Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мәлімдемесінде ел Үкіметіне: «Биылғы 23 наурызда табысынан айырылған азаматтарға ең төменге жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіні туралы айттым. Енді осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын», — деген болатын. Яғни төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға жалақының ең төменгі мөлшері — 42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында аудандық халықты жұмыспенқамту мәселелері жөніндегі штаб бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтып, тіркелмей жұмыс істегендердің, төтенше жағдай кезінде қызметінің тоқтатылуына байланысты табысынан айырылған азаматтардың тізбесін айқындауда. Яғни аталған санаттағы азаматтардың өтініштері мен құжаттарын қабылдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді кімдер және оны қалай алатындығы туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Бурамбаеваға жолығып, сұраған едік.
— Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан айына 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем еңбекақысы сақталмаған демалыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерлерге төленеді. Айта кететін болсақ, мемлекет тарапынан берілетін көмек бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге және өзін-өзі жұмыспен қамтып, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге беріледі. Әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы төтенше жағдай туындағанға дейін соңғы он екі ай төлем төлеген азаматтарға төленеді. Ол үшін өзін-өзі қамтушы азамат электронды өтінім беру керек. Онда өтініш беруші өзінің толық аты-жөнін, ЖСН және карта шотын көрсетуі тиіс.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыс берушілер немесе жеке тұлғалар «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, Еңбек министрлігінің BTS компаниясымен бірлесіп әзірлеген 42500.enbek.kz сайты арқылы, «Telegram Bot» мессенджері, «ERG» платформасы арқылы жеке мәліметтерін көрсете отырып өтініштерін жолдай алады. Электронды-цифрлы қолтаңбасы барлар сол арқылы растайды. Ал мұндай қолтаңбасы жоқтарға sms-хабарлама арқылы телефонына код келеді, соны өтініш беруші растайды.
Ал бірыңғай жиынтық төлем төлеп жүргендер мен тіркелмей жұмыс жасап жүргендер бірыңғай жиынтық төлем төлеп, электрондық порталда тіркеліп, өтінім бере алады. Әр санаттағы адамдардың қалай тіркелуі керектігі Еңбек министрлігінің сайтында анық жазылған. Жауап үш жұмыс күні ішінде egov.kz. жеке кабинетке немесе sms-хабарлама арқылы ұялы телефондарына келеді. Төлем автоматты түрде төлем алушылардың банктік шоттарына аудару жолымен жүргізіледі.
Бұрын бірыңғай жиынтық төлем төлемегендер, ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер бірыңғай жиынтық төлемді қалай төлейтіндігі жөнінде тоқталсам… Оны төлеудің екі жолы бар. Біріншісі, HalykBank, ForteBank, Сбербанк, Банк ЦентрКредит, Kaspi банктерінің мобильді қосымшалары арқылы төлей алады. Екінші жолы, 5505 қысқа нөміріне смс жіберу арқылы төлеуге болады. Аудан тұрғындары SELOESP деп жазып және ЖСН нөмірін жібереді. Қала тұрғындарына — 2651, ауыл тұрғындарына — 1325,5 теңге. Көрсетілген сомалар балансыңыздағы қаржысынан шегеріледі. Содан кейін электронды үкімет порталына тіркеліп, өтініш беріп, сонда ғана оған төтенше жағдай кезеңіндегі әлеуметтік төлем тағайындалады.
Әлеуметтік төлемдерді алу үшін өтінішті толтыру тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, — дейді Ә.Бурамбаева.
Осы орайда біз мемлекет тарапынан 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді алған бірқатар азаматтармен тілдескен едік.
Солардың бірі, қала тұрғыны, көп балалы ана Жанар Ермекбаева:
— Отбасымызда Әлихан, Аягөз, Әлижан, Азамат есімді балаларымыз бар. Төртеуі де №2 мектеп-гимназиясында оқиды. Өзім жұмыс істемеймін. Үй шаруасында, балалардың тәрбиесімен айналысамын. Оларға жәрдемақы аламын. Содан ауыстырып өткен жылдың шілде айынан бері бірыңғай жиынтық төлемін төлеп келдім. Пәтер жалдап тұрамыз.
Жолдасым осы жылдың наурыз айында вахталық әдіспен жұмысқа орналасып еді, алайда төтенше жағдайға байланысты жұмысы уақытша тоқтады.
Елдегі қазіргі күрделі ахуалға қарамастан мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмекке, жергілікті билік өкілдеріне отбасымыздың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Қандай да қиындық болмасын Үкімет барлық әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеп тұр. Бұл уақытша қиындықты да егеменді еліміз еңсеріп, одан аман-есен шығатынымызға сенеміз. Тек сабыр сақтасақ дейміз.
Жексенбай АЛДИЯРОВ, қала тұрғыны:
— Былтырдан бері біріңғай жиынтық төлемін төлеушілер қатарына қосылып, өзіме аталған әлеуметтік төлемді аударып келдім. Соның нәтижесінде елдегі қалыптасқан уақытша қиындық кезінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмекті алып отырмын. Халыққа үлкен қолдау көрсетіп, көмек беріп жатқан Мемлекет басшысына, ел Үкіметіне, облыс, аудан басшылығына зор алғысымды білдіремін.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жарияланған төтенше жағдайға байланысты сабыр сақтап, жеке бас гигиенасын қатаң сақтасақ, ел-халық болып қиындықты бірге жеңетінімізге сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Досымғали ТОБАЖАНОВ, қала тұрғыны:
— 2019 жылдың мамыр айынан бері біріңғай жиынтық төлемін уақытылы төледім. Осының арқасында әлеуметтік төлемге қол жеткіздім.
Елдегі ахуалға қарамастан халыққа үлкен қолдау көрсетіліп жатқанына ризамыз. Сын сағаттардан сүрінбей өтіп, алдымыздан жақсы күндердің туатынына сенімімізді жоғалтпайық дегім келеді.
Ескерту: Аталған бөлімнің мәліметінше, Шалқар қаласы бойынша мектептерде төтенше жағдайға байланысты 42500 теңге әлеуметтік көмекті алуға өтініштерді электронды түрде жіберу үшін көмек беретін арнайы мамандар бөлінген.