ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ АУДАНЫМЫЗҒА САПАРЫ

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Шалқар ауданында болды. Өңір басшысы облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен, сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша дайындық барысымен танысты. Сапар аясында Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады.

Облыс әкімі алдымен «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шалқар сервис орталығының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған орталық жүк вагондарын, дөңгелек жұптарын күрделі, деполық және ағымдағы жөндеуден өткізеді. Орталық 2021 жылы жүк вагондарына 5 күрделі, 1241 деполық, 195 ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізсе, биылғы жоспар екі есе көп. Сервис орталығының жұмысымен танысып, жұмысшыларымен тілдескен өңір басшысы алдағы уақытта қажетті мамандарды аудан орталығында дайындау керектігін айтты. Ералы Тоғжанов «Ұлы Борсық» 2 жылу беру қазандығының жұмысымен де танысты. 1987 жылы пайдалануға берілген қазандық 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бұл қазандық арқылы Шалқар қаласындағы 3 балабақша, 2 мектеп, екі қабатты 5 тұрғын үй және 42 коммерциялық нысанға жылу жіберіледі.

Бұдан соң облыс әкімі Шалқардағы «Талап» сервистік дайындау орталығының мал сою және ет өңдеу цехына барды. 2009 жылы мал сою цехын салып, өз жұмысын бастаған кәсіпкер бүгінде қызмет түрін көбейткен. Мұнда кез келген ауыл тұрғыны келіп, малын сойып ала алады және ветеринарлық анықтама беретін зертханасы бар. Кәсіпкердің өзі күніне 5-6 мал сойып, 1-2 тонна ет өңдейтінін айтты. Ғимараттың бір бөлігінде жартылай фабрикат өнімдерін өндіреді. Сапар аясында Ералы Тоғжанов «Нұралы» шаруа қожалығының да мал соятын және ет өңдейтін цехының жұмысымен танысты. Асылтұқымды ірі қара өсіріп отырған шаруашылық жылына 1800 тонна ет өнімдерін саудаға шығарады екен.

Облыс әкімі Шалқар аудандық ауруханасының, №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің және құрылысы жүріп жатқан 320 орындық мектептің жұмысымен танысты. Теміржол вокзалы маңында орналасқан №5 мектеп-лицейінің ғимараты 1907 жылы салынған. Бүгінгі таңда 1000-нан астам бала білім алып жатқан оқу ордасы үш ауысыммен жұмыс істеді. Осы мәселені жою мақсатында 2018 жылы мектептің жанынан 320 орынға арналған жаңа ғимараттың құрылысы басталған. Мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап, бүгінгі таңда басқа компания құрылысты аяқтап жатыр. Мән-жайды толық баяндаған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров облыс әкіміне жыл соңына дейін жұмысты толық аяқтап, тапсыратындарын жеткізді.

  Шалқар көлінің 45 пайызы тазарған

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстарының барысын көрді. Көл жағасында ауданның ақсақалдарымен кездесіп, олар көтерген ортақ мәселелерді тыңдады. Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары үш жылға жоспарланған. Жобаға 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылыпты. 2021 жылы басталған жұмыстың бүгінгі таңда 45 пайызы орындалған. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров қалған жұмыстар жоспар бойынша келер жылдың соңына дейін аяқталатынын айтты.

Айта кетейік, аталған жоба сәтті жүзеге асса, көлдің орташа тереңдігі 2,11 метрден 4,5 метр-ге дейін жетеді. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов алдағы уақытта Шалқар көлінің маңында тұрғындарға арналған жағалау жасау жоспары барын айтты. Көл маңы абаттандырылып, жастар мен балалар алаңы пайда болады.

Елдің мұңы — жолдың жайы

Мемлекет басшысының жолдардың сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жол мәселесі облыс әкімінің ерекше бақылауында. Шалқар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңір басшысы аудан аумағында салынып жатқан жолдарды барып көрді. Алдымен Шалқар қаласындағы ағайынды Қалжановтар көшесіндегі жаңартылған жол төсемі мен «Оңтүстік айналма» жолының 3,6 шақырымындағы орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Шалқардағы биылғы жылдың маңызды жобаларының қатарында Шалқар-Бозой-Өзбекстан Республикасының шекарасы автожолының 80-95 шақырымдық бөлігіндегі орташа жөндеу жұмыстары да бар. Мердігер «Жалаугер НС» ЖШС өкілі жұмыс жоспарға сай жүріп жатқанын және бір айдың ішінде аяқталатынын хабарлады. Аталған мекеме бүгінгі таңда аудан бойынша 9 жобаны жүзеге асыруды өз міндетіне алған. Қазір оның 8-і толық аяқталып тұрғанын айтты. Бұл мекеме келесі жылы халықаралық автожолдың 95-тен 115 шақырымға дейінгі бөлігін жөндеуге кіріседі. Мердігерлер Ералы Тоғжановтан қысқы уақытта материалдарды сатып алу және дайындық жұмыстарын жүргізу үшін алдын ала 500 миллион теңге қаражат бөлуді сұрады. Бұл қаражат 2023 жылы жобаны жүзеге асыруды тездетеді. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдады. Сондай-ақ компания Ақтөбеде 5 мың тонналық битум қоймасын салуды көздеп отыр. Аймақ басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға аталған жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуді тапсырды.   

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі битумды қыс мезгілінде сұраныс аз кезде барынша сатып алу міндетін қойған болатын. Бұл ретте битумды сақтау шығындары қыс пен жазда өнімнің өзіндік құнының үлкен айырмашылығына байланысты экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Қазіргі уақытта Ақтөбеде 10 мың тоннаға арналған қойма жұмыс істеп тұр, «Батыс айналма» жол құрылысы жобасы аясында тағы 2 мың тоннаға арналған қойма салынуда. «Жалаугер НС» ЖШС битум қоймасының құрылысы жобасын жүзеге асыру нәтижесінде облыс қысқы кезеңде 20 мың тонна битум дайындауға мүмкіндік алады.

Екі ауылдық округ «Ауыл аманаты» жобасына қатысады

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес әр ауылдың әлеуетін зерделеу мақсатында өткізілген скрининг қорытындысы бойынша Шалқар мен Есет Көтібарұлы ауылдық округі «Ауыл аманаты» жобасына қатысады. Тұрғындардың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба іске асса, күтілетін нәтиже де жаман емес. Түсіндіру жұмыстарынан кейін ауыл тұрғындары мал шаруашылығын, егін шаруашылығын дамыту, басқа да салаларда шағын кәсіпорындар ашу мақсатында 90 жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді. «Ауыл аманаты» жобасына әлеуетті қатысушылардың жобаларының басым бөлігі мал шаруашылығы мен өнімді қайта өңдеу саласына қатысты. Өкінішке қарай, жобаға қатысушылар арасында көкөніс өнімдерін өндіруге ниет білдіргендер қарасы көрінбеді.

  «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде ауданда ауыл шаруашылығы саласының көптеген көрсеткіштері бойынша айтарлықтай өсім күтілуде. Биыл жыл басынан бері Шалқар ауданында ірі қара мал саны — 12%, жылқы 49,1% өскен. 13,5 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. 

Айта кетейік, жобаға қатысушылар ауылда тұрып жатқан үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Қаражатты алу тетігі барынша оңайлатылған. Жобаға қатысушы ауыл тұрғындары кооперативтерге біріге алады, бұл оларға қажетті техниканы лизингке сатып алуға мүмкіндік береді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Бұған дейін Жамбыл облысында сынақтан сәтті өткен «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын кеңейту — Президенттің тікелей тапсырмасы. Біз жобаны жүзеге асыруға барынша жауапкершілікпен қарауымыз керек. Оның басты мақсаты — әрбір отбасын тұрақты, лайықты табыспен қамтамасыз ету. Шалқар ауылдық округінде еңбекке жарамды тұрғындардың 50 пайызға жуығының тұрақты жұмысы жоқ. Ал олардың барлығы жеке қосалқы шаруашылығын тұрақты табыс көзіне айналдыра алады, — деді Ералы Тоғжанов.

Нақты міндеттер қойылды

Ералы Тоғжанов Бершүгір ауылдық округінің маңында орналасқан «Ақшат-Ақтөбе» ЖШС зауытында болды. Жалпы аудан бойынша жер қойнауын пайдаланушы 12 компания болса, оның 8-і Бершүгір ауылдық округі маңында орналасқан. Компаниялардың алды өз жұмыстарын 1996 жылдан бастаған. Бершүгірліктер бұған дейін де аталған компаниялардың кесірінен шаң жұтып отырғандарын айтып, мәселе көтерген еді. Бұл жолы ауылдың жағдайымен облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі танысып, мәселені бақылауға алды. Жер қойнауын пайдаланушылардың алдына нақты міндеттер қойды. Жыл сайын кәсіп-орындар 7-8 миллион тонна қиыршық тас өндіреді, бірақ белгілі болғандай, олар ауылдың да, ауданның да әлеуметтік мәселелерін шешуге осы уақытқа дейін атсалыспаған.

— Мына компаниялардың алды 1996 жылдан бастап жұмыс жасап жатыр. Осы уақытқа дейін ауыл жолының барлығын асфальттап беретін уақыттары болды. Ауыл ішін көріп, тұрғындарымен кездестім. Олар осы шаңның салдарынан малдың өкпесі қарайып кететіндерін айтып отыр. Мына жерде екі мыңнан астам тұрғын тұрады. Ауылды көркейтіп, көшесін жөндеп, саябақ салып беретін әлеуеттеріңіз бар. Сіздер осында жұмыс істейсіздер, сондықтан ауылға, бүкіл ауданға әлеуметтік бастамаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға көмектесулеріңіз керек. Бұл талап барлық жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты, — деді облыс әкімі.

Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша экология заңнамасының нормаларын сақтау мәселесімен және оны шешудің нақты жолдарын анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына экологтар, санитарлық дәрігерлер, прокуратура және басқа да уәкілетті органдардың өкілдері кірді.

Айта кетейік, осы мәселені жедел шешу мақсатында Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бірінші басшыларының қатысуымен кеңес өткізіліп, оларға қиыршық тас карьерлерінің жанында орналасқан елді мекендердің тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және абаттандыру жөнінде тапсырма беріледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ, «Ақтөбе» газеті.