«ҚАРАМАШАҚ» МЕШІТІ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Елдегі ағайындардың шешіміне сәйкес бір топ азаматтар Ақтөбе қаласы Нұр-Сити мөлтек ауданындағы екі гектар жерге осы жылдың жазғытұрымынан бастап Қарамашақ бабаның мешітін салуды қолға алды, құрылысы жүріп жатыр. Әрине, бұл сауапты істен тарихты қадірлей білетін, ата-бабалардың ізгілікті де қиындыққа толы өмір жолдарын бағалай білетін кейінгі ұрпақтың шегініп қалмасы анық.
Тағы бір айтарымыз, ата-бабаларымыздың басынан өткен қилы кезеңдердегі оқиғалары ел арасында ауыздан-ауызға таралатыны белгілі. Осы тұста білікті ұстаз, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, көп жылдар Сексеуіл теміржол орта мектебін басқарған Кеуілқош Бисенбеков ағамыздың «Қарамашақтың (Төртқара) басынан кешірген оқиғалары» атты әңгімесін жариялауды жөн көрдік. Ол төмендегідей баяндалады:
Сол дәуірде Әлімнің алты баласының қонысы қазіргі Сырдария мен Амудария өзендерінің Тереңөзектен басталатын арналарынан төмен қарай орналасқан Іңкәрдария деп аталатын жерден басталған. Қыс айларында осы жерлерге қоныстанып, жаз айларында Ырғыз арқылы Жаманқалаға (қазіргі Орск) дейін қоныс аударып көшіп жүретін болатын. Өйткені, ол кезде малға қысқа қарай шөп дайындалмайды, қай жерде қар болмаса сол жерге қоныстанып отырған. Мал тек жыл бойына аяқтарымен жайылып шығулары керек. Яғни, көшпенділікпен өмір сүреді.
Қарамашақ отыздың үстіндегі жігіт ағасы екен. Қар еріп жатқан уақыт. Кезекті арқа жаққа көшу науқанының мерзімі келіп, Сырдарияның Аманөткел маңынан малдарын дариядан өткізіп жібереді. Өзі ертеңіне соңғы көшпен жүрмекші болады. Қарамашақ үйлерін, барлық дүние-мүлкін бірнеше түйеге артып жолға шығады. Өзі атқа мініп дарияның арғы бетіне шығып, көшке өте беріңдер деген тәртіп береді. Керуен өзен ортасына келгенде мұз ойылып кетіп, бүкіл қара орман түгелімен су түбіне кете барады. Ішіндегі әйелі, екі ер, бір қыз балалары және қасына еріп келе жатқан басқа да адамдары бірі қалмай өзен түбіне батып кетеді. Осының бәрін өз көзімен көріп тұрған Қарамашақ екі қолын көтеріп, бір Аллаға сыйынып, қайырын тілеп қала береді. Суға батып кеткендерді құтқаруға ешқандай да мүмкіндік болмайды. Бәрі де мұз астында қалады.
Жақын жерде ауыл бар екен. Олар да осы апатты көріп, тез арада осы жерге жинала қалады. Олардың да қолдарынан ештеңе келмейді. Бәрі де аяушылық білдіріп, қайғысына ортақтасып жатады.
Ауылында Оразалы деген қарт бар екен. Ол Қарамашақтың көңілін басу үшін үйіне қонаққа шақырады. Оған бармайды, сол жерде бір Алладан істің қайырын тілеп, айналшықтап жүре береді. Ауыл адамдары алма-кезек ішетін ас даярлап әкеліп тұрады. Ас қайдан батсын. Әкелінген тағамдардың рахатын қасындағы иті көреді. Сол күні Қарамашақ айнала теңселумен күнді батырады. Кешке де Оразалы үйіне шақырады, тағы да бармайды. Оразалы да Қарамашақтың қасында болады. Ауыл адамдарынан Қарамашақты қарауылдап тұруға кезекшілер қояды, Ашулы адам білместікпен бір нәрсеге ұрынып қалар деген оймен. Ертеңіне жоғарыдағы жағдайлардың бәрі қайталанады. Бірақ, бірде-бір шақырылған жерге бармай, сол жерде теңселіп жүре береді. Ауыл адамдары да судай теңселеді.
Қарамашақ екінші күні де далаға түнейді. Оразалы да қасында болып, қайғысына ортақтасып отырады. Жергілікті халықтар да екі күн күнімен-түнімен тігінен тік тұрып Қарамашаққа қызмет көрсетеді.
Қарамашақ екі түн ұйықтамай үшінші күн азанда сол жердегі өзіне қызмет көрсеткен жандардың бәрін жинап алып өзінің алғысын айтты. Оразалы ақсақалға ерекше ризашылығын білдіріп, жүзін арқа жаққа беріп, астындағы атымен басы ауған жаққа жүре береді. Оразалы бірнеше жігіттерді ұйымдастырып, артынан білдірмей барлау жасап, біраз жерге дейін шығарып салдырады.
Қарамашақ ат үстінде келе жатып бір Аллаға сыйынып, опат болғандардың қайырын тілеп, «Ендігі көрмегенім Сыр бойы болсын» дегенді қайта-қайта айтып келеді. Болған оқиғаның не түсі екенін, не өңі екенін айыра алмай келе жатады. Есі де кіресілі-шығасылы сияқты. Бір жерге барайын-ау деген де жоспар жоқ. Астындағы аты қалай жүрсе, қалай бұрылса да сол ыңғаймен жүре береді. Алдында кетіп бара жатқан малдарын да ойламайды. Сол самасау күйінде жүріп келеді, жүріп келеді…, Ауық-ауық «Ендігі көрмегенім сыр бойы болсын» дегенді қайталаумен келеді.
Қарамашақтың осындай қайғыға ұшырағанын әуелі ағасы Жаманақ есітеді. Содан кейін Әлімнің басқа балаларына хабарланады. Жаманақ бірден Ұланақты шақырып алып, бірнеше адам болып Қарамашақты іздеуге шығады. Оразалы ауылынан Қарамашақтың қалай қарай кеткенін сұрап алып, жүріп кетеді. Шеті Ырғыз жақта бір үлкен кісіге жолығып, іздеп келе жатқан адамның түр-түсін айтады. Ол қарт айтады: — Іздеп келе жатқан адамдарыңыз осыдан бірнеше күн бұрын осы жерге бір түнеп шықты, оны танимыз, ол кісі Қара-бұтақ жаққа қарай бет алып кетті, — дейді. Іздеушілер де сілтеген жаққа қарай жүре береді, бір кезде алдарынан бір ит үріп шығады. Ол ит қыңсылап Жаманақтың алдына түсіп бір ауылдың үстінен шығарады. Ит іздеушілерді Қарамашақ отырған үйге алып келеді. Бұл ауыл — Үсен ауылы деп аталады екен. Осы ауылдағы жасы үлкені де Үсен екен. Үйдің іші толған адам. Бұл Қарамашаққа қонақасы бергелі жатыр екен. Жаманақтар да осы қонақасының үстінен шығады. Бағанағы ит Қарамашақтың өз иті екен.
Болған жағдайды Жаманақ Қарамашақтың өз аузынан естіп қанығады. Жаманақ пен Ұланақ Қарамашақты ауылға кері алып қайту үшін барлық қолдарынан келген іс-әрекеттерді жасайды. Оған Қарамашақ көнбейді. «Көрмегенім Сыр бойы болсын» деп баяғы болған оқиғаларды есіне ала береді. Не де болса мен осы жақта боламын деп ақыры кері қайтуға көнбейді. Інісінің көнбесіне көзі жеткен Жаманақ Ұланаққа:
— Сен ауылға қайтып, мына тапсырмаларды орындайсың, — дейді.

  1. Ауылда Қампа деген жеңгеміз бар. Оны тездетіп осы жерге көшіртіп жібер. Қарамашақ осы жеңгесінің қолында тұра тұрады;
  2. Ауылдағы Әлім ұрпақтарынан әр үйден бір-екі керегеден, бірнеше уықтан алып, көп қанатты ағаш үйдің барлық қажетті жабдықтарын жинастырып, тездетіп осы жерге жеткіздір;
  3. Ауылда бірі 90-дағы, екіншісі 80-ге келген екі қарт бар, соларды ертіп, жақын ауылда Шалабай деген азамат бар, оның 15-16 жасқа келіп қалған Айжарқын атты қызын Қарамашаққа алып беруге құда түсесіздер. Мүмкіндігі болса қызды алып кету тойын сол жерде тездетіп жасатасыздар. Қалыңмал жағын мен өзім реттеймін.
  4. Ұланақ ауылға келіп Қампаны тездетіп көшіріп жібереді. Оның 17 жастағы ер баласы бар екен. Оған барған ауылының ақсақалдарына өтініш айтып, бір қыздарын алып үйлендіреді. Жаманақ пен Қарамашақ келінді болып, оның қолынан шай ішіп, бір шағын отбасына айналады

Жаманақтың екінші тапсырмасы да орындалады. Ауылда жаңа алты қанатты үй пайда болды. Бұлар да шағын ауылды елге ұқсап қалды. Ұланақ ауылдағы бірі тоқсанға, екіншісі сексенге келген екі ақсақалды ертіп Шалабай ауылына, оның Айжарқын атты қызына құда түсуге келеді. Шалабай да сол жердегі атағы бар азаматтың бірі екен, күйлі тұрады екен. Сол жердегі ақсақалдарды шақырып, құда түсушілерді қарсы алып, қонақасы береді. Соңынан қонақтардан келген бұйымдарын сұрайды. Тоқсанға келген қарт өз бұйымдарын айтады. Қарамашақтың басынан кешкен оқиғаларын бүге-шігесін қалдырмай баяндайды. Жаманақтың жіберуімен Айжарқын қыздарын Қарамашаққа алып беруге құда түсуге келгендіктерін айтады.
Қыздың шешесі Қарамашақтың жасының үлкендеу екенін, қызының жастау екенін айта бергенде осы сөзді тыңдап отырған Айжар-қын сырттан ішке жетіп келіп, өзіне сөз беруді сұрайды. Сонда әкесі қызына рұқсат беріпті. Айжарқын сөзін былай деп бастапты:
— Осыдан бірнеше күн бұрын түс көріп едім, түсімде үйдің қасына екі қанатын сабалап үлкен бір құс келіп қонды. Төрт арлан қасқыр екеуі екі қолымнан, екеуі екі аяғымнан тістеп жаңағы құстың үстіне сала бергенде құс мені алып ұшып бір аралға апарып қондырды. Сөйтіп жатқанда оянып кетіппін. Осы екі ақсақал келгелі менің жүрегім алып-ұшып тұр. Әке: Мен жат жұрттықпын ғой, мені мына бірі тоқсанға, екіншісі сексенге келген екі қартты ренжітпей Қарамашаққа ұзатсаңыз екен деймін. Осы жұмысты тездетіп бітіргендеріңізді жөн көріп отырмын, — дейді.
Қыздың әке-шешесі, отырған ағайын-туыстары Айжарқынның бұл айтқандарына түсіністікпен қарайды. Сонымен бірге Қарамашақты да аяйды. Сөйтіп Айжарқынды ұзатудың жолын қарастырады.
Ақыры күйеу баласыз той жасалады. Оны ешкім айыпқа бұйырмайды. Сол жердегі халықтар да Жаманақ пен Қарамашақтың бұл асығыс істеріне аяушылықпен қарайды. Той соңында Айжарқынға еншісін беріп, төсек-орнын бірнеше түйеге артып, шығарып салады.
Үш құда келе жатып: — Келінді кімнің үйіне түсіреміз? Жаманақтың үйіне ме, Ұланақтың үйіне ме деп ойласады. Осы сөзді Айжарқын естіп қалып, — Жоқ, мен ешкімнің үйіне түспеймін. Мені тек өмірлік жолдас болатын Қарамашаққа алып барасыздар. Ол не күй кешсе, мен де соған ризамын. Жоқ болса, жоқтығына төземін деп келе жатырмын, мені тек сол жерге жеткізіңіздер, — дейді. Оны қуана қарсы алған құдалар Қарамашақ ауылына тездетіп хабар жібереді: Тез даярлансын, біздер келіншек алып барамыз — деп екі қарт ауылдарына жақындағанда өздерінің осы жерде қалатынын айтады. Оларға ақ батасын береді.
— Айналайын, Айжарқын: Алла бақытыңды ашсын, ризығың мол болсын, қанатын кең жайған отбасының бірі болыңдар, — деп бата беріп, екі ақсақал сол жерде қала береді.
Айжарқынды баяғы алты қанатты үйге әкеліп, келін етіп түсіреді. Үлкен той болады. Келіннің беті ашылады. Үсен қарт бата береді: — «Отың сөнбесін, қайта лауласын!» — деп. Осы жерде Қампаның баласының үйімен екі үй болып жаңа өмір басталады. Жаманақ та жаңа отбасыларға өз батасын беріп, өте үлкен қуанышты сезіммен інілерін ертіп Сыр бойына қайтады.
Екі жылдан кейін Айжарқын босанып, ер балалы болады. Бір күні Айжарқын отағасының бетіне жалтақтап қарай береді. Оған Қарамашақ: — Мені танымай отырсың ба, неге маған жалтақтап қарай бересің, — дейді. Сонда Айжарқын, — Менің саған айтатын өтінішім бар. Соны айтайын, — дейді. — Ия, айта ғой, — дейді ері.
— Баяғыда көрген түсімде, мені екі қанатына мінгізіп ұшқан құстың бір қанаты маған құда түсуге келген тоқсан жастағы қарт па деп ойлаймын. Әрі ол кісі маған қанатың кең жайылған іргелі ел бол деп бата берді ғой. Сондықтан мына жас нәрестенің атын сол кісінің атымен атасақ деймін, ол кісінің аты Оразкелді еді, — дейді. Сонымен бірінші баласының атын Қарамашақ Оразкелді қояды.
Арада бір-екі жыл өткеннен кейін дүниеге екінші ұл бала келді. Өткендегідей сияқты Айжарқын үй иесіне тағы да жалтақтай бастайды. Қарамашақтың көңілді отырған кезі екен. Әйеліне: — Осы сен осы нәрестенің атын өзің қойғың келіп отырған сияқтысың, — дейді. Тағы да саған рұқсат бердім, — дейді отағасы.
— Баяғы сексенге келген қарттың да менің осы үйге келін болып келуіме себебі тиді, оның да еңбегі бар, ол кісі құстың екінші қанаты ғой. Оның аты — Ораш. Мына екінші баланың аты Ораш болсын, — дейді. (Көптеген шежірелік басылымдарда Ораз деп жазылып жүр, бұл жерде Ораз-Ораш есімдерінің бір ғана адамның аты екендігін ескерген жөн).
Арада бірнеше жыл өткенде дүниеге үшінші ер бала келеді. Қарамашақ әйеліне: — ендігі балаларыма атты өзім қояйын дейді. Менің де бұл нәрестелердің дүниеге келуіне еңбегім бар шығар, — дейді. — Өткенге ой жүгіртіп қарасам, бұрынғы қайғыларым ұмытылып бара жатқан сияқты, бірақ олардың ішіндегі ұмытылмайтыны бұрынғы әйелім мен үш балам. Осы төртеуі жанымның бір бөлігі еді ғой. Олар бір шұңқырлық болып кетті. Осы жандарымның құрметіне, оларды үнемі есте сақтау үшін мына туылып жатқан нәрестенің атын Жаншұқыр қойсақ қайтеді дейді. — Өте дұрыс қойылған есім, — дейді Айжарқын.
Тағы бірнеше жылдардан кейін төртінші ер бала дүниеге келіп, Қарамашақ отбасы үлкен қуанышқа бөленеді. Бұрынғы өткендерді ойлағанда баяғы қайғылы екі күн естен кетпейді, — дейді Қарамашақ. Сонда мен енді адам қатарына қосыла қоймаспын дейтін едім. Бұл Алланың ісіне қарашы, дей отырып, үй-ішімен ақылдасып төртінші ер баланың атын Қараш қояды.
Осы Үсен ауылында Қарамашақтың жанына жан, малына мал қосылып, алдыңғы қатарлы отбасына айналады. Үйелмелі-сүйелмелі төрт балалары да күннен-күнге толықсып өсе береді. Бәрі де әкесінің көмекшісі болады. Үй шаруашылығымен де айналысады.
Ауыл балалары негізінен асық ойнайды. Асық ойнап жүргенде Қарамашақ балаларына жергілікті балалар әлімжеттік жасап, асықтарын тартып алып отырады. Той-думанда табақтан ет асатып жатқанда да Қарамашақ балалары басқа балаларға қарағанда аздау асап жатады. Осы жағдайларды балалардың анасы байқап жүреді. Бір күні осы жәйттердің бәрін Айжарқын еріне жеткізеді. Осы неге біз бұрынғы ата-бабаларымыздың қонысына, туғандарымыз жаққа көшпейміз, — дегенді айтып салады. Оған: мұныңды айта көрме, көрмегенім Сыр бойы болсын, — деп шошып кетеді. Біраз уақыт өткесін ел-жұртқа көшейік дегенді ер балаларының аузынан естиді. Қарамашақты көшуге көндіре алмайды. Бірақ бәрі жабылып Қарамашақты туған-туысқандарына, қайын жұртына қыдырып, сәлем беріп қайтуға ғана көндіреді.
Сыр бойына жүруге даярлық жұмыстарын жүргізеді. Апат болған отбасына ас беру жағы және де басқа іс-шаралар қарастырылады. Сыйлыққа, ас беруге жылқылар алады.
Жүріп отырып осыдан 10-12 жыл бұрын болған, отбасымен бүкіл қара орманы суға кеткен жерге келеді. Теңіз жағасына келіп тоқтаса бір шашы аппақ қария тұр екен. Одан осы жердің жағдайын сұрайды. Ол осыдан он жылдам астам оқиғаны айта бергенде Қарамашақ «ол мен едім» деп, қартты құшақтай кетеді.
Оразалы қарт бұларды үйіне әкеліп, құрмет көрсетеді, қонақасы береді. Қарамашақ осы ауылда бірнеше күн болып, қазаға ұшыраған әйеліне, балаларына осы ауылдың адамдарына құдай жолы жасап, қайтыс болғандарға Құран бағыштады. Кетер кезде Оразалы ақсақалдың батасын алып, екі жылқы мінгізіп кетеді. Сөйтіп Қарамашақ Сырдарияның арғы бетіндегі туған-туыстарына жол тартады.
Әуелі Жаманақ ағасының үйіне түседі. Қуанышында шек жоқ ағасы сол маңдағы халықты жинап үлкен той жасайды. А-құдайларым келді ғой деп бірнеше күн қатарынан қонақасы береді. Әлімнің басқа балалары да ағасын үлкен құрметпен қарсы алады. Қарамашақ та теңізде опат болған отбасы мүшелеріне ас берді. Туған-туыстарын аралап көңілін бірлегеннен кейін Қарамашақ Айжарқынның төркініне барып, оны төркіндетеді. Баяғы Оразкелді, Ораш ақсақалдар қайтыс болған екен. Олардың орындарына барып бата оқиды.
Сонымен Қарамашақ, Айжарқын, балалары Оразкелді, Ораз, Жаншұқыр, Қараш туған-туыстарын аралап, көңілдерін бірлеп, арқа жақтағы еліне оралады.
Осы әңгіме Қаракісі-Жағалдан бастап, Тұғыр-Қалап, Қашан-Ілияс пен Княз арқылы ауыздан-ауызға айтылып келеді, — деп жазыпты Қ.Бисенбеков.
Кеуілқош аға халық арасында тараған драмаға толы әңгімені осылай қағаз бетіне түсіріпті. Әрине, «Қарамашақтың — Төртқара атануы», «Қасым атамыздың Қаракісі атануы», т.б. ел аузынан жеткен әңгімелерді тартымды баяндайды. Бірақ, көзі қарақты өткенді зерделей білетін ағайындардың бұдан хабардар екеніне сенімдіміз.
Сөз соңында мешіт құрылысын біркісідей жұмылып аяқтауға шақырған «Қарамашақ» қоғамдық қорының төрағасы Алдаберген Өмірбековтың газетімізге ұсынған есепшотын жариялауды жөн көрдік:
«Қарамашақ» қоғамдық қоры
Халық банкі
КZ 046010121000041148
БИК HSBKKZKX
БИН 171240021015
Каспий Голд: 5169 4971 3284 6480 немесе телефон нөмірі бойынша 8 747 307 2361 Иманғали Баймағамбетов.
Хабарласу нөмірі: 8- 747- 324- 1322.