Тәрбие—отбасынан басталады

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан—2050» стратегиясы атты Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік ұстанымын ұстануы тиіс. Дамыған қоғамда тәртіп пен жинақылық ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз — ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі-қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің мәні мен сәніне селкеу түсіреді», деген еді.
Қоғам үшін қауіпті адам, ол — қылмыскер. Қылмысқа жақын кісі, өзінің жеке басының мақсатын іске асыруды көздеп жүреді. Ол сол жолда тіпті ештенеден тайынбайды. Біреуді жәбiрлейді, әлдебіреудің қанын төгеді, тонайды, ұрлық жасайды, бопсалаумен айналысады. Бұл ретте қылмыс табиғатын, мәнін түсіну қиынға соғады. Сондықтан да ол заң тұрғысынан алғанда әрқашанда жеке іс ретінде қаралады. Себебі әр қылмыстың себеп-салдары, нәтижесі, тіпті көздеген мақсаты да бір-біріне ұқсамасы белгілі. Қылмыс табиғатының астында көп себеп бар — кек алу, өшпенділік, есе қайтару, пайда табу, тағысын тағылар. Абайсызда жасалатын қылмыстар да болады. Құлағымыз үйреніп қалған қылмыстық жаңалықтардың ішінде жасы кәмелетке толмағандардың бар болуын қалай түсінуге болады? Жалпы, мұндай балалар бесіктен белі шықпай жатып қылмысқа қалай барады? Әлдебіреулердің ықпалына, азғыруына түсіп қала ма, ол жағын бір жақты ұғыну да оңай емес.
Баланың ақ адал көңілі қылмыс атаулыдан жырақ болуы тиіс еді ғой, әлде қоғам, ата-ана, мектеп баланың тәрбиесіне жіті мән бермей отыр ма? Бір қарағанда, әр баланың өмірі әртүрлі жағдайда өтеді. Әлеуметтік қиындығы бар отбасының баласы мен төрт түлігі сай отбасындағы баланың мінезін, өмірге деген көзқарасын салыстыруға мүлде келмейді. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген сөз бекер айтылмаған болар. Отбасылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік баланың тағдырына, тіпті ойлау жүйесіне де әсер етеді. Бала айналаға қарап өседі. Өзінің құрбы құрдастарына қарап еліктейді. Біреу бай болып, өзі кедей болса жан дүниесі қалай құлазымасын? Баланың не себепті тура жолдан тайып, қылмыс әлеміне еніп кететінін кім біледі? «Ақша», «байлық» дейтін түсініктер-дің дәуірі жүріп тұрған заманда, жақсы тұрмыс, қалың қалта баланың да ойына кіріп-шықпай ма? Оның үстіне, жұмысбасты болып кеткен ата-ананың да баласының өмірін қадағалайтын мүмкіндіктері жоқ. Балалардың ермегі болатын дұрыс нәрселер азайып кетті. Бала бүгінде ермекті өзі тауып алатын болды. Көшеге шығады, өзі сияқты бос жүргендермен жолығысады. Ақшасы болса, ойын залдарына барып уақыт өткізеді. Ақшалары болмаса, бірігіп не істейтіндерін ойластыра бастайды. Дос-жарандар бір жерге шақырады. Олардан қалмауға тырысып, сол қатарда абыройлы, беделді болуы үшін не істемейді?! Топтың айтқанымен, солардың меңзеуімен жүріп-тұруына тура келеді. Көше заңы басқа заңдарға, түсінік-пайымдарға қарағанда қаталдау ма дерсің… Ол әлсіздерді кешірмейді. Барлығын бір ортақ ұғымға, түсінік-терге ұйыстырады. «Баланы көше тәрбиелейді» деген сөзді жиі естиміз . Бұл дұрыс. Өйткені бүгінгі бала, шын мәнінде, өз өмірімен жеке қалып отыр. Түске дейін мектепте болса, түстен кейін өз еркі — өзінде. Үйінде қарайтын біреу болса жақсы, болмаса, ол жағы да қиындау. Балалық кезеңде адам баласы қашанда бір нәрсені көргісі келіп, бір нәрсені білгісі келіп тұрмаушы ма еді?! Мұндай шақ кез келген бала үшін сын сағатына айналады. Аяғын шалыс басса, қылмыс жасап қойып, заң алдында жауап беруі де ғажап емес. Жастайынан қылмыскер атанып, темір тордың ар жағында отырғандар аз ба? Олардың тағдыры мен өмірі не себепті солай болды? Ойланатын мәселе. Солардың арасында айналаға қатыгездік көзбен қарайтындары да жоқ емес. Қылмысын жасады, жазасын алды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың туындау себебін қоғамдық жағдайлардан, әлеуметтік себеп-салдардан, тәрбиелік жұмыстардың әлсіздігінен көруге болатын шығар. Дегенмен бұл бағытта көп жұмыстар атқарылады. Тәрбие беріледі, қылмыстың алдын алу шаралары, түсіндірме жұмыстары жүр-гізіледі. Оның бәрі қылмыстың аз болуына ықпал жасайтыны рас. Бірақ қылмыстың болуын түбегейлі жойып жібере алмайды. Неге? Өйткені жасы кәмелетке толмаған баланың өмірге деген көзқарасы қалыптаспаған. Ол әлі ненің жақсы, ненің жаман екенін де ажыратып үлгермеген. Турасын айтқанда, олардың кейбіреуіне айтылған ақыл бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді. Себебі, ол сондай кезеңді басынан өткеруде. Сол сияқты баланың өмірі қоғамның назарынан тыс қалған уақытта, баланың басына не кіріп шықпайды? Ғаламтор бола ма, әлде басқа да нәрселер бола ма, баланың табиғатына көп әсерін тигізуде. Кеңестік кезеңде «Аула клубтары» деген болды. Ол балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін жоспарланатын. Қазір ондай орталықтар жоқтың қасы.
Кәмелетке толмағандардың өмірі мектеп өмірімен тығыз байланыста. Мектеп — әлеуметтік ортаның бір бөлігі. Бүгінде мектептерде не болмай жатыр? Оқушылар арасындағы төбелес те, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы дүрдараздық та мектептегі жағдайлардан хабар береді. Оқушылардың бірін-бірі пышақтап кетуі, тапа-тал түсте оқ жаудыруы–ойлантарлық мәселе. «Олардың қолына суық қару қалай түсіп жүр, мұны бақылауда ұстауы тиіс органдар қайда» деген сауалдар туындайды. Қазіргі таңда мектептерге бір-бір инспектордан бөлініп жатады . Құптарлық жайт. Бірақ та инспектордың назарынан тыс қаншама дүниелер жасалуы мүмкін. Бір инспектор бір мектепке жете ме? Мың сан оқушыны ол күндіз-түні жұмыс істесе де, бақылауында ұстай алмасы анық. Әйтеуір инспектордың мектеп өміріне атсалысып жүргенінің өзі біраз қылмыстың болдырмауына сеп болары ақиқат. Баланың тағдыры, баланың психологиясы бір қалыпты емес. Ол азғыруға көп ұшырайды. Бір өзі шешім қабылдап қылмысқа барған баланы аз жолықтырасың. Олар қылмысқа көбінде топ болып барады екен. Кім топтан бөлінгісі келер дейсің?! Бірен-сараны болмаса, балалардың біраз бөлігі үшін өз араларындағы абырой беделі бәрінен жоғары болмақ. Сол жолда ол неге болса да баруға дайын тұруы мүмкін. Қылмыстың шеті осы жерден басталады. Бұл күнде көп кездесетін қылмыстардың ішінде мүліктік қылмыс, қарақшылық тәрізді қылмыстар аталады. Күнделікті көріп жүргеніміз — оқушылардың қолындағы ұялы телефондардың әртүрлі болып келетіндігі. Жағдайы жақсы бай баласы қымбат ұялы телефон ұстайды. Ал материалдық жағдайы одан төмен отбасының баласы ұялы телефонның арзанын ұстайды. Осындай теңсіздіктер қылмыстық себептерді туындатады..
Әлеуметтік қиындықтар,баланың басына түсетін психологиялық дағдарыстар, түрлі себептер баланы қылмыс жасауға итермелейді. Әрбір баланы оған әсер ететін топтың ықпалынан қалай құтқарамыз? Кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізудің оңтайлы шаралары ойластырылып, мемлекеттік деңгейден көңіл бөлінуі тиіс. Әйтпесе, қылмыс әлеміне бір кірген бала оның есігін қайта ашуы әбден мүмкін. Еліміздің әр баласы — мемлекетіміздің болашағы. Олардың тәрбиесіне, өміріне мән беріп, немен айналысатындығына, кімдермен байланыста екендігіне, бос уақытын қалай өткізетіндігіне назар аударуы керек. Балалардың өміріне қатысты барлық жағдай елеусіз қалмауы керек. Өйткені баланың өмірі мен тағдыры бәрінен қымбат. Оның қалыптасуына, өмірде дұрыс адам болып өсуіне қоғам болып, мемлекет болып көмектесуіміз қажет. Осыдан келіп барлық жұмыстарға мазмұндық һәм сапалық өзгерістер ауадай қажет.
Ең бастысы, кез келген баланы қылмыс әлемінен алшақтатудың, соның құрығынан құтқарудың жолдарын табуымыз керек.

Д.ҮРКІМБАЕВ,
Шалқар ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары.