ӨТКІНШІ КӨЛІКТЕР ЖІТІ ҚАДАҒАЛАНУДА

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен коронавирус дертіне байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты облысымызда ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізілді. Ол бойынша аудандардың сыртқы периметрлеріне блок-посттар қойылды. Транзиттік көліктер, сондай-ақ, тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық кәсіпорындарына қажетті тауарлар мен материалдарды тасымалдайтын көліктердің жүрісі тек арнайы рұқсат қағаздары арқылы жүзеге асырылады. Басқа көлік құралдары мен азаматтарға облыс аумағы мен Ақтөбе қаласының территориясына кіруге және шығуға тыйым салынады.
Біздің аудан территориясына көліктердің кіріп-шығуын тәулік бойы жіті қадағалау үшін аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің қолдауымен блок-посттар қойылды. Олар: №1 пост Шалқар-Ембі, №2 пост Шалқар-Ырғыз, №3 пост Шалқар-Бозой, №4 пост Бершүгір-Ембі, №5 пост Шетырғыз-Ырғыз бағыттарындағы тас жолдарында орнатылды. Күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.
Қала әкімі Тұрлан Төлегенов қалаға қарасты №1, №2, №3 блок-посттардың жағдайын қарап, жұмыстарымен танысты. Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Дәурен Үркімбаев тәртіп сақшыларының жатын орындары және азық-түлікпен толық қамтамасыз етілгенін айтты. Әр постқа полиция, медицина қызметкерлері мен мекеме мамандары бекітілген.Тәртіп сақшылары рұқсатнама арқылы өткен автокөліктердің нөмірлерін тіркесе, медицина мамандары жүргізушілердің дене қызуларын өлшеп, тексереді. Д.Үркімбаевтың айтуынша, шалқарлық тәртіп сақшылары төтенше жағдай режимін бұзған жеті фактіні анықтаған. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 476-бабы бойынша 2 айыппұл салынып, 5 материал сотқа жіберілген.
Қала басшысы Тұрлан Төлегенов блок-посттардан өткен көліктер мен ондағы адамдардың тиісті тәртіп бойынша жіті тексеріліп, сақтық шаралары қатаң қадағалануы керек, ол үшін жол үстіндегі әрбір адам сын сағатта жауапкершілікті сезініп, түсіністікпен қарау керек екенін қадап айтты.
— Бұның барлығы — тұрғындар денсаулығының қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды шаралар. Посттарда тұрған қызметкерлерге «Әсем» мейрамханасының, «Дария», «Ака», «Шафран», «Албатыр», «Чикаго» қоғамдық тамақтандыру орындары көмек ретінде ыстық тамақтар ұсынып отыр. Төтенше жағдай кезінде қол-ұшын созған аталған кәсіп иелеріне қала басшылығы атынан алғысымды білдіремін, — дейді Т.Төлегенов.
Сонымен қатар қала әкімі халық көп шоғырланатын темір жол вокзалының маңына, пошта, банк секілді ғимараттарға барып, тұрғындарға ретсіз жүрмеуді, жиналмауды ескертті. Бұндай ескерту такси жүргізушілеріне де айтылды.
Әкім дерттің алдын алу мақсатында аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға бетперделер таратылғанын да жеткізді. Сондай-ақ, сақтық шаралары үшін аудандық емхана, аурухана, банк ғимараттарының жанына, халық көп жүретін теміржол көпірінің екі жақ бетіне пайдаланылған бетперделерді тастайтын арнайы контейнерлері және такси тұрақтарына арналған дезинфекциялық сұйықтық ерітінділері қойылған.
Осы орайда тағы бір айта кететін жәйт, төтенше жағдай кезінде сенбілік жасаудың қажеті қаншалықты деген сауалдар туындап жатқаны да рас. Қала тазалығы басты назарда болады. Оның ішінде індет өршіген уақытта қоғамдық ортаның тазалығына ден қою басты міндетімізге айналуы тиіс.
Сондықтан төтенше жағдай талаптарын сақтай отырып тазалық сенбіліктерін де жоспардан тыс қалдырмай өткізу керек. Бұған да тұрғындар түсіністікпен қарап, қаланы таза ұстауға атсалысулары қажет.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
«Шалқар».