ҚАЗАНҒАПТЫҢ ІЗІМЕН…

Ұлттық өнерімізде дара жолы бар әйгілі  Қазанғап Тілепбергенұлының  күйшілік өнерін кейінгі буынға жеткізе білген шәкірттерінің бірі — Бақыт Басығараев. 1928-2000 жылдар аралығында өмір сүрген шалқарлық  талант иесі Бақыт Шаңбатырұлы жастайынан түрлі салаларда қызмет істесе де оның жаны домбыра үнімен үндесіп, өнегелі өмірі күй күмбірімен кестеленеді. Талантты шәкірттерді  шығармашылыққа шыңдайтын еліміздің беделді оқу орындарының да төрінде тұрып, кейінгі буынға Қазанғап күйлерін үйреткен Бақыт Басығараевтың есімі ел жадынан бір сәт өшкен емес. Оның өнер өлкесіндегі бірегей болмысын насихаттауға арналған  іс-шаралардан  алар өнеге мол.

Шалқар аудандық  Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінде Бақыт Басығараевтың 95 жылдығына арналған «Қазанғаптың ізімен» атты кеш өтті. Салтанатты шараға қазақтың белгілі өнер зерттеушісі, «Көкіл» мектебінің негізін қалаушысы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Абдулхамит Райымбергенов және зайыбы Сайра Райымбергенова, Бақыт Басығараевтың ұлдары, аталған консерватория профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Ерсайын мен ҚР мәдениет саласының үздігі, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің доценті Еділ, күйшінің немересі, өнер ғылымдарының магистры Бексұлтан Ерсайынұлы, ауданның жасы үлкен ақсақалы, «Халық күйшісі» атағының иегері, қазанғаптанушы Жұмабай Жансүгіров және өнерсүйер қауым қатысты.

Алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Жанболат Жидеханов алып, жерлесіміз Бақыт Басығараевтың халқымыздың дәстүрлі күй өнерінде қалдырған өзіндік қолтаңбасын айта келіп, бүгінгі кешке алыстан арнайы келген күйшінің ұрпақтары мен құрметті меймандарға жылы лебізін білдіріп, қазақы жоралғымен сый-сияпаттар табыстады.

— Қазақтың қасиетті күй өнерінде өзінің жеке мектебін қалыптастырған алыптардың бірі — Қазанғап күйлерінің кәусар бұлағы  сарқылған емес. Қазанғаптай даналардан қалған жауһар өнерді жалғап, көне мұраны дамылсыз дәріптеуде — асқар тау әкеңіз, болмысы бөлек бірегей күйші Бақыт Басығараевтың  еңбегі орасан. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп, дана Абай тәпсірлегендей,  сіздің де әке жолын қуып, күй құдіретін  құрметтеуіңізден — кие дарыған төл өнерімізге деген  іңкәрлығыңызды аңғарамыз. Сізге шын жүректен алғысымды  айтамын. Отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға толағай табыстар тілеймін, — деп, аудан әкімі ғибраты мол кештің өткізілуіне ұйытқы болған күйшінің ұлы Ерсайын Бақытұлына айрықша ризашылық сезімін білдірді.

Кеш бұдан әрі сыр-сұхбатқа ұласып, сахна төріне Абдулхамит Райымбергенов пен Ерсайын Басығараев шақырылып, Қазанғап күйлері, оның өнерін жалғастырушылардың бірі Бақыт Басығараевтың шығармашылығы, өнер өлкесінде келе жатқан кейінгі буынның аяқ алысы төңірегінде тағылымы мол әңгімелер өрбіді.

Осы салтанатты шарада өнер саласының майталмандары Абдулхамит, Сайра Райымбергеновтердің авторлығымен Қазанғап күйлері жинақталған «Күй төресі Қазанғап» атты кітаптың тұсаукесері болды. Жаңа жинақ архивтік және 1962-2021 жылдар аралығындағы фольклорлық экспедиция кезінде түсірілген құнды фотосуреттермен (600-ге жуық) безендірілген. Сонымен қатар, онда Қазанғаптың дәстүрлі күйшілік мектебінің XIX-XX ғасыр аралығындағы төрт ұрпаққа созылған 74 шәкіртінің өмірбаянымен қоса, олардың Қазанғап мұрасын тарихта қалдыруға сіңірген еңбектері жайлы баяндалған. Және Қазанғаптың шығармалары (79 күйі) және оның күйлерін жеткізген тікелей шәкірттерінің бұрын-соңды жарық көрмеген аса құнды үнтаспалары мен бейнекөріністері (120-дан астам фильмдер) QR-код арқылы берілген.

 Қазақтың өнертану ғылымында халық композиторларына арналған мұндай еңбек интерактивті кітап ретінде елімізде алғаш жарияланған еңбектің санатында. Жинақ «Күй төресі Қазанғап», «Властитель кюев Казангап» (орысша) және «Қазанғап. Күйлер» (ноталары) сынды үш томнан тұрады. Автор бұл жаңа кітаптарын ауданымыздағы мәдениет ошақтары мен білім бөлімі басшыларына өз қолымен табыстады.

Салтанатты басқосуда  Бақыт күйшінің ұрпақтары сахна мінберіне кезегімен көтеріліп, тыңдармандарды күй күмбіріне бөледі. Белгілі өнер қайраткері Абдулхамит Райымбергеновтің, жыршылық додаларда аймақ абыройын арттырып жүрген жырау Демеу Жолымбетовтың жыр-шашуларын жергілікті өнерпаздар Динара Шынарбаева, Самат Әлжанов, Рүстем Сейітовтер жалғады.

Көзі тірісінде қара домбырасын қалдырмай «Шалқардың шаң жұқтырмас шаңқанбозы…» атанып,  ұрпағына күй құдіретін сіңірген Бақыт Басығараевқа арналған өнер кешінен көрермен қауым үлкен әсер алды.

 М. КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.