу жылында орта мектеп болып ауыстырылды. «Құралай», «Бәйшешек» бөбекжай-бақшаларында 70 бала тәрбиеленуде.
Округіміз жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға байланысты 4 деңгейлі бюджет түріне көшті. Жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетіне 70112 мың теңге қаражат берілді. Оның ішінде округ әкімі аппараты әкім-шілігінің қызметін қамтамасыз етуге 21700 мың теңге, бөбекжай-бақшаларына 45332 мың теңге, елді мекендерді абаттандыруға, жарықтандыруға, санитариясын қамтамасыз етуге 1380 мың теңге қаражат қаралды. Жалпы 66116,7 мың теңге қаражат берілді.
Алға қойған міндеттер мен жоспарларымыз көп. Соның бастыларына мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып мал шаруашылығын дамыту және жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және т.б. жатады.
Мал шаруашылығының жалпы көлеміндегі ұйымдастырылған шаруашылықтардағы мүйізді ірі қара және мүйізді ұсақ қара мал басының үлесін арттыру (жыл сайын кемінде 2-2,5%), асыл тұқымды мал шаруашылықтарын ұйымдастыру, қой, жылқы және түйе шаруашылықтарын дамыту да ауыл үшін алдағы күндердің еншісінен қалдырылған ортақ істеріміз.

Құрышбек Қазбеков,
Кішіқұм ауылдық округінің әкімі.