ТӨРТ АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы негізінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов 8 сәуір күні Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті.

Кездесу алдымен Жаңақоныс ауылдық округіне қарасты Қопасор ауылынан басталды. Ауыл мектебінің шағын спорт залында өткен жүздесуде округ әкімі Манас Каюпов жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Бұдан соң аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауданда жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— 2022 жылдың 1 наурызына  аудан бюджетіне 836,1 млн. теңге түсіп,  кіріс бөлігінің болжамды көрсеткіштері 143,9% орындалды немесе 255,1 млн. теңге артық түсті. Өткен жылмен салыстырғанда 87,7 % немесе 117,3 млн. теңгеге кем.

Аудан бюджетінің шығыстары 2425,9 млн. теңгені құрап, 100,0% орындалды. Осы жылдың екі айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптік  өнім өндіру көлемі 3476,7 млн. теңге құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 187,3 %.

Жалпы өнеркәсіптік өнім көлемі көрсеткіші 4 сала бойынша қорытындыланып шығарылады.  Оның ішінде,

1) Тау-кен өнеркәсібінде 1743,3 млн. теңгенің өнімі өндірілді, нақты  көлем  индексі 164,8%.  2) Өңдеу өнеркәсібінде 1431,4 млн. теңгенің өнімі  өндірілді, нақты көлем индексі  232,2 %. 3) Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау бойынша 238,4 млн. теңге, НКИ  93,0%. 4) Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау бойынша 63,5 млн. теңге, НКИ 148,5%.

Өндірістің жалпы көлемінен 50,1 пайызды тау-кен өндірісі құрап отыр.    Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 41,2 пайызды құрады.

Негізгі капиталға 1264,8 млн. теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі 47,8 % (облыста 113,0 %).

Ауыл  шаруашылығының жалпы   өнім  көлемі  1204,5 млн. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,3% құрады (облыста 100,8%). Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша  1188,3 млн.теңге. (НКИ 107,4 %).

Мал  басы  мүйізді  ірі  қарадан   44,3 мыңға (105,9 %), қой-ешкіден 98,4 мыңға (101,8 %), жылқыдан 35,0 мыңға  (125,8 %), түйеден 12,3 мыңға (105,2 %), құстан 5,2 мыңға (110,6 %) жетті.

Алыс жайылымдарды суландыру мақсатында 20 ұңғыма қазу жоспарланып, бүгінгі күнге аудан бойынша 3  ұңғыма қазылды. Оның ішінде Жаңақоныс ауылдық округінен — 2, Мөңке би ауылдық округінен — 1. Қалған округтерде жаз айларында қазу жоспарлануда, — деді аудан басшысы аталған ауыл тұрғындары алдында жасаған баяндамасында.

Қопасор ауылының тұрғыны Т.Мұңайтбасов ауыл шетіндегі Қылышбай деген жерден су ұңғымасы қазылса, Қопасорға келетін жол қатынасы қыста реттелсе, көктемде көлік өтетін көпір жөнделсе деген көптің тілегін жеткізді. Бала саны азайған Қызылту негізгі мектебінің келешегі де айтылды. Округ орталығында өткен кездесуде еңбек ардагерлері К. Бекбергенов, Қ. Кемал бір округке арнайы жедел жәрдем көлігі қажет деп ұсыныс айтса, ауыл жастары мәдениет үйі болса деген тілегін жеткізді. Аққайтым ауылын құм көшкінінен сақтау мәселелері де көтерілді.

Алақозы елді мекенінде өткен кездесуде тұрғындар «Beeline» байланысын орнатуды сұрады. Сондай-ақ, іргелі шаруалардың әкімшілік жайылым жерлерді дұрыс пайдалануын қадағалауды әкім назарына салды.

Есет Көтібарұлы ауылдық округі орталығында өткен кездесуде ауыл әкімі Мирамғали Кенжалин үш айда атқарған жұмыстарын баяндады. «Жомарт» шаруа қожалығының төрағасы Ж.Сатыбалдин жазғы шөп шабу науқанында өрт сөндіретін көмекшілердің жұмысын реттеуді, шаруа қожалықтарын уақытында жайлауға көшіруді қолға алуды сұрады. Ардагер Ж.Піралин Байқадам ауылына кіреберіс жол дұрысталса деген ұсыныс айтты.

Аудан әкімі және онымен сапарлас  болған бөлім басшылары аталған төрт ауылда өткен кездесулердің соңында тұрғындарды жеке қабылдады. Аудандық прокуратура қызметкері телефон алаяқтығы жөнінде мәлімдеме жасады.

Аудан әкімі тұрғындар айтқан талап-тілектердің бәрін назарда ұстайтындығын және шешілу жолдарын қарастыратындығын жеткізді. Кейбір сауалдарға кездесу барысында нақты жауаптар берілді. Аталған екі округтің әкіміне тұрғындардың әлеуетін көтеру мақсатында һәм шаруалардың істерін өрлету тұрғысында жұмысты ширату тапсырылды.

М.БОҚАН.