ҚЫЗМЕТТЕРІНЕ РИЗАМЫН

Мен бала-шағаммен сонау тоқсаныншы жылдардан бері кәсіптің соңында келемін. Отбасымның тірегі ретінде әу баста өзім қимылдап, тірлік қамымен саудаға шықтым. Есейісімен балаларымды да осы жолға ерте баулыдым. Шүкір, уақыт ағымымен сол тірлігімізді әлі жалғастырып отырған жайымыз бар. Қандай істе де алдыңнан тақтайдай тегіс жол шыға бере ме?!.  Осы сауданың жолында біздің де талай қиындықтарға тап келгеніміз рас. Оның бәрін ертеңге деген нық сеніммен жеңе білдік деп білемін. Алайда біреудің жылдар бойғы еңбегіне сұқтанып, оңай олжалағысы келетіндерді мүлде түсіне алмайсың.

      Жақында Шалқардағы теміржол вокзалының қарсы бетіндегі дүкенімізге түнде ұры түсті. Оны ертеңгілік жұмысына келген зайыбым Лида байқап, дереу тәртіп сақшыларына баяндаған. Оңай пайда іздеуші дүкенге кіріп шығар қуыс тесікті тәуір білетінге ұқсайды. Жолын тауып, дабылқаққыштардың үнін өшіріпті. Құрылысқа қажетті бірталай құралдар мен іште қалған азын-аулақ ақшаны үптеп үлгеріпті. 

   Осы оқиғаға орай зайыбыммен тілдескен учаскелік инспекторлар, полиция майоры Дарын Бисенбаев пен полиция капитаны Жасұлан Мұхамеджанов та «ұры осы ішті бұрыннан білетін біреу болғаны-ау», деп жорамалдапты.  Уақыт оздырмай тәжірибелі майор мен капитан осыған қатысы бар күдіктіні құрықтады.  Біз учаскелік инспекторлардың бұл ыждағаттылығына риза болдық. Жетпіске иек артқан шағымда қолыма қалам алуым — сол жұмысына адал тәртіп сақшылары Дарын Жаңбырбайұлы мен Жасұлан Асхатұлына алғысымды білдіру еді. Ұғына білгенге полиция елдің қорғаны ғой.  Ал «ұрлықтың түбі—қорлық» екені о бастан белгілі емеспе еді?!

Жанат ОРАЗАЛЫ, ардагер кәсіпкер.