Жылқыайдар батыр ЕРЛІГІ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Кішіқұм ауылдық округі аумағындағы Жылқыайдар батыр қорымына экспедиция ұйымдастырды.
Қарашоқат негізгі орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Б.Қасымова ауданда жарық көрген «Шежірелі өлке» газетінің 2008 жылғы №28 санында ғы журналист Манасбай Оралбаевтың «Қыз Жібек кім?» атты мақаласынан алынған тарихи деректермен экспедиция мүшелерін таныстырды.
Жылқыайдар батырдың шыққан тегі шежірешілердің жазуы бойынша, «Әлімнен Жаманақ (Шекті),одан Шыңғыс, Шыңғыстан жалғыз баласы Жақайым, Жақайымнан Ағыс, Көгіс, Ақбура, Тоқбура (Шалбура) өрбиді. Осы Тоқбураның Бердіқұлынан Келіс, Келістің үш баласының бірі—Қожас. Қожастан Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке, Жамансары деген бес бала туады.
Сырлыбай Қожасұлы 1660-1740 жылдар шамасында ғұмыр кешкен. Сырлыбайдың екінші әйелі қалмақ қызы Зәріпбикеден Жылқыайдар туған. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған кейіпкеріміз ел ауызындағы әңгімелер арқылы батырлығымен ел есінде қалған Жылқыайдар Сырлыбайұлы туралы болмақ .
Көне көздердің айтуынша, Сырлыбай би Кіші Борсық құмының бойын жайлап қыстаған деседі. Ол расымен де шындыққа жанасатын тәрізді. Оған дәлел Қарашоқат жерінен бірнеше шақырым жердегі құм жағалауында Сырлыбайдың кенже інісі Жамансарының белгісі бар. Одан бері келе құмның іргесінде Жылқыайдар бұлағы деген көгал жерге батырға арнап ұрпақтары белгі қойған.
Ал Жылқыайдар туралы тарихи деректер не дейді? М.Тевкелевтің «Күнделігінде» Шекті руының батыр билері Сырлыбай би, Баба би (Баба –Б.Е) Байжан би, Сартай, Жылқыайдар, Ақша, Өтеп батырлар туралы мәліметтер де кездеседі. Сонымен қатар Сырлыбай би мен Сартай батыр бастаған шектілердің Тевкелев сияқты орыс елшілерімен қақтығысуы да сөз болады. Қақтығыс Ресей империясының Кіші жүздегі отарлау саясатына қарсы алғашқы азаттық қозғалысы болып табылады. Бұл қозғалыста Сырлыбай би жағында Сартай, Ақша, Жылқыайдар, Жылқыаман, Сырғақ, Байғара, Теке, Баби, Шеке батырлар, Әбілқайыр хан жағында Тама Есет, Табын Бөкенбай, Қарақалпақ Оразбай батырлар, Нияз сұлтан, Башқұрт Таймас Тархан, т.б.
Жылқыайдар батыр Ресей империясының Кіші жүздегі отарлау саясатына қарсы алғашқы азаттық қозғалысқа Аңырақай шайқасына мың баладан қол жинап, жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен жаужүрек Сартай батыр бастаған күреске 13-14 жасында қатысқан. Шамамен 1812-1813 жылдары туған. «Қыз Жібек» жырындағы Жібек арудың ағасы Теңізбай Үсенов жазған «Қазақ шежіресі» шежірелер жинағының І томында Жылқыайдар батырдан Достан, Бостан, Жаңабай, Байсары, Байшуақ, Айшуақ, Едан, Өтеулі, Байторы, Байшоқы, Естек қыз, Көпжасар, Түктібай, Құрманбай атты балалар тараған.
Қазірде батырдың ұрпақтары Қызылорда облысының Арал ауданы мен өзіміздің Шалқар ауданы және Өзбекстан Республикасының Қарақалпақ автономиялы облысында тұрады. Олардың әрқайсысы рулы елге айналған.
Экспедиция барысындағы шараларда Қарашоқат орта мектебінің директоры Ж.Ауашевтің ұйымдастыруымен «Өз өлкеңді тану — жаңғырудың рухани даңғылы» атты танымдық шара болды. Музей қорынан «Киелі өлке жауһарлары» тақырыбындағы көрме көрермен назарына ұсынылды. Осы танымдық шараларға ауыл әкімдігі, музей қызметкерлері, музей жанындағы «Тарих—халық зердесі» атты ғылыми кеңестің, «Өлкетану» секциясының, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мүшелері, ауыл ардагерлері мен мұғалімдері қатысты.

А. Куанжанова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі.