ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕР НАЗАРДА БОЛАДЫ

Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың аудан тұрғындары алдында қорытынды есеп беру жиыны аудандық Мәдениет үйінде өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, облыстық мәслихаттың депутаты Сұлупан Шынтасова және жергілікті мекеме, бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, т.б. жауапты азаматтар қатысты.

Есеп беру жиынында Мәдениет үйінің үлкен сахнасындағы бейнеэкраннан ауданда атқарылып жатқан жұмыстар, алға қойылған жоспарлар жайы туралы ақпараттар көрсетілді. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Шалқар ауданының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2022 жылға арналған міндеттері аясында қысқаша шолу жасап, алға қойылған жоспарларымен бөлісті.

Ел Президентінің 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі», 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында айтыл-ған міндеттер мен соған орай қабылданған кешендік шаралардың барысы,  «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар төңірегінде кеңінен мағлұматтар берді.

— Өткен жылдың 1 желтоқсанына аудан бюджетіне 3915,7 млн. теңге түсіп, кіріс бөлігінің болжамды көрсеткіштері 125,0% орындалды немесе 782,7 млн. теңге артық түсті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 701,2 млн. теңгеге (2020 жылы – 3214,5 млн. теңге) артық. Салық салу базасын кеңейтудің іс-шаралар жоспары  бойынша 11 айда қосымша  64,5 млн. теңге салық түсімдері есептелді. Аудан бюджетінің шығыстары 12485,8 млн. теңгені құрап, 97,4 % игерілді.

Өткен жылы аудан кәсіпорындары  15122,2 млн. теңгенің өнімін шығарды. Өндірістің жалпы көлемінен 54,9 пайызды тау-кен өндірісі құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 38,4 пайызды құрады. Өңір экономикасын дамытудың басымдықтарының бірі — инвестиция тарту. 2021 жылы аудан экономикасына 20946,3 млн. теңге инвестиция тартылып, өсім 2,8 %-ды құрап отыр. Тартылған инвестицияның 82,2 %-ы меншікті қаражат болса, 17,0%-ы бюджет қаржысы.

2021 жылы тартылған қаражаттың басым бөлігі газ мекемелерінің қайта жарақтау, күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Бюджеттік қаржы  республикалық,  облыстық, аудандық  бюджет есебінен еліміздегі қолданыстағы түрлі бағдарламалар аясындағы  жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.  «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» шеңберінде 2 жоба жүзеге асырылуда.

Олар: Шалқар қаласындағы 320 орындық мектеп құрылысы; Қарашоқат ауылындағы 120 орындық мектеп құрылысы.

«Ауыл — Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде өңірдің ауылдық елді мекендерінің ин-фрақұрылымын дамыту мақсатында 4 жоба  қаржыландырылды, — деді аудан басшысы.

Қазіргі таңда ауданның барлық елді мекендері электр қуатымен тұрақты қамтылған. Есепті кезеңде Шалқар қаласы көшелерін, айналма жолдарын жарықтандыру бойынша бес жоба жүзеге асырылған.

    Аудандағы 33 елді мекенінің 12-і көгілдір отынды пайдалануда, бұл жалпы халық санының 85,1 % немесе 39,0 мың адамды құрайды. Өткен жылы аудандық бюджет қаржысына Есет ата және Қопасор ауылдарын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталған. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2024-2025 жылдары 8 ауыл газдандырылады деп жоспарлануда. Орталықтандырылған ауыз сумен қала және 26 ауылдық елді мекен қамтамасыз етілген. Бұл жалпы халық санының 98,6% немесе 45,1 мың адамды құрайды. Құрылыстары өткен жылы басталған Мөңке би ауылының, Шалқар қаласындағы М.Шыманұлы ауылының су желілерінің жұмыстары аяқталады. Қайдауыл, Ақтан батыр ауылдарының су желілері қайта жарақталады.

Есептік жиында қала тұрғындары тарапынан сұрақ-жауаптар мен ұсыныс-тілектер болды. Қаланың даму аймағынанмын деп сөз алған Исатай Өтегенов қалаішілік жолдарға әлде де көңіл бөлу қажеттігін айтты. Кішіқұм ауылдық округінен келген Нұрдәулет Сейілханов Шілікті ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесін алға қойып, сол бағытқа қатынайтын автомобиль жолдарының әлі де түбегейлі шешілмей келе жатқандығын жеткізді. Өзге де шығып сөйлеушілер қатарында аудан орталығынан «ҚазМұнайГаз» жанар-жағар май бекетін салу, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын түзету кабинетінің жұмысын жандандыру, ойын алаңдарын көбірек салу, көше тазалығымен айналысатын жұмысшылардың еңбегін ескеру тұрғысында ұсыныс-тілектер айтылды. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген Есет-Дәрібай кесенесіне тұрақты көңіл бөлініп, болашақта сол жерді туристік орынға айналдыратындай іс-шаралар қабылданса деген ұсынысын айтты. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қуанышбай Мұздақов жайылым жерлерді ұқыпты пайдаланып, мал шаруашылығын ілгерілендіру ісіне тиісті орындарды салғырт қарамауға шақырып, өзінің ақыл-кеңесімен бөлісті.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов тұрғындар тарапынан айтылған бұл ұсыныс-тілек, өтініштерінің барлығын назарға алатындарын жеткізіп, нақты жауаптарын берді. Сондай-ақ ол қорытынды сөзінде ауданда алда жасалатын жұмыстардың бірқатарымен таныстырып, елді ауызбіршілікпен, мемлекетіміз бойынша алға қойылған мақсат-мүдделер жолында еңбек етуге шақырды.