Атқарылған жұмыстар аз емес

Өткен аптаның жұмасы күні қала әкімі Тұрлан Төлегенов «Шалқар қаласының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттері туралы» тұрғындар алдындағы есебін берді. Есеп аудандық «Шалқар» газетіне алдын ала жарияланғандықтан көпшілік қалада атқарылған істермен бұған дейін де хабардар болатын.
Кездесу барысында қала тұрғындары өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды, ұсыныс-тілектерін айтты. №2 мектеп-гимназиясының жастарынан құрылған «Ізгілік» тобының жетекшісі Мөлдір Жоламанова қала жастарының уақыттарын тиімді пайдалану үшін спорт кешендерінің керектігін алға тартты. Қала әкімі көтерілген сұрақтың дұрыстығын айтып, биылғы жылы Жұмысшылар қалашығынан ангар типтес бір спорт кешенінің және Айшуақ-Бозой трассасы бағытындағы №8 орта мектеп қасынан ішінде бассейні бар тағы бір спорт кешенінің бой көтеретінін жеткізді. «Бұл күнде жобалық-сметалық құжаттамалары сараптамады тұр, ол біткеннен кейін қаражаттары бөлінеді» деді. Және де биыл екі воркаут, үш қосымша балалар ойнайтын алаң салынатынын айтты.
Білім саласының ардагері Нұрлан Майкөпов бұрын көтеріліп келе жатқан №2 мектеп-гимназиясы ғимаратына жөндеу жұмысын жүргізу жайын қайта қозғады. Және осы гимназия орналасқан ауданда жаз мезгілінде ауыз су тапшылығының да сезілетінін назардан тыс қалдырмады. Қала әкімі аталған мектептің күрделі жөндеуіне жобалық-сметалық құжатының жасалғанын, ол үшін 115 млн. теңге ақша бөлінгенін айтты. Сонымен қатар, бұл беттегі ауыз су тапшылығын жою үшін онымен тікелей айналысатын «Ұлы Борсық» кәсіпорнына тапсырма берілетіні жеткізілді.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманғали Серікбаев қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын, осында жұмыс жүргізіліп жатқан 67 шаруа қожалықтарының мал сандарын көбейтіп, бау-бақшаларын егіп, еселі еңбек етуде екенін тілге тиек етті. Және қыс айларында ауданда 10 мың қараға, қалада 4 мың қараға дейін соғым сойылатыны жөнінде дерек келтіріп, ортаға сол малдардың терілерін қайда жібереміз деген сауал тастады. «Мал терілерін қабылдайтын пунктін неге ашпасқа?» деген ойын да жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев бұл сауалға жауап бере келіп, бір кездері осы мәселемен айналысып көргенін, жалпы біздің өңірімізде өсетін мал терілерінің сапасы өте төмен сортқа жататынын, сондықтан да нарықта оған деген сұраныстың аз болып тұрғанын айтты.
Еңбек ардагері Аманкелді Қалыбаев соңғы кезде қала тазалығының жақсара түскенін атап өтті. Осы шаруамен айналысатын «Таза қала» ЖШС-ның жұмысына көңілі толатынын, жалпы қала әкімшілігінің кәсіпорындармен, құқық қорғау органдарымен үйлесімді жұмыс істеп отырғанын, кәсіпкер Ж.Нашановтың ет өңдеу цехы секілді кәсіпорындар көбейсе, халыққа оның пайдасы көп екенін, енді қала халқына сүт өңдеу цехының қажет екенін айтты. «Сол кезде халық сапалы сүт өнімдерін пайдалануға қол жеткізеді, сапасы күмәнді қолдан сүт алмайтын болады» деген ойын жеткізді.
Қала әкімі есебін қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаев мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасы бойынша тұрғындардың сауалдары, талап-тілектері, ұсыныстары тыңдалып, оларды мүмкіндігінше шешу жолдарын қарастыру кез-келген деңгейдегі әкімдердің міндеті екендігіне тоқталды. Және тұрғындарды атқару органдарымен үйлесімді жұмыс істеуге шақырды. Мәселен, қандай да кемшіліктерді бірден әлеуметтік желілерге жүктемей Сall сenter-лерге жолдап, онымен кері байланыс орната отырып мәселелерді шешу өте тиімді болатынын жеткізді. Осындай екі жақты үйлесімді жұмыс өткен жылғы пандемия кезінде де жақсы пайдасын тигізгеніне тоқталды. Сонымен бірге, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық әлі де орын алып отырғандығын айтып, оның алдын алу үшін қоғам болып күресуге шақырды. Ауданымыздың айнасы — Шалқар қаласы екенін айта келіп, қала әкімшілігінің қолдан келгенше көптеген жұмыстарды тиімді атқарып келе жатқанын, биылдың өзінде біртақар көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары, тағы да басқа игілікті істердің жүретінін айтты. Туған мекеніміз — қаламыздың әртарапты дамуы үшін тұрғындарының оған біркісідей атсалысуы әрқашанда маңызды екеніне тоқталды.
Жалпы кездесу барысында шығып сөйлеген тұрғындар қала әкімінің өткен жылғы жұмыстарын қанағаттанарлық деп бағалап, алға қойған міндеттерін қолдайтындарын жеткізді.

Қ.Әлин, «Шалқар».