СОТ ТӨРАҒАСЫМЕН БОЛҒАН СҰХБАТ

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде 3-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», 2-дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгілерінің иегері, Әйтеке би, Ырғыз, Қарғалы аудандарының сот төрағасы болған, қазіргі таңда Шалқар аудандық сот төрағасы қызметін атқарып келе жатқан Оралбек Бақтыгереевпен жастардың сұхбаттасу сағаты өтті.

Алдымен шараға қатысушылар артына аталы сөз қалдырған билер мен жергілікті сот саласында қызмет еткен азаматтарға арналған «Ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер» атты экспозицияны тамашалады. Шараны музей қызметкері Айгүл Қуанжанова жүргізіп, О.Бақтыгереевтің балалық шағы, еңбек жолы, заң саласының адамға жүктейтін жауапкершілігі және бүгінгі сот жүйесінің қалыптасу тарихы жөнінде әңгіме өрбітті.

— Сәл шегініс жасап, сот саласының даму тарихына тоқтала кетсем, қазақ халқы ертеден «Жеті жарғы» сынды заңдар жинағын негізге алып, ел арасындағы билердің билігіне жүгінгені белгілі. Осы ретте мына бір фактіні айтпай кетпесем болмас, Италия елінің Венеция қаласындағы архивте «Төре бітігі» деген заңдар жинағы табылған, онда бұл заң армян халқының қарпімен қыпшақ тілінде жазылған екен. Тарихшылар оны зерттей келе, сол кездегі қыпшақтардың гимні екенін дәлелдеп, нотаға да түсірген.

Мектеп қабырғасында жүргенде кітап оқуға құмар болдым. Әсіресе, детектив жанрындағы кітаптарды жата-жастана оқитын едім. Оның ішінде қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылыстар мен заң үстемдігін қамтамасыз ету жайлы баяндалған  Қазақ КСР прокуроры қызметін атқарған жерлесіміз Өтеген Сейітовтың «Советник юстиции» кітабын оқу арқылы біраз ой түйдім. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері, I Белорус майданына қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алған. Ол тәртіптің адамы еді. Мені адал, әділ, қай істе де тиянақты болуға тәрбиеледі. Міне, осындай жағдайлар заңгерлікті таңдауыма себепші болды.

Мәскеу мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған соң, алғашында прокуратурада  қызмет етіп, кейін сот саласына ауыстым.  Сот жүйесінде қатардағы маманнан сот төрағалығына дейін қызметімде маған бағыт-бағдар берген ұстаздарым болды. Облыстық соттың төрағасы болған Иран Әміров ағамыз судьялық қызметке келгенімде сот процесінде шешім  қабылдағанда өз ісіңе жауапкершілікпен қарауды үйретті.

Судьялардың білімін жетілдіру мақсатында сот академиясында дәрістер өткізіліп тұрады. Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы, кейін академия ректоры болған Тамас Айтмұханбетовтың дәрісін тыңдаудың сәті түсіп, ол кісінің қолынан білімімді жетілдіргені жөнінде сертификат алдым. Дәрісте Тамас Қалмұхаметұлы қазақ халқының билері туралы құнды мағлұматтарымен бөлісті. Осындай парасатты ұстаздарымнан тәлім-тәрбие алғанымды мақтаныш тұтамын.

Әрине, судьялық — үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, бұл жерде адам тағдыры шешілетіндіктен, психологиялық тұрғыдан барлығына дайын болуың керек. Жалпы, мамандықтың жақсысы, жаманы болмайды, өзің қай саланы болмасын нақты көз жеткізіп таңдасаң, сонда ғана нәтижеге жетесің. Сондықтан жастарға айтарым, өз ісіңнің маманы болуы үшін талмай ізденіп, көп еңбектену қажет, — дейді Оралбек Бақтыгереев.

Кездесуде жастар сот төрағасына көкейлерінде жүрген сауалдарын қою арқылы тұшымды жауаптарын алды. Сот төрағасы О.Бақтыгереев қызмет бабында киген судья мантиясын, ҚР судьяларының сьездерінде делегат болып сайланғандығы мандаттары, Ақтөбе облыстық сотының 80 жылдық мерейтойынан естелік медалі мен құжат көшірмелерін музей қорына сыйға табыстады. Өз кезегінде музей директоры Нағима Тлембаева Оралбек Әбішұлына сый-сияпат жасап, мәнді де мазмұны мол сұхбат жүргізгені үшін алғысын білдірді.

М. ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».