СПОРТТЫ ДӘРІПТЕГЕН ТЕМІРЖОЛШЫ ЕДІ

Шалқар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде әскерилендірілген темір жол күзеті Шалқар стансасы бөліміне отыз жылдан астам басшылық еткен, ардагер Аманғали Құлетовты еске алу спартакиадасы өтті. Спартакиада бойынша футболдан 8, волейболдан 6, теннистен 6 команда  сайысты.

Бұқаралық спортты насихаттауды мақсат еткен шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Жанболат  Жидеханов, «Әскерилендірілген темір жол күзеті бөлімі» ЖШС Ақтөбе филиалының директоры Сарыбай Сәрсенов, ардагердің бауыры, алматылық Әсия Оразқызы сөз сөйлеп, спорт жолында көптеген шәкірттер тәрбиелеп, артына ізгілікті із қалдырған Аманғали Ордаұлының өмір жолына тоқталды.

Шалқар топырағында 1954 жылы өмірге келіп, еңбек жолын алғаш теміржолшылықтан бастап, осы салада ақырғы кезіне дейін түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, жерлестеріне есімі елеулі болған азаматтардың бірі. Әсіресе, жергілікті теміржол саласындағы жастарды спортқа баулуға жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Кезінде өзі басқарған теміржол күзеті бөлімі жанынан құралған шағын футбол командасы талай мәрте облыстағы әріптестерінің де намысын қоса қорғап, ұжымдастар арасында беделдері артқан. Бүгінде осы теміржол күзеті бөлімінің қырағы жігіттерінің қай-қайсы да  Аманғали Ордаұлының талапшыл, жігер жанитын жақсы қасиеттерін айрықша атайды. Сағыныштың ыстық табы сезілген жылы естеліктер ардагер спортшының рухына берілген аста да кеңінен өрбіді.

Өмірден өткеніне 10 жыл болған болмысы биік  азаматқа арналған шараның қорытындысы спартакиада жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне жалғасты. Жалпы командалық есеп бойынша I орынды  әскерилендірілген темір жол күзеті командасы иеленді. II орынға «Қамқор Локоматив» Шалқар депосының,  III орынға №3 Шалқар белгі беру дистанциясының командалары лайықты деп танылды.

М. БОҚАН, Шалқар қаласы.