АУЫЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ КӨМЕГІ

Жұдырықтай жұмылып, біріксек қандай да қиындықты еңсеруге болатыны айдан анық. Қиын сәттерде адамдардың да бір-біріне деген мейірімі артып, жанашырлық сезімі оянары сөзсіз. Бұған елімізде індет өрті тұтанған күннен бастап көзіміз жете түсті. Мәселен, жер-жерде өткізіліп жатқан сансыз қайырымдылық шаралар да осыған дәлел.

Бозой ауылындағы «Бірлік» еріктілер тобы мен жергілікті азаматтар «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде 1 454 000 теңге қаражат жиналып, оған Бозой дәрігерлік амбулаториясына 3 дана «Бобров» тыныс алу аппараты, 5 дана пульсоксиметр құрылғысы, 1 дана жылудидар (тепловизор), 3 дана шынтақ тазартқыш (локтевой санитайзер), бір рет қолданылатын 400 дана бетперде мен 500 дана қолғап, 20 литр антисептик, 3 дана дезинфекциялық төсеніш, 5 дана кварц жарығы, 10 данаданқорғаныс қалқаны, матрас, төсек жапқыштар мен жастықтар, 1 дана жылжымалы салқындатқыш, жанармайы бар 2 дана оттегі баллоны алынып, берілді.
— Бұл індет бұрын соңды әлем елдерінің басына ешқашан төнбеген ауыртпалықты алып келді. Оның ішінде қашаннан да қоғам алдында жауапкершілігі мол, адамзат өмірінің арашасысы ақ халатты абзал жандарға да үлкен сынақ болды. Бір жағынан қоғамның ширығуына да, неден ақсап тұрғанымызды білуге де үлкен сеп болды. Халқымызда «Көп түкірсе көл» деген сөз бар. Шалғайда орын тепкен біздің ауылға да қайырымдылық шараларының шапағаты жетіп жатқанына бозойлықтар қуанышты.
Осы іске мұрындық болған азаматтарға алғысым шексіз. Ауырмайық, басты байлықтың бүтіндігін бағалап, бір-бірімізге жанашыр болайық. Елімізде жаппай жарияланған төтенше жағдай талаптары — баршамыздың болашағымыздың саулығын көздейтінін ұмытпайық. Біздің ауыл аудан орталығынан жырақта орналасқан. Бұнда үлкен кәсіпорындар жұмыс істейді, оған сырттан келетін жұмысшылар бар, яғни келім-кетім көп. Сондықтан сақтық шараларын басты назарға алып, тұрғындарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз,— дейді бозойлық аға дәрігер Шалқарбай Қаржау.
Иә, біріксек алынбайтын қамал жоқ. Қайырымдылық істерден қалыс қалмайтын азаматтар барда біз әлі де сансыз жақсылықтардың куәсі бола бермекпіз. Лайым, баршамызды сондай сәттерді көруге нәсіп етсін!

Нұргүл СЕРҒАЛИЕВА,
белсенді жас.