Балаларды қуанышқа бөледі

Шалқар қаласының он оқушысы үшін қаңтар айындағы Ақтөбеге сапарлары ұмытылмас оқиғаларға толы болды. Дарынды және талантты балалар армандары орындалар ертегіге негізделген әдемі кешке шақырту алды.
12-16 жас аралығындағы он оқушы ақтөбелік кәсіпкер Залиха Есенжолованың отбасы ұйымдастырған қайырымдылық шараға қатысты. Сапар Ақтөбе облысының білім басқармасы мен Шалқар ауданының білім бөлімі басшылығының қолдауымен ұйымдастырылды. Ведомство өкілдері талантты және дарынды балаларды, үздік оқушылар мен олимпиада жеңімпаздарын, көп балалы және толық емес отбасылардың белсенді және шығармашылық қабілеті жоғары балаларды жинады.
Қонақ үйге орналасып, дәмді түскі астан кейін жас жеткіншектер кинотеатрдан «Камуфляж және тыңшылық» мультфильмін тамашалады. Келесі күні оларды мерекелік ертеңгілік күтіп тұрды. Балаларға дәмді дастархан жайылып, «Алиса ғажайыптар елінде» атты шоу ұйымдастырылды. Сонымен қатар олар Өнер орталығында өткен «Аладдин» интерактивті қойылымын тамашалап, батут орталығында көңіл көтерді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, жоғары санатты педагог, жарты ғасырдан астам ғұмырын білім беру саласына арнаған қайырымдылық шараны ұйымдастырушы отбасы мүшесі Айша Базарбайқызы балаларды жаңа жылмен құттықтады. Ол ұзақ жылдар бойы Шалқар қаласындағы І.Үргенішбаев атындағы орта мектепте және педагогикалық училищеде еңбек етті. Осы жылдар аралығында бүгінде елімізде ғана емес одан тыс жерлерде де жұмыс жасап жүрген жүздеген жас ұстазды тәрбиелеп шығарды.
— Біз сіздерді осында, Ақтөбе қаласында қарсы алып отырғанымызға қуаныштымыз. Осымен екінші рет қайырымдылық акциясын өткізіп, шалқарлық балаларды Ақтөбеге шақырып отырмыз. Мен әрқайсыңды немеремдей көремін. Шалқарда көп жылдар бойы еңбек еттім, сондықтан да осы қаламен байланысты өте жылы естеліктер жанымды жылытады. Көңіл көтеріңіздер, осы үш күн сіздер үшін керемет әрі жағымды көңіл күй сыйласын. Жаңа жыл құтты болсын, ата-аналарыңызға үлкен сәлем айта барыңыздар, денсаулықтарыңыз мықты, оқуда озат болуларыңызды тілеймін деді, — Айша Базарбайқызы.
Айша Базарбаева мен Залиха Есенжолова балаларға сыйлықтар тарту етті. Әрқайсына мектепке толық жиынтық дайындады. Әрбір бала планшет, тәтті сыйлықтар, кеңсе заттары салынған рюкзактар, спорттық киім және спорттық аяқ киімге ие болды.
11-сынып оқушысы Дана Мұратова қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Ақтөбеге келгенде туындаған өлеңін оқып берді. Дарынды қыз «Абай оқулары» республикалық байқауының дипломанты, облыстық «Анаға тағзым» іс-шарасының жеңімпазы, поэзияны ұнатады және өзі де өлең жазады.
— Сіздерге үш күнге ұласқан керемет мерекелік сапар үшін алғыс білдіремін. Шыны керек, біз мұны күтпеген едік. Бізге дайындаған сыйлықтар үшін осында тұрған барлық балалардың және ата-аналардың атынан алғысымызды білдіреміз. Сіз көрсеткен қайырымдылық алдыңыздан қайтып, отбасыңызға саулық пен табыс әкелсін. Қолдау көрсеткеніңізге рақмет!, — деді дарынды оқушы Дана.
Осылайша балалар жыл басында ұмытылмас көңіл күй сыйлар күндерден керемет әсер алды. Бұл — шалқарлық балаларға арнап арнайы ұйымдастырылған осымен екінші қайырымдылық шара. Өткен жылы да көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан он бала да осындай ұмытылмас демалыс күндерін өткізген болатын.

Малика Кубеева,
ауданның білім бөлімінің әдіскері.