«ЖАС САРБАЗ» ЖАС ҰРПАҚТЫ ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМГЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561 «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылдың 13 ақпандағы №840 Жарлығына, Шалқар ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 26 ақпандағы «2019 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету туралы» №51 қаулысына сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарды алдын ала сапалы іріктеу және командаларға берілген жасақты толығымен орындау мақсатында медициналық шақыру комиссиясы жасақталып, негізгі, қосалқы құрамы толығымен дәрігер мамандармен және аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен қоғамдық тәртіптің сақталуы қамтамасыз етілді. 2019 жылдың көктеміне әскерге шақыруға берілген жасақ артығымен орындалды.
Ал қазір азаматтарды күзгі мерзімді әскер қатарына аудан жастарының әскер қатарына шақырылуға деген құлшынысы жаман емес. Әрине, әскери қызметте қойылатын талап та күшті. Анығырақ айтсақ, мықты денсаулық және жоғары моральдық-психологиялық жағдай. Мерзімді қызмет сарбаздары қатарына тек үздіктердің үздігі түседі. Сарбаз болу әркімнің қолынан келе бермейді, себебі, іріктеу жүйесіне бірнеше параметрлер енгізілген. Олар — медициналық көрсеткіштер, білім деңгейі, психологиялық және моральдық тұрақтылық. Әскерге алынып, сарбаз сапына қосылып, әскери өмірді көру, одан қалды, түрлі техниканы меңгеру — ер азаматтарға артылған абыройлы міндет. Бүгінгі әскерге тек төзімді, озық ойлай алатын жастар ғана алынады. Әскери өмір — қатаң тәртіп. Жаңадан шақырылған жауынгерлер үшін қиын болатыны адымдау, сапқа тұру. Алғаш келген кезде адамға, әрине, қиын, бірақ оған да үйренеді. Жас жігітті әскери өмір дұрыс тәлім-тәрбие, жинақылыққа, мәдениеттілікке, Отанын сүюге үйретеді. Сарбаз жауынгерлік әрекет кезінде қажетті нәрселердің барлығына машықтанады. Қару ұстауды, жауынгерлік әзірлікті, қоян-қолтық ұрысты, ұшақ, тікұшақтан секіруді үйренеді. Әскер — үлкен тәрбие мектебі. Әрбір ер балаға, әскер нағыз жігітке тән мінезді қалыптастырады, Отанға деген сүйіспеншілігін күшейте түседі.
Қазіргі таңда елімізде «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының республикалық қоғамдық бірлестігінің филилалдары құрылып, жұмыс жасауда. Олардың мақсаты жастарымызды терең идеялық нанымдылығы мен жоғары адамгершілігін қалыптастыру, жаңа қазақстандық патриотизм сезімдерін сіңіру және өскелең ұрпаққа патриоттық сезімді және өзінің Отанын қорғауға әзірлеу, адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу мақсатында жұмыс жасайды. Осыған орай, ауданымызда жалпы орта білім беру мектептерінде 9-10-сыныптардағы жасөспірімдер арасында 30 «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптары құрылып, 756 жасөспірім тәрбиеленуде. Әрбір «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының девиздері, әнұрандары, эмблемалары және киім үлгілері бекітіліп берілген. Әрбір «Жас сарбаз» тәрбие алушыларына куәліктер берілді және сыныптардың жылдық жоспарлары әзірленіп, бекітілді.
Алғашқы әскери дайындық кабинеттерінде «Жас сарбаз» қозғалысының қызметі туралы ақпаратты айқындайтын стендтер мен оқу-жаттығу құралдары жабдықталған.
Сонымен қатар, әскери қызметтің беделін арттыруға және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің имиджін көтеруге бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізілуде.

Мейрамбек САҚЫП,
ауданның қорғаныс істері
жөніндегі бөлімінің бастығы.