ОБЛЫС ӘКІМІ АУДАНЫМЫЗДА БОЛДЫ

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, алдымен Шалқар ауылдық округінің орталығында орналас-қан «Қазин» ЖК жылыжайының жұмысымен танысты. Құм үстінен жасыл желек жайқалтқан жылыжай иесі Нағашыбай Қазин қолға алған кәсібі тұрғысындағы жоспар-міндеттерін аймақ басшысына баяндап, өнімдеріне жергілікті тұрғындардан сұраныс жоғары екендігін жеткізді.

Жылына екі рет, әр маусым сайын 2-3 тонна өнім алатын шаруашылық қазіргі таңда қияр, пияз, дәмдеуіш жапырақтарын өсіруде. Кәсіпкер өнімдерін аудан орталығындағы сауда дүкендеріне қолжетімді бағамен сатады. Бүгінде бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бұдан соң аудан орталығындағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан №6 орта мектептегі жұмыс барысымен танысқан облыс басшысы жөндеуді мойнына алған мердігер компания «Абзиком» ЖШС өкілдеріне жұмыстарын тиянақты атқаруды тапсырды. «BIZ BIRGEMIZ» акциясы аясында аталған мектеп түлектерінің тарту еткен жылыжайына да бас сұғып, жақсы бастаманы қуаттады, мектеп ғимараты жанындағы ҰОС ардагерлеріне қойылған есткерткіш тақтаға гүлдестесін қойып, тағзым етті.
Осы жылдың көктемінде іске қосылған «Шалқар Premium-2» минералды су құю зауытының жұмыс барысын көрген облыс басшысы кәсіпорын иесінен өнімнің өтуі мен сапалық жайын сұрады. Зауыт басшысының кеңесшісі Бердібек Шәкірбекұлының айтуынша, минералды су өндіретін зауыт сонау 1918 жылы іске қосылған. Алайда көп жылдар жұмысы тоқтап қалған. Соңғы жылдары зауыт жұмысы қайта жанданып, биылғы жылы тағы бір цехы ашылған. Бұл жерде шыны бөтелкедегі газдалмаған және газдалған су шығады. Келер жылы кәсіпорын «Таң» деп аталатын қымыз қосылған сусын шығаруды жоспарлап отыр. Инвестиция құны — 540 млн. теңге. Жылдық қуаты — 10 млн. құты. Оны ел аумағына және көршілес Ресейге сатуға шығармақ.

«Жасыл қала» ЖШС құрылтайшыларының қаржысы есебінен ашылған «Талап» мал сою және ет өңдеу цехының жұмысы да өңір басшысының назарына ұсынылды. Кәсіпкер Шыңғыс Мусин аудан орталығында орын тепкен цехта күніне 4-5 ірі қара сойылатындығын, ал айына 4 тонна жартылай фабрикат өнімдері (тұшпара, манты, фрикадельки) әзірленетіндігін жеткізді. Алда сыртқа да осы өнімдерді сату жоспарларында бар. 2011 жылы ашылған цехқа серіктестік «СПК Батыс Қарғалы» ЖШС-нан бес жылға 8,5 млн. теңге несие алып, Белоруссия, Ресей елдерінен қажетті құрал-жабдықтар әкеліп қондырған. Өткен жылы мұнда 1468 бас жылқы, сиыр, түйе малы сойылып, 207,3 тонна ет дайындалған. Цех бір күнде 1,2 тонна ет өңдейді.
Оңдасын Сейілұлы цех жұмысын үлкейту мақсатында қолға алынған қосымша құрылыс жұмыстарын да көрді. Осы ғимарат алдына тігілген киіз үй ішіне ауылшаруашылығы өнімдері қойылған. Қаз, тауық, күркетауық, зааненский ешкісі, қоян, цесарка құсын өсіру сынды шаруашылықты қолға алған кәсіпкерлер де осы жерден табылып,әкіммен тілдесті. Жалпы ауылшаруашылығы бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды аймақ басшысына тиісті мамандар мәлім етті.
Жеке кәсіпкер Нұрбек Мұхамбеталин ие-лігіндегі кір сабын өндіретін цехының жұмысын облыс әкіміне таныстырып, өнім көлемі мен алдағы жоспарын баяндады. Өз қаржысына шаруашылыққа қажетті өнімді шығаратын цех ашып, бүгінде күніне 400-420 дана сабын шығарып отыр. Аудандағы сауда орталықтары мен дүкендерге өз өнімін сатып отырған кәсіпкер алдағы уақытта цех көлемін кеңейтіп, тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Қазір бұл жерде екі адам тұрақты жұмыс жасайды.
—Өткен жылғы қараша айынан бастап жұмыс жасаудамыз. Кір сабын шығару үшін шикізатты Қостанай және Қарағанды облысынан тапсырыспен алдырамыз. Сабын шығаруға арналған құрылғыны 3 миллион теңгеге өз қаржыма сатып алдым. Мүмкіндік болса, алдағы уақытта тағы бір құрылғы алып, иіс сабын шығаруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, 300 грамдық кір сабынды — 100, ал 200 грамдық кір сабынды 70 теңгеден сатамыз. Айына шамамен 10-15 мың сабын өндіруге мүмкіндік бар, — дейді цех иесі.
Аймақ басшысы бұдан соң қаладағы «Tuz-Em» тұз шахтасы емдеу, «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталықтарына ат басын тіреді.
«Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығының төрағасы, І топ мүгедегі Ерлан Алдашев облыс әкіміне бүгінде ауданда  мүмкіндігі шектеулі 1200 адам бар екенін, қазіргі таңда орталықта электроника жөндеу кабинеті, массаж және тігін бөлмелері, инватакси қызметі жұмыс жасайтынын, барлығы 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отырғанын жеткізді.
Ерлан Алдашев орталықта инватакси қызметін дамыту үшін екі автокөлік аздық ететінін айтып, облыс басшысынан қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ ауданға иппотерапия орталығы қажет екенін де атап өтті.
— Бүгінгі таңда аудандарда иппотерапия орталығын ашуға мүмкіндік те, сұраныс та бар. Оның ішінде Шалқар ауданында осындай орталық ашылса, мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен қолдау болар еді. Бұл жөнінде ұсыныс беріңіздер, біз қолдан келгенше көмектесеміз, — деді Оңдасын Оразалин.
Көл жағасында бау-бақша өнімдерін егумен шұғылданатын жеке кәсіпкер Жанболат Садықовтың еңбегін бағалаған аймақ басшысы, осы кәсіпте көпке үлгі болып, белсенділік танытып жүрген ардагерлерге де айрықша алғысын білдірді.
Облыс әкімінің алдында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев: «Егде жастағы адамдардың еңбектен қол үзбей, табиғат берген ризық – іргеміздегі көл суын пайдаланып, ала жаздай көкөніс егіп баптау — игі іс һәм жастарға үлгі», — деді.
Бүгінгі күні Шалқар көлі жанында 40-қа жуық еңбек ардагерлері өздеріне он сотықтан жер алып, бау-бақша өнімдерін егуде. Қазір Шалқар көлі аумағында 9 шаруа қожалығы, 2 ауылшаруашылық кооперативі, 8 жеке кәсіпкер бау-бақша егумен айналысады. Олар аудан халқын картоп, көкөніс және бақша дақылдарымен қамтамасыз етіп отыр. Атап айтсақ, биыл  29,1 гектарға картоп, 39,9 гектарға көкөніс өнімдері және 23,5 гектар жерге бақша дақылдары егілген.

Облыс әкімі ауданымызға жасаған жұмыс сапары барысында қаланың орталық көшелеріндегі автокөлік жолдарына жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты.
Бірқатар нысандарды аралап, аудандағы ілкімді істерді бағамдаған Оңдасын Сейілұлы аудан әкімі Бауыржан Қаниевке оң бағасын беріп, кәсіпті нәсіп еткен барша азаматтардың еңбектеріне табыс тіледі.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.