ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызындағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізуі туралы» Жарлығы негізінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы, Айшуақ, Бозой, Қауылжыр, Мөңке би ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесулер барысында жергілікті азаматтар өздерінің мазалап жүрген сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Жаңақоныс ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде Қопасор ауылына малды сумен қамтамасыз ететін ұңғыма қаздыру, Шалқар-Қопасор бағытындағы жолды күтіп ұстау мәселелері айтылды. Аққайтымдықтар жайылым жердің тарлығын айта келіп, «жерді алып, пайдаланбай отырған қожалық иелеріне қандай нақты шаралар алынуда?» деген сауалдар қойды.  Сондай-ақ ауыз су тұшытатын қондырғы, қыста ауылішілік жолды тазартатын техниканың қажеттігі т.б. мәселелер сөз болды.

«Ауылға ұялы байланыс орнатылса, ауызсу мәселесі шешілсе» деген сауалдарды Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты Алақозы елді мекенінің тұрғындары қойды. Байқадамдықтар ауылға кіреберіс жолға көңіл бөлінсе деген тілектерін жеткізді. Ойын алаңын салу мәселесі де осы ауылда сөз болды. Айшуақ ауылдық округінде болған кездесулерде де ауылға ортақ мәселелер көтерілді. Оның қатарында түнгі жарықшамдарын көбейту, ойын алаңын салу т.б. бар. Бозой ауылдық округінде округ орталығынан аурухана ашылса деген өтініш айтылды. Сондай-ақ ауылға ортақ мал суару үшін ұңғыма қаздыру, жоспарланған спорт кешенінің құрылысын бастау, ауыл маңында орналасқан қоқыс полигонының орнын ауыстыру т.б. сөз болды.

Қауылжыр ауылдық округінде өткен кездесуде орталық кәріз жүйесіне қатысты мәселелер, мал күтімін ұйымдастыру, зираттарды күтіп ұстау т.б. мәселелер ортаға салынды. Мөңке би ауылдық округінде жоғарыда аталған округтерде көтерілген ұсыныс-тілектерге ұқсас проблемалар айтылды.

Аудан орталығындағы №4 орта мектепте өткен кездесуде Газшылар қалашығынан жаңадан мектеп салу, Цеханович көшесінің түнгі жарықтандыру шамдарын ауыстыру, Байсалбаев көшесін абаттандыру сынды мәселелер қозғалды. №6 орта мектептің қыста жылуын арттыру мәселелері де сөз болды.

Осы көтерілген сұрақтар мен инстаграм желісі арқылы тұрғындар тарапынан қойылған талап-тілектерді аудан басшысы ден қойып тыңдап, шешілу жолдарын айтып берді. Әрбір кездесулерден соң тұрғындармен жеке қабылдаулар жүргізілді. Бұл кездесулерде аудан басшысымен бірге тиісті мекеме, бөлім басшылары да болып, халықтың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.

Өз тілшімізден.