ШАРУАЛАР ТӨЛ МЕРЕКЕЛЕРІН АТАП ӨТТІ

Жылдағы дәстүр бойынша ауданымызда  биыл да ауылшаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Қала және 12 ауылдық округтен келген шаруалар аудан орталығындағы Есет    Көтібарұлы көшесінің бойында ауылшаруашылығы өнімдерін қолайлы бағамен тұрғындарға ұсынды.

Бұдан соң мерекелік шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Салтанатты жиында баяндама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарға, алдағы міндеттерге тоқталды:

— Ауыл шаруашылығы аудан экономикасы  дамуының  негізі  болып  табылады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі драйвері саналатынын ескерсек, саланың дамуы үшін мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде және де осындай қолдауларды тиімді пайдалана білген шаруашылық құрылымдары аудан экономикасының дамуына ауыл шаруашылық бағыты бойынша сүбелі үлес қосып келеді.

Осы жылдың 1 қарашасына ауданның барлық меншік түріндегі шаруашылықтарында  мүйізді ірі қара — 58 493 бас,  қой-ешкі — 129 655 бас,  жылқы — 56 432 бас, түйе — 15 846  бас болып, өткен жылдың  осы мезгілімен салыстырғанда мүйізді ірі қара — 106,4, қой-ешкі — 103,6,  жылқы — 111,2, түйе — 106,8 пайыз өсімді құрады. Сонымен қатар 7 910,7  тонна  ет (тірілей салмақта), 13 451,3 тонна сүт,  691,9 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен  жылға  қарағанда  ет өндіру  102,3, сүт  өндіру 102,3,  жұмыртқа  өндіру 113,5 пайыз болды.

Сондай-ақ үстіміздегі жылы ауыл шаруашылық техникасы паркін жаңарту бағытында аудан бойынша «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы және өз қаражаты есебінен шаруашылықтар 15 дана трактор, 38 дана мал азығын дайындайтын техника сатып алды. Алыс жайылымдарды суландыру бағытында ауданымызда 20 шаруашылық ұңғымалы құдық қаздырып, жұмыстар толыққанды аяқталды.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданға қарасты 12 ауылдық округтен және  қаладан барлығы 1 491,2 млн. теңгені құрайтын 399 жоба қатысады деп жоспарланды. Аудан бойынша бүгінгі күні 166 жобаның құжаттары несие беруші ұйым «Ақтөбе» ӘКК-на тапсырылды. Оның ішінде 58 жоба құс шаруашылығына, 10 жоба өсімдік шаруашылығына және 98 жоба шағын бизнес ашуға (кондитер, наубайхана, сүт, ет өңдеу және т.б.) ниет білдіруде.

Сонымен бірге, баяндамашы ауыл  шаруашылығын, оның  ішінде  мал  шаруашылығын  дамыту үшін жаңа технологияны алып, оны  меңгеріп  жаңа бағытта жұмыс жасау бүгінгі  күн  талабы екенін айтты және ауданның  ауыл  шаруашылығын дамытуда алға қойған міндеттерге тоқталды. Бұның қатарында мал өнімдерін өндіру көрсеткіштерін арттырумен қатар өңдеу саласын жолға қою; асыл  тұқымды  мал  өсіретін шаруашылықтар санын көбейту; мал басы  мен  одан  алынатын  өнімді  төмендетпеу,  ол  үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы  мал  басын көбейту; ауыл шаруашылық техникасының машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарын одан әрі жандандыру; сүт  қабылдау  пункттерін ашу, мал бордақылау алаңдарына  өткізілетін мал санын көбейтіп,  ет  өңдеу  цехтарын етпен қамтамасыз ету; суармалы  жерлерге заманауи озық технология әдістерін енгізу жұмыстарын ұйымдастыру бар.

Салтанатты шарада аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауылшаруашылығы қызметкерлерін құттықтап, сөз сөйледі.

— Сіздер тұрғындарға аса қажетті, еліміздің әлеуметтік-экономикалық басты көрсеткіші болып табылатын салада қызмет етіп келесіздер. Ауыл шаруашылығы — еліміздің негізгі және маңызды саласы. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуы сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Еңбек-сүйгіштік пен қарапайым еңбек адамының үлгісін көрсетіп жүрген сіздерге зор ризашылығымды білдіремін.

Мемлекеттің қамқорлығы арқасында ауыл шаруашылық саласында қыруар игілікті істер атқарылып, осы саланың тұрақты өсуіне қол жеткізілді. Солардың бірі «Сыбаға», «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламалары шаруалар мен аудан тұрғындарының жағдайын көтеруге оң ықпалын тигізуде. Қазіргі таңда ауданда ауыл шаруашылығы саласында несие алып, өз кәсіптерін дамытуда жұмыстар оң жолға қойылған. Төрт түліктің саны өсіп, жаңадан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін  кәсіпорындар ашылуда. Мал басын асылдандыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Шаруашылықтар мен жерлестеріміз осы бағдарламалардың игілігін көруде, — деді аудан басшысы.

Сонымен бірге ауылшаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар шаруа қожалықтары төрағаларына өз атынан Алғыс хаттар тапсырып, сый-сияпаттар жасады. Соның ішінде 3-4 қараша күндері Маңғыстау облысының Жаңаөзен жеріне барып, Адай жылқысының тұқымына асыл тұқымды жануар мәртебесін беру мақсатында ұйымдастырылған Халықаралық ұзақ қашықтықтағы ат жарысы турниріне  сәйгүліктерін қосып, байрақты орындар иеленген, ұлттық ат спортын дамытуға аянбай үлес қосып жүрген «Мұқаш» шаруа қожалығы төрағасы Мұханбедла Бердешов те бар. Сонымен бірге, республикалық ауылшаруашылығы кәсіподағының «Ерен еңбегі үшін» медалі «Тұрғанбай» шаруа қожалығының төрағасы Сағитжан Тұрғанбаевқа табыс етілді.

Мерекелік жиында ауылшаруашылығы еңбеккерлері мен ардагерлерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, ауылшаруашылық саласының ардагерлері Құлмырза Кемалов, Есенкелді Бекмағанбетов құттықтап, өздерінің ізгі тілектерін білдірді. Мерекелік шарада аудан көркемөнерпаздары ән-биден шашу шашты.

Сол күні ауыл еңбеккерлерінің мерекесіне орай Жылтыр ауылының атшабары алаңында 21 шақырымдық қашықтықта аламан бәйге өткізілді. Оған алты тұлпар қатысып, бірінші орынды Жаңақоныс ауылдық округінен Қуанхан Біржановтың «Гүлсары» деген аты алды. Екінші орынды Айшуақ ауылдық округінен Мұханбедла Бердешовтың «Наркүрең» аты алса, үшінші орынды Айшуақ аулыдық округінен Серік Әбдіхалықовтың «Қазанбас» деген аты иеленді.

Аламан бәйгенің қорытындысында аудан әкімі сөз сөйлеп, ауыл еңбеккерлерін тағы да мерекелерімен құттықтап, бәйгеден алғашқы лекте келген сәйгүлік иелеріне ретімен теледидар, тоңазытқыш, мұздатқыш тарту етті және халқымыздың атбегілік өнерінен қол үзбей, одан әрі дамытып жүрген жас атбегілер Рахымжан Орынбасаровқа, Заманбек Жайлыбаевқа, Жолдымұрат Жұбаевқа, Ернұр Жұмабайға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

   АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Ауданымызда өткен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесіне орай жұмыс сапарымен келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов осы салада аянбай еңбек етіп, ата кәсіп төрт түліктің санын, сапасын көтеруге үлес қосқан ардагер еңбеккерлерді құттықтады. Ауылшаруашылық саласының жұмысы өте қиын екенін атап өтті. Шалқар ауданының шет екеніне, ауыл еңбеккерлерінің жоқтан бар жасап, қажырлылықпен жұмыс істеп жатқанына, бұндай жағдай көп ауданда жоқ екеніне және үкіметтен қолдау болғанмен де оны ұқсатып пайдалану бойдағы күш-жігерге келіп тірелетінін әңгімеледі. Және облыс әкімінің алғысын, ыстық ықыласын жеткізді. Шалқар елінде халық үшін жасалып жатқан игі істерді облыс басшысының қолдайтынын айтты.

Сонымен бірге құрметті еңбек демалысында жүрсе де шаруашылыққа араласып, жұмыс істеп жүрген бірқатар ардагерлерді өз атынан Алғыс хатпен марапаттады. «Өмірзақ» ШҚ төрағасы Өмірзақ Жұмабаев, «Дастан» ШҚ төрағасы Сағитжан Аяпбергенов, «Нұр-Әсем» ШҚ төрағасы Алданай Қалиев, «Ержан» ШҚ төрайымы Бибіхан Жұбан, «Жомарт» ШҚ төрағасы Жомарт Сатыбалды және ауылшаруашылық саласының ардагері Есенкелді Бекмағанбетов осындай құрметке ие болды. С.Шаңғұтов осы аталған ардагерлерге «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Мәжіліс депутаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» Бақтықожа Ізмұхамбетовтың «Өмір бәйге» кітабын тарту етті.

Қ. ӘЛИН, «Шалқар».