ҰЛАҒАТЫ МОЛ ҚАДІРЛІ ҚАРТ

«Ауылыңда қартың болса жазулы тұрған хатпен тең», — дейді дана халқымыз. Үлкеннен жеткен үлгілі сөз өскелең ұрпаққа өркенді өнеге болары хақ. Қарттың қадірлісі осы өрісті ойларында, ізбасар буынға айтар ақыл парасатында емес пе еді?!. Ел болғасын, жігерлі жасы мен ақсақалды атасы болады. Осы екі буынды бір арнада жиі дидарластырып, үлкендер тағылымын айта берудің еш артықшылығы жоқ тәрізді…

Бегімбет ауылының жасы үлкендері—Иса Бисеналин, Шайзада Төлеуова, Сауқат Аймашов, Әбдіраш Қоблашев есімді қариялар. Олардың қай-қайсының да көргені мен түйгені тарихқа пара-пар, күрделі жолдардан бастау алады. Бүгінде сексеннің бел ортасынан асқан Әбдіраш ақсақал көпшілікке тілге жүйріктігімен, ұлағатты әңгімеге ұсталығымен де жақсы таныс. Саясат сапырғаннан гөрі ескі жырларды, тарихи әңгімелерді айтқанды өзіне жақын санайды. Тарихи әңгіме-шежіреге өте бай адам.
— Мен №11 ауыл, «8 март» колхозында 1935 жылы 18 ақпанында дүниеге келдім. Балалық шағым қиындыққа толы болды, анам 6 жасымда әділетсіздіктің құрбаны боп сотталып кетті, әкем әскерде болды. Сөйтіп, бала кезімде тумаларымның қолында өстім. 13 жасымда ауылдан Шалқарға дейін қашарды жетектеп апарып, 3 пұт (48 келі) ұн асып қайтқан кезім болған. Ол уақыттарда күн көру үшін жұмыс істесең еңбегіңе астық беретін. Анамның есімі Маржан, әкемнің аты Тарғын, шешемнің екі некеден туған 15 баласының бірімін. Сол 15 баланың 14-і жастай шетіней беріп, жалғыз маған ғана осы өмірдің қиындығы мен қуанышын көруді нәсіп етті.
Мектепті 15 жыл дегенде бітірдім. 1941 жылы бірінші класты аяқтамай оқытушыны соғысқа алып кетті. Оқуға менің ынтам жоғары болатын. Ол кездегі адамдардың бәрі білімге құштар еді. 1947 жылы соғыстан кейінгі кезеңде халықтың енді бас көтерген шағында қайта оқыту басталды. Сол кезде құжаттар сұрамастан, тек нешінші сыныпта оқитынымды сұрады. Мен 4-класты оқимын деп, екі-үш класты оқымастан ілгері жылжып, үлгеріп кеттім. №11 ауылда бастауыш білім алдым да, күнкөріс қамымен ары қарай 5-7 кластарды №13 ауылда оқыдым. Кейінгі кластарды Қорғантұз мектебінен тәмамдадым. Нәжім Иманов, Назарбай Қыдыров, Ілияс Мұратов, Әлібай Ещанов, Сыдық Жанасаев сынды мұғалімдер біздерге дәріс берді. Кәкір Әбуов, Мырзахмет Какин, Қорқытбай Шадин, Қожахмет Әбдіқалықовтар өзіммен бірге оқыған замандастар. Осылардан бүгінде қалғаны — Қорқытбай Шадин екеуміз ғана. Бертін келе Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын сырттай оқып бітіріп, 1955 жылдан бастап жергілікті жердегі әртүрлі саладаға жұмыстарға араластым, — дейді Әбдіраш ата.
1962 жылы ол қазіргі Есет ауылында кезінде колхоз басқармасы болған. Қуандық Ақшолақовтың қолдауымен қой фермасына меңгеруші болып сайланады. 1964-1971 жылдары селолық кеңестің төрағасы, совхоздың бас зоотехнигі, 1991-1995 жылдар арасында «Айшуақ» совхозының №1 фермасында зоотехник болып жұмыстар істейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы ширек ғасырлық қызмет барысында ардагеріміз 9 директор, 5 ферма басшысы, 5 веттехникпен қоян-қолтық жұмыстар атқарған.
— Көп жасаған көпті көреді, көп нәрсені естіп, білері хақ. Дегенмен өткеннің бәрін білем деу қиын. Жас ұлғайған сайын естеліктер мен білетіндерім ұмытылып, ұмытпағаным шатастырылып жатады. Дей тұрғанмен Салиқа әжемнің зарын, Әлиманың өлеңін, орыстан зәбір көрген халқын құлдықтан құтқарған Есет батыр жайлы жыр-деректер әлі күнге дейін есімде,— деп жауап қатты ақсақал менің «тарихи әңгімелер әлі жадыңызда ма?» — деген сауалыма.
— Қазір заман өзгерді, көзқарас өзгерді. Жастар күнбе-күн жаңашыл технологияларға құштар боп, кітап деген құндылықты ұмытып барады. Әңгіме, жыр-дастан тыңдайтын адам жоқтың қасы. Біздің заманымыздағы жастар еңбекке ерте араласып, қиын-қыстау кезеңде оқу-білім алуға құштарлығы жоғары болғанымен, мүмкіндіктері болмады. Қазір оқимын, білемін деген жас болса, барлық жағдай бар. Біз кешкен бейнетті келер ұрпағымыз көрмей, білім алуға, еңбек етуге ынталанғаны дұрыс,— деп кеңес береді қазыналы қарт.
Өнегелі сыйластықты ту етіп, 62 жыл үлкен әулеттің жапырағын жайған Әбдіраш ата мен қосағы Жұпар әжеден өрбіген 8 баладан бүгінде 18 немере және 15 шөбере тарап отыр. Балаларының барлығы да еңбегінің жемісін татқан, бір-бір шаңырақтың иелері.
Шежіреге бай, кісіні бірден өзіне баурап алатын Әбдіраш қарияның көңіл есігі қашан да ашық. Шаңырақтағы ұстаздық жолды таңдаған кенжесі Еркебұлан мен келіні Жанар сексенді бағындырған ата-аналарының жағдайына қарай жығылып, аялап, батасын алып отыр. Немере, шөберелер еркелігі қарттарға әрдайым шуақ сыйлайды.