АРУ АЛҒЫСҚА БӨЛЕНІП ЖҮР

Жаһанды жайлаған індет кезінде науқастарды емдеуде дәрігерлер бір сәт те тынған емес. Ауданымыздағы ақ халат киген абзал жандардың қатарына биыл қосылған жас маман — Ару Қуанышбекқызы да осы қиын сәттерді бастан өткерді. Ол облыс орталығындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлегі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Шалқардағы ауруханада дәрігер-терапевт болып жұмыс істейтін Ару Құлмағанбет аты әйгілі індет салдарымен күресуде көптеген қиыншылықтар көрсе де «бұл өзім таңдаған мамандықтың қыр-сырын жете түсінуіме үлкен сабақ болды», — деп есептейді.
—Бұл дерт жас талғамайды. Вирустық пневмония – жүрек, қант диабеті және психикалық аурулармен ауыратын, сондай-ақ, уақытында медициналық көмекке жүгінбейтін адамдар үшін қиын, әрі емделу процесі ұзақ. Осы індет басталғаннан онымен күресуде біраз ауыртпалықтар кездесті. Өйткені, дәрігерлер де науқастар қатарына ілікті. Уақыт өте бұл індетке тойтарыс беруге болатынын түсіндік. Жергілікті әкімшіліктің қолдауымен берілген қорғаныс құрылғыларында ешқандай кемшіліктер болмады. Тыныс алу аппараттары мен дәрі-дәрмектер толық жеткізіліп тұрды.
Осындай үйлесімділік пен тынымсыз еңбектің арқасында қазір ауруханаға түсетін науқастар саны азайды. Емделушілердің дерттен сауығып, көтеріңкі көңіл-күймен ауруханадан шығып бара жатқанын көру — дәрігерлер үшін үлкен қуаныш екенін сезіндім. Бұл дерттің әлем бойынша нақты емін әзірге дөп басып ешкім айта қойған жоқ. Адамзат баласына қойылған талап біреу ғана, ол — өзіңді оқшаулау, көпшілікпен ара-қатынасты уақытша тыю, — дейді Ару Қуанышбекқызы.
Дәрігерлер көтеріңкі көңілімен, жылы сөзімен де алдына келген адамның дертін жазады, дейтін бұрынғылар. Осы сөздің растығына Ару Қуанышбекқызымен ауруханадағы ем алушылар арасындағы жарасымды қарым-қатынасты көргенде көзіміз жете түсті.
Өз қызметіне адал болуды мақсат еткен Арудың алда да талай жанның алғысына бөлене беретініне шүбәсіз сендім.

Нұргүл СЕРҒАЛИЕВА, Шалқар қаласы.