БЕКСҰЛТАННЫҢ ӨНЕРДЕГІ БЕЛЕСІ

Аудандық Оқушылар сарайы вокал үйірмесінің қатысушысы Бексұлтан Төлеусары жақында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен «Мой шаг к успеху» атты халықаралық байқауына қатысып, І дәрежелі лауреат атанып, аудан мерейін үстем етті.
«Алматы-Маңғышлақ» пойызынан Бексұлтанды Қайрат Тілеш және Айгүл Шалабаева бастаған Оқушылар сарайы мен №3 орта мектебінің ұстаздары және сыныптастары үлкен қошеметпен күтіп алды. Қуанышты сәтте жиналған қауым Бексұлтанды жетістігімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
Бексұлтан 2017 жылдан бері вокал үйірмесіне қатысып, көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтсақ, «Нұрталап — 2017» республикалық ән байқауы, «Ұлы дала ұрпағымыз» республикалық балалар мен жастар ән байқауының бас жүлдегері, «Әлем Талант Stars» ІІ Халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық фестивалінің ІІ дәрежелі лауреаты, «Жаңа ғасыр таланттары — 2018» облыстық ән байқауының, «Шығармашылық әлемі» республикалық фестиваль байқауынан І орын, Түркістанда өткен «Қазақстан үміті» жас өнерпаздар байқауының бас жүлде иегері, Алматы ІІ Халықаралық «Ұлы дала ұрпағымыз» балалар мен жасөспірімдер байқауының ІІ дәрежелі лауреаты, ұлттық «Бала дауысы — 2019» балалар ән байқауының лауреаты, «Жеті өнер» ІІІ Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль конкурсының, «Zhas-Onerpaz» республикалық балалар және жасөспірімдер байқау-фестивалінің, «Достар дауысы» телевизиялық байқауының бас жүлде иегері, Болгарияның Золотые пески қаласында өткен «Золотая мечта — 2019» халықаралық фестиваль-конкурсында І орынды иеленді. Өнер мен білімді қатар алып жүрген Бексұлтан №3 орта мектебінің 7-сыныбында оқиды. Озат оқушылардың бірі.
Оның осындай жетістіктерге жетуіне өнер жолындағы ұстазы Гүлжанат Есалинаның да еңбегі зор. 2007 жылдан бері аудандық Оқушылар сарайында «Назқоңыр» вокал үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс жасайтын Гүлжанат Бисекенқызы талай таланттарды шыңдады. Шәкірттері Мереке Кенжеғұлов, Гүлназ Баймұратқызы, Марғұлан Ілиясов, Алмат Үдешов, Фатима Бердібекқызы, Ақмерей Тәңірбергенова, Айым Ұзақбай көптеген жарыстарға қатысып, топ жарды.
Г.Есалина шәкірттерін түрлі деңгейдегі байқауларға дайындағаны үшін көптеген Алғыс хаттары, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары, «Өнер саласының үздігі», «Ең үздік музыка жетекшісі» төсбелгілерімен марапатталған.
Кеше ғана Мәскеу қаласында өткен «Мой шаг к успеху» халықаралық байқауына белсенді қатысып, өскелең жас ұрпаққа музыкалық-эстетикалық тәрбие берудегі шығармашылық жұмыстары үшін «Шаг за шагом» халықаралық Арт-Орталығының бас директоры Адам-Устиновская Нораның Алғыс хатымен марапатталды.
— Бексұлтан үйдің кенжесі. Кішкентайынан бастап ыңылдап, ән айтып жүрді. Осы қабілетін байқап, біз оны 3-сыныптан бастап Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің вокал сыныбына, одан кейін қосымша аудандық Оқушылар сарайының вокал үйірмесіне бердік. Осы екі өнер ордасының да Бексұлтанның шығармашылық қабілетінің шыңдалуына септігі зор.
Баламызды халықаралық байқауға дайындап, жеңімпаз атануына септігін тигізген ұстазы Гүлжанат Есалинаға отбасымыздың атынан алғысымызды білдіреміз, — дейді Бексұлтанның анасы Айнагүл Әжімадинова.
Біз де Бексұлтанды жетістігімен құттықтай отырып, алда да биік белестерді бағындыра беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

С.МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ,
«Шалқар».