ҚАЙ НӘРСЕНІ ДЕ СӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ДӘЛЕЛДЕУ КЕРЕК

«Шалқар» газетінің осы жылғы №9 санында «Дзюдодан қыздарымыз дес бермеді» деген тақырыптағы суретімен жарияланған хабарламаны және №11 санындағы бірінші беттегі «Балғын боксшылардың тартысты додасы» деген түрлі-түсті үлкен әдемі суретімен толық мәнінде берілген мақалада шалқарлық балаларымыздың қандай жүлделі орындарға ие болғаны, ата-аналарын, сыныптастарын, мектеп ұжымын, шалқарлық спорт жанкүйерлерін қуантқандарына
куә болдық.

Бір газеттің екі санындағы екі мақаланы салыстыра отырып, өз пікірімді білдіруді ойладым. Бұл жерде мен біреуді кінәлау не мақтау емес, қазіргі заманымыздың мүмкіндігін пайдаланып, жастарымызды бала кезінен бастап спортқа тәрбиелеу, денсаулығын, күш-қайратын арттырып, жеңіске деген жігерін, отаншылдық намысын, алдыңғы қатарда болу деген талабын қалыптастыру үшін ата-анадан бастап, мектеп, қоғам, биліктегі азаматтарымыз болып үлкен мән беріп, ойлануымыз керектігін айтқым келеді.
жеткіншектеріміздің жетістігін айтып жігерлендірейік
Біріншіден, Халықаралық 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында Жапонның олимпиадалық дзюдо күресінен ауданымызда тұңғыш рет қыздар арасында Қызылорда, Орал, Ақ-төбе қалалары мен Мұғалжар, Байғанин, Ырғыз, Шалқар аудандарынан келген 150-ге жуық дзюдошылар қатысқан турнирде жеңіс тұғырына көтеріліп, аналарына, апа-сіңлілеріне, сыныптас құрбыларына, шалқарлық спорт жанкүйрлеріне алтын, күміс, қола медальдарын тағып, кубок сыйлаған қыздарымыздың аттарын атайын. (Жоғарыдағы айтылған №9 сандағы газетте жеңімпаздарымыздың аттары аталмаған, атын атамай дес бермеді деп қоя салу ол балалардың жігерін құм қылмай ма?!). Бірінші орын Дильназ Есетқызы (Ә.Жангелдин орта мектебі), Дильназ Берікқызы (№5 мектеп-лицей), Инабат Сержанова (№2 мектеп-гимназия), Арайлым Серік (№1 мектеп-гимназия), екінші орын Сәулемай Сағитжан (№8 орта мектеп), Інжу Тәуірбай (Ә.Жангелдин орта мектебі), үшінші орын Еркежан Мырзамадинова (№1 мектеп-гимназия), Адия Ганибетова (№ 2 мектеп-гимназия), Ақылды Мырзағалиева (№8 орта мектеп), Інжу Тәңірберген (№5 мектеп-лицейі), Аружан Ажимова (№5 мектеп-лицейі).
Жеңіспен келген қуаныштарыңыз құтты болсын, ұзағынан болсын деймін. Ауданымызда кенже қалған спорт түрлері көп, соның ішінде ұлттық деңгейдегі кимономен күресетін самбо, дзюдо, қазақ күрестері. Самбо, қазақ күрестері олимпиадалық спорт түрлеріне енуге үміткер болып есептеледі. Соңғы кезде елімізде ережесіз жекпе-жектен туымызды көтеріп, Қажымұқан атамыздың ұрпақтары елімізді әлемге таныта бастады. Олар: Арман Оспанов — жауынгерлік самбодан үш дүркін Әлем чемпионы, Азия чемпионы, Арман Ашимов, Қайрат Ахметов, т.б. әлем чемпиондары. Бәрі де кезінде Американы шулатқан Олег Тохтаров, Федор Емельяненко, Хабит Нурмаганбетов сияқты самбо күресінің шеберлері. Ережесіз жекпе-жек коммерциялық кәсіпқой спорт түрі болып есептеледі. Әрбір жеңістеріне 1000 АҚШ долларынан жүздеген миллион долларға дейін сыйақы алады. Күш-қайрат, жігер, намыстың арқасында ең бай спортшылар болып саналады. Аянбай еңбектеніп, отызда орда бұзар жасқа келгенде миллионер болған, қалған өмірінде тума-туыс, бауырларын да еш нәрсеге мұқтаж қылмай бақытты өмір сүрулерін қамтамасыз етуді кім армандамайды. Жалпы, Қажымұқан атамыз сияқты табиғи күш-қуаты, намыс жігері жетіп артылатын жастарымыз жеткілікті емес пе, оларды көру, тәрбиелеу, дода жарыстарда шыңдау, басқаларды үгіт-насихатпен қызықтыру міндетіміз деп есептеймін.
2018 жылдың жазында Түркістан облысының Шардара ауданына әдейі барып, көріп білгенім аудан орталығы Шардара Сырдарияның Шардара су қоймасының жағасында орналасқан біздің Шалқардай ғана 30 мыңға тарта тұрғыны бар қала екен, газ жоқ, теміржол, автомагистралі жоқ. Кезінде спортпен айналысқан білімді маман, жанашыр спортшылардың басқаруы нәтижесінде ауданда төрт спорт мектебі, оның біреуі облыс, үшеуі аудан бюджетінен жұмыс жасайды екен. Ауданнан спорттың әр түрінен 24 әлем чемпионы, олардың 2-3 реттен, елге барғасын көрсетейін, жасап жатқандары үлгілі іс екен деп чемпиондармен суретке түскенмін. Қасымдағы жігіттердің бәрі әлем чемпиондары. Көше бойы чемпиондардың суреттері ілулі, әрбір мектепте 20-30 жаттықтырушылар жастарды спортқа тәрбиелейді екен.
Ардагерлер арасынан Берік Бердалин грек-рим күресінен әлем чемпионы болса, мен 70-тен асқан кезімде Гир спортынан әлем, Еурова чемпионы, 75 жасымда қола жүлдегері атандым. Спорттың арқасында құр сөзбен емес, нақты үлгі боларлықтай іспен дәлелдеу деген осы емес пе?!

Өзім туралы айтсам…

Самбо деген орысша «Самозащита без оружия» деген КСРО халықтарының күрес әдістерінің жинағы, оған ауырту әдістерін қосқан, қазірде әлемге тараған күрес түрі. 70-тен асқан кезімде күш-қуатым кемімей, өзіме сенімді болуым жастық шағымда жоғары білімді инженер-механик мамандығын оқумен қатар, ерінбей-жалықпай тер төгіп, самбо күресімен айналысқанмын. Нәтижесінде бірнеше рет одақтық жарыстарда жүлдегер, 1964 жылы ҚР жеке біріншілігінде жеңімпаз болып, сол кезде Москвадан берілетін «СССР спорт шебері» атағына ие болдым. Өмірде түрлі жағдайлар, қауіп-қатерлер кездесуі заңдылық, солардың аудан көлемінде болған бір-екеуін айта кетейін.
1970 жылдары «Газ-69» көлігімен «Шалқар» совхозының шопаны Дүйсеналы Тлеуовтың жайлаудағы үйінен түнделетіп қайтып келе жатқанымызда қасымда Елібай, Құттыбай деген азаматтар бар, кенеттен артымыздан бір машина қуып келіп оқ атты, қасымдағы екі адам жарақат алған, дереу тоқтатсақ екі еңгезердей орыс жігіті қолдарында №12 калибр бесатар автомат мылтығы бар, өздеріне сенімді, біздермен сөзге келместен біреуі Құттыбайды аяқпен теуіп құлатты. Дереу шешім, әдіс-қимыл жасаумен әуелі мылтықпен тұрғанды, сосын екіншісін құлатып, Шалқарға әкеліп, милицияға тапсырмағанда олар қылмыстарын жасыру үшін неге де болса барары белгілі еді. Су жаңа бортовой «Газ-53» көлігімен Ырғыздан келе жатқан охотпромхоздың жалдамалы киік атушы Алматының адамдары екен.
1990 жылдары «Ақтөбетрансгаз» мекемесінің ГСМ қоймасының күзетшілерін мылтықпен қаруланған қарақшылар қорқытып, тонаумен айналысып жүргенін білгесін, милицияға шағымданудан нәтиже болмаған соң өзіме қарсы мылтық атқандарына қарамастан оларды қолға түсіріп, біреуі алты жылға, екеуі үш жылға жазаланып, сотталғандарын шалқарлықтар біледі. Орыс мәтініндегі облыстық газетінде сол кезде «Рэкет по Шалкарский» деген мақала да жазылған болатын.
Бірде жекеменшік «Елена» қонақ үйімізге мезгілсіз уақытта келіп маза бермегені туралы кезекші қоңырау шалғасын барып, оның істеп тұрғаны заңсыз екенін түсіндіріп, кетуін талап етсем де ол шығып бара жатып маған тіл тигізді. Ере шығып оны аулада құлатып, милиция шақыртып, келгенше басып отырдым. Участковый, қасында бір милиция екеуі келген соң болған жағдайды айтып бердім. Участковый жігіт «аға, мынау біздің қызметтес еді, арыз жазбай-ақ қойсаңыз қайтеді, ертеңгісін өзіміз ертіп келіп кешірім сұратайық» деді. Жарайды деп келістім, ертеңіне уәделерін орындады. Өздері естеріне түсірер деп аты-жөндерін жазбадым.
Рушылдық, көре алмаушылық, асып-тасудың қасіретімен екі азаматтың себептен-себепсіз, жазықсыздан-жазықсыз «қаңғып келген Қаракесек» деп жағама жармасқан кездері де өмірімнен орын алды. Біреуі өзімнен жасы үлкен, мендей емес әке де шеше де бар, атақты інілері, апа-жезделері де бар төрт құбыласы тең дегендей. 2-3 жыл ішінде жан-жағы марқұм болып, өзі жалғыз қалды. Ата-бабамды қорлағанына ыза-намысқа беріліп, сол кезде қолын сындырғаныма ешқашан өкінбеймін. Екіншісі, Алла кешіреді, әруақ кешірмейді деген шындық болар. Отыз жыл билеп-төстеген елі, жинаған абырой-атағына қарамастан зейнетке шығар-шықпастан көрсеткен зорлық-зомбылықтарын бетіне басып, бір күнде елден қуылды. Ата-тегін білу, ұлтымыздың әдем-ғұрыптарын сақтау, дінімізді, тілімізді ардақтау, құрметтеу маңызды міндетіміз. Бірақ, өзін, руын өзгелерден артық санау, үстемдік құру кешірілмейтін қателік, барып тұрған надандық.
Алла адам баласын жаратқанда жын-шайтандарды да жаратқан, себебі, адам баласы бұл жалған өмірде сынақтан өтеді екен, жын-шайтандарға еріп адасқандардың о дүниедегі орындары тозақ екендігін ойламау надандық емей немене. Әр рудың биі, батырлары болған, солардың ауызбірлігі арқасында жер көлемінен, жер асты-үсті байлығы көлемінен алдыңғы қатардағы ел болып Алланың қалауымен осы заманға жетіп отырмыз.
Әлі де сол ата-баба әруақтар қолдар еді егер де оларды қорламасақ, дінімізді сақтап, көреалмаушылық кеселден арылсақ, ала ауыздық, сатқындық, жала жабу, надандықтан арылсақ, келімсектерге әкемізді сабатып, қыздарымызды қорлатпас едік, байлығымызды тонатпаған болар едік.
Сөйлегенде алдына жан салмайтын халықпыз, өзім не бітірдім, келешек ұрпақ үшін аз да болса айтарлықтай еңбегім болды ма деп әрбір қазақ ойланса деймін. 1965 жылы Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, инженер-механик мамандығы бойынша Ақтөбе қаласына арнайы жолдамамен «Ақтөбеводстрой» тресіне келдім, үйлендім, жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтер берді. 1967 жылы аудан басшыларының шақыртуымен «Шалқар» совхозына бас инженер болып туып-өскен елім деп Шалқар ауданына келдім. Сол кезде ауданда небәрі төрт жоғары білімді инженер-механиктер бар екен, олар Шудабай Қаласов, Жалғабай Ахметов, Елемес Жумин, Марат Дәрібаев. Кейінгі кездері бір ғана «Шалқар» совхозынан жоғары оқу орнын бітіріп, Келман Ещанов, Қалаш Дәрібаев, Бақи Абуов, Жолдыбай Алиев инженер-механик мамандығын иеленді.
Он жыл «Казсельхозтехника» мекемесін басқарғанымда еңбек жолын сельхозтехника мекемесінен бастаған жас мамандар Сәрсенғали Көпенов бас инженер, автобаза директоры Орынбасар Сүлейменов «Тоғыз» совхозына партком хатшысы, Қасқырбай Ермағанбетов комсомол ұйымы жетекшісі, Ғабит Мақашев нефтебаза директоры, Мұхамбетпана Үмбеталин ауыл шаруашылығы басқармасына бас инженер, Құрманғали Басмағанбетов «Сарыбұлақ» совхозына партком хатшысы, Жеткерген Елемесов құрылыс мекемесіне бастық, Қалаш Дәрібаев «Айшуақ» совхозына бас инженер, Есенкелді Бекмағанбетов «Ақтоғай» совхозына бас инжерер болып қызметтерін абыроймен атқарды.
Бес жыл «Шалқар» совхозында директор болғанымда Қойшыбек Аминов «Ақтоғай» совхозына, Ермек Бекмағанбетов «Жаңа қоныс» совхозына, Жолдыбай Алиев «Шетырғыз» совхозына, Мұсағали Смағұлов «Тоғыз» совхозына директор болып қызметтері жоғарылады. Осындай көрсеткішпен ауданда мекеме басқарған ешбір басшы теңесе алмайтынына сенімдімін.

ІЗБАСАРЛАРЫМЫЗ БОЛУ КЕРЕК ЕДІ, ОЛАР ҚАЙДА?

Қай кезде де жастарды самбо күресіне үйретіп, жаттықтыруды ұмытқан емеспін. 1967-1975 жылдары «Шалқар» совхозында үйірме ашып, нәтижесінде шәкірттерім марқұм Жеткерген Оралмағамбетов спорт шеберіне үміткер болды. Милиция полковнигі Нәби Алдашев та спорт шеберіне үміткер атағына ие болды. Сол кезде бір ғана «Шалқар» совхозынан аудан құрама командасы жасақталып, қазақ күресінен Ақтөбе облысы бойынша бірінші орынға ие болған едік.
Зейнеткерлікке шыққан соң Газшылар қалашығы №4 орта мектеп спорт залынан самбо күресі үйірмесін ашып, 2006-2007 жылдары балаларды жаттықтыруды бастадым. 2007 жылдан бастап Оқушылар сарайы ашылып, аудан басшылары штатқа тіркеді. Тұңғыш Шалқар ауданынан самбо, дзюдо күрестерінен облыс, республика көлемінде спортшылар жарысқа қатыса бастады. Нәтижесінде бірнеше бірінші разрядты спорт шеберіне үміткер, облыс чемпиондары шықты, олар ҚР турнирлерінде жүлделі орын алды. Солардың ішінде 2016 жылы Шалқар ауданында самбо күресінен қыздар арасында тұңғыш «ҚР спорт шебері» атағына ие болған шәкіртім Әйгерім Байжанова Ақтөбе қаласынан спорт мамандығы бойынша колледж бітіріп келді. Басқа жұмыс орыны болмаған соң сол жылы бастаған ісімді жалғастырып самбо, дзюдо, қазақ күрестерін ауданымызда дамыту мақсатымен орнымды беріп, өзім демалысқа кеттім. Нәтижесі қуантарлық деп айта аламын, оның дәлелі жоғарыда аталған қыздарымыздың болашақта еліміздің көк туын көтеріп, Әнұранын ойнатуға үміттендіретіндігі. Және осы мақаланы самбо, дзюдо, қазақ күрестерін насихаттау, дамытуға қолдау жасалса екен деген мақсатпен жазып отырғанымды оқырман түсінсе екен деймін.
Ауданымызда жастар айналысатын негізгі спорт түрлерімен салыстырғанда қазақ балаларының бар ықылас, ынта-жігерін салып айналысатын жекпе-жек спорт түрлерінен самбо, дзюдо, қазақ күрестері төрден орын түгілі орта да емес босағада тұрғаны жасырын емес. Грек-рим күресімен ауылдық жерлерде 4 жаттықтырушы, қалада 8 жаттықтырушы, бокспен ауылдық жерлерде 5 жаттықтырушы, 3 жаттықтырушы қалада. Ал самбо, дзюдо қыз балалармен қалада жалғыз жаттықтырушы, ер балалармен де қалада жалғыз жаттықтырушы айналысады. Қазақ күресінен де небәрі 3 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Және де олар ФОК-тың қуықтай, жеке үйдің қонақ залындай бөлмесінде күндерін өткізіп жатыр. Сондықтан, әділеттілеу болу үшін №2 спорт мектебіне Отан спорт кешенін беріп, штатын көбейтіп, бірыңғай дзюдо, самбо, қазақ күресімен айналысатын отау етіп шығарған дұрыс болар еді. Оған барлық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Сонда осы спорт түрлерінен ауданымызда әлемді мойындататын спортшылар шығатынына мүмкіндіктің болатынына сенім болар еді.

Аманғали ТӨЛЕБАЕВ,
Шалқар ауданының Құрметті азаматы, самбо күресінен Ақтөбе облысы бойынша тұңғыш СССР спорт шебері, самбо күресінің құрметті ардагері, гір спортынан ардагерлер арасында Әлем, Еуропа чемпионы.