ЖОЛДАУ БАСЫМДЫҚТАРЫНА ТОҚТАЛДЫ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомар Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог— Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын түсіндіру бойынша аудан активі бас қосқан жиын өтті.
Оған аудан әкімі Бауыржан Қаниев төрағалық етіп, жүргізді. Күн тәртібіндегі мәселе біреу — Жолдауды халыққа кеңінен насихаттау, көрсетілген міндеттер аясында атқарылатын жұмыстарды саралау. Аудан басшысы ел Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы басымдықтарға тоқталып, алда сол міндеттердің жергілікті жерде орындалуы барысында жасалатын жұмыстарды сөз етті. Халық игілігі үшін алда ауданда жүзеге асатын тың жоспарлармен бөлісті.
— «Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз.
Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз.
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл — біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.
Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру — бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.
Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет»,— деген Президент Жолдауындағы тапсырмаларға айрықша тоқталған аудан әкімі еліміздің ғұмырлы болашағын жасап, Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін алдымен елдегі ахуалдың тұрақтылығы мен халқының ауызбіршілігі бекем болу керектігін сөз етті.
Жолдауда міндеттелген жауапкершіліктер мен нақты тапсырмаларға орай жиын барысында ауданның бірқатар мекеме басшылары өз салалары бойынша баяндама жасады. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев Жолдаудағы негізгі міндеттердің дені — қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға арналғанын айтты. Сондай-ақ, онда жүктелген міндеттерді орындау, оны бұқараға түсіндіру билік тізгінін ұстаған барша азаматтарға ортақ іс екенін де назарға салды.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану, дархан даламыз туралы түрлі әңгімелерге нүкте қойған Жолдаудағы жер мәселесіне қатысты міндеттер хақында аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев баяндама жасап, аудан бойынша жерді тиімді пайдалану, шаруалар игілігіне жарату барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның мәліметінше, Шалқар ауданы бойынша барлық жер көлемі 6185080 гектарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланып отырғаны 1713763 гектарды, елді-мекендер жері 816380 гектарды, транспорт, байланыс, өнеркәсіп т.б. жерлер санаты бойынша 25470,72 гектарды, қосалқы жерлер көлемі 3261596 гектарды құрайды екен. Ауыл шаруашылығы бойынша қайтарылған жерлер: 2017 жылы — 50518, 2018 жылы—47267, 2019 жылы—98845 га-ды құраған.
Жолдаудың екінші тарауында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы кеңінен айтылған. Осы тұрғыдағы талаптарға орай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алтыншаш Жасанова баяндама жасап, азаматтардың құқықтары мен олардың қауіпсіздігін күшейту, жалпы құқық қорғау саласында алда болатын өзгерістер жайына тоқталды.
— Елімізде шамадан тыс қудалау шараларымен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тартқанымен, ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Алда зорлық зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, т.б. ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаларды қатайту қолға алынуда. Осыған мысал ретінде айтар болсақ, өткен жылы Ақтөбе облысы көлемінде аталған баптар бойынша, оның ішінде 86 жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстары (ҚР ҚК 120,121,124-б), 14 педофилия(ҚР ҚК 122-б), 233 есірткіге қатысты қылмыстар, (ҚР ҚК 296,297,300-б) және 5 адам саудасына қатысты қылмыстар дерегі (ҚР ҚК 125-б) орын алған. Соңғы кезде ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі — броканерлік проблемасы да Жолдауда көтеріліп, оған алынатын тиісті шараларды қатаңдату көзделуде. Бұл — дер уақытында қолға алынған шешім,—деді полиция полковнигі.
Жолдау шеңберіндегі өзге де игі қадамдарға орай аудандық жастар ресурстық орталығының , ауданның білім бөлімінің, орталық аурухананың басшылары, т.б. қоғамдық ұйым өкілдері өз ойларын ортаға салды. Еңбек ардагері Дәулетжан Елеусізов ертеңімізді айқындаған құжаттағы бар жауапкершілікті әр азамат тең сезініп, соны орындауға жұмылу қажеттігін айтты.
Қорытынды сөзде аудан әкімі Бауыржан Қаниев аудан активіне қатысушыларды жоғарыда айтылған мақсаттарға орай қоян- қолтық жұмыс істеуге шақырып, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.