ҰБТ қорытындысы

Шалқар ауданы бойынша Ұлттық бір-ыңғай тестілеу (ҰБТ) 22-23 маусымда өткізілді. Биылғы жылы орта мектеп бітірушілер саны — 454, маусым-шілде айларындағы тестілеуге өтініш бергендер саны — 364 (80%), онлайн тіркелгендер саны — 305, дәстүрлі әдіспен тіркелгендер — 59. Қазақ тілінде тапсырғандары — 347, орыс тілінде тапсырғандары — 17.
Қала мектептерінен — 231, ауылдық мектептерден — 133. Тестілеу кезінде санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты аудиторияларда отырғызу орындары қысқартылды. Бірінше лекте 195 түлектен 3 тестке қатысушы түлек өз еркімен келмей қалды, қатысқан 192 түлектің 8-і аудиторияда тыйым салынған заттармен ұсталып, тесттен шығарылды. Екінші лекте қатысуға тиісті 169 мектеп бітірушінің 4-і өз еркімен келмей қалып, 165 түлек тестке қатысты. Карантин кезінде барлық санитарлық-медициналық талаптар қатаң сақталды. Түлектер дезинфекциялық тоннельден және аяқ киім залалсыздандыруға арналған дезинфекциялық кілемшеден өткізіліп, санитарлық маскалары ауыстырылып, аудиторияларға кіргізілді. Түлектер тест кезінде де аудиторияларда санитарлық маскаларын ауыстырып отырды.
2020 жылғы маусым айындағы тестілеуден бастап ҰБТ тапсырғандығы жөнінде түлектердің қолына сертификат берілмейді. Түлектер testcenter.kz сайтындағы әр оқушының жеке кабинетінде барлық тестілеу аяқталған соң көре алады. Түлектер жоғарғы оқу орындарына құжат тапсырғанда базадан көрініп тұрады.
Барлық мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тілейміз.

К.ТӘЛИПОВА,
Ұлттық тестілеу орталығы Шалқар қаласындағы филиал басшысы.