КЕЛЕҢСІЗДІК ЖОЛЫ КЕСІЛУІ КЕРЕК

Аудан әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда аудан көлемінде NEET санаты бойынша жастармен жүргізілген жұмыстар, аудан көлемінде мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау бағытында және аудан аумағында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен оны болдырмау бағытында атқарылған жұмыстар жайы қаралды.
Отырысқа аудан әкімі Бауыржан Қаниев, оның орынбасары, еңбек ардагерлері, мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және ауданның белсенді жастары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова баяндама жасады. Оның сөзінше, қазіргі таңда қоғамымызда белең алып отырған күрделі мәселенің бірі — NEET санатына (ешжерде оқымайтын, жұмыс жасамайтын) кіретін жастардың көбеюі. Орталықтың жүргізген санағы бойынша ауданымызда қазір осы категорияға жататын 84 жас бар. Оның 36-сы аудан орталығында, 48-і ауылдарымызда.
Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданымыздағы NEET санатына жататын жастармен бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, өткен жылы Білім және ғылым министрлігімен Дүниежүзілік банктің бірлесуімен «Zhas Project» Жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылды. Жастар орталығының ықпалымен аталмыш жобаға қатысуға 17 топ (60 жас оның ішінде NEET санатына жататын 5 жас) қатысқан. Жобаның қатысушылары әлеуметтік жобаны іске асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін грант алуға мүмкіндік алып, 6 ай ішінде халықтың осал топтарына тегін қызметтерін көрсетіп, бағдарлама аясында 40, 60 мың теңге мөлшерінде әрбір қатысушы шәкіртақы алған.
Қазіргі таңда 10 жоба жұмысын жалғастырып келеді. Оларға консультациялық кеңестермен қатар ғимарат мәселелері бойынша да көмектер көрсетілген. Былтырғы жылы жастар корпусын дамыту «Zhas Project» жобасы жеңімпаздарының қатысуымен жұмыссыз жастарға ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізілді. Жобаны жастар арасында насихаттау бойынша көрмелер өткізіліп, сонымен қатар жастарды кәсіппен шұғылдануларына жағдай туғызу үшін «Жас кәсіпкер» жобасы сынды бағдарламалар, ақпараттандыру жұмыстары ұйымдастырылған.
Осы жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша «Жасыл ел» бағдарламасымен маусымдық жұмысқа аталған санаттағы 20 жас жіберілген. Сонымен қатар, шілде айында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша Атамекен кәсіпкерлік палатасында 6 жас екі апталық оқуға жіберілген. Нәтижесінде олар үкіметтен қайтарымсыз грант алу арқылы өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар NEET санатына жатқызылатын жастардың жай-күйін анықтау, қоршаған ортаға бейімдеу мақсатында мекен-жай жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жұмыс барысында олардан арнайы сауалнамалар алынып, отбасылық, әлеуметтік жағдайын зерттей отырып, арнайы парақшалар толтырылған. Сондай-ақ, осы жастарға жеке папкалар жасақталып, онда олар туралы толық ақпараттар жинақталған.
Жыл басынан бері жоғарыда аталған категориядағы жастармен оларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында 9 тренинг өткізілсе, жеке қабылдау 13 рет ұйымдастырылған. Осы жылдың қаңтар, ақпан айларында ауылдық округтердегі NEET санатына жататын жастармен кездесулер өткізілген. Оның барысында жастар ұйымы құрылып жастар жылы аясында өткізілетін іс-шаралар талқыланған. Сонымен қатар, психологиялық тренинг өткізіліп, сауалнамалар жүргізілген. Нәтижесінде жастар көкейде жүрген сұрақтарына жауаптар алған.
Алдағы қыркүйек айынан бастап 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарды үш айлық субсидияланатын тағлымдамамен кәсіби мамандық алуға оқыту бағдарламасына 100 жас жіберу жоспарлануда.
Екінші мәселе бойынша баяндаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Бурамбаева: «Аудан бойынша 2019 жылға 14-18 жас аралығында тіркелген мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны — 93 адамды құрайды. Оның ішінде 40 адамға мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы (одан әрі МОЖБ) тағайындалды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында 14-18 жас аралығында мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша 11 азамат гигиеналық құралдармен, 1 азамат сурдотехникалық құрал — ұялы телефонмен, 1 азамат тифлотехникалық құрал — грифельмен, 1 азамат брайл қағазымен және 1 азамат Ақтөбе қаласында орналасқан «Жайна» серіктестігіндегі балаларды қолдау орталығына жолдамамен қамтамасыз етілді.
Жыл басынан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарлама шеңберінде 3 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 1 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 2 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытылуда.
Сонымен қатар аудан әкімінің 2017 жылғы 22 мамырдағы №108 «Шалқар ауданы бойынша мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу туралы» қаулысына сәйкес, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасы белгіленіп, 14-29 жас аралығындағы 3 мүмкіндігі шектеулі ІІ-ІІІ топтағы азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылды», — деді.
Бөлім басшысының мәліметінше, қазіргі таңда 18-29 жас аралығында мүмкіндігі шектеулі 93 адам мүгедектік жәрдемақы алады. Соның ішінде 40 адамға мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі МОЖБ) тағайындалған. 2018 жылы 10 адамға гигиеналық құралдар, 2 адамға протезге жолдама, 1 адамға тифлотехникалық құралдар (телефон, плеер), 1 адамға сурдотехникалық құралдар (сағат, көп салалы құрылғы) және 6 адамға санаторияға жолдама берілген.
Жергілікті полиция бөлімінің басшысы Дәурен Үркімбаев аудан аумағында кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында атқарған жұмыстарын баяндады. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювенальдық полиция тобымен бірлесіп аудан мектептерінде 175 кездесулер өткізіп, құқықтық-насихаттық жұмыстарын жүргізіп, дәрістер оқыған. Оның ішінде білім беру ұйымдарында «Құқық бұзушылыққа жол жоқ», «Заңға бағыну болашаққа жол», «Заңды білу міндетім», «Құқықтық сауаттылық өмір талабы», «Өз құқығыңды білесің бе?», «Заң және жасөспірім» және өзге де тақырыптарда өткізілген іс-шаралар, профилактикалық жұмыстары бар.
Алайда, 2019 жылдың ағымдағы кезеңінде кәмелетке толмағандармен жасалған ҚР ҚК-нің 99 бабында көрсетілген 2 қылмыс оқиғасы тіркелген.
Аудан әкімі үш мәселе бойынша баяндама жасаған тиісті орындардың басшыларына өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, жұмыстарын әлде де ширатуды тапсырды. Әсіресе, жергілікті полиция қызметіне жасөспірімдер тәртібін жіті назарға алып, ауқымды істер атқару қажеттігін қадап айтты. Кеңейтілген отырыс барысында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев, аналар кеңесінің мүшелері Өрік Наурызғалиева мен Ділдаш Батырғарина және белсенді жастар сөз сөйлеп, жастар арасындағы тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында өз ойларын ортаға салды. Сайып келгенде барлық пікірлер бір арнаға тоғысып,отбасындағы тәрбиені түзеп, бала тәрбиесіне мықтап көңіл бөлу керек деген тоқтамға келді. Айта кететін тағы бір жәйт, қаладағы барлық букмекерлік кеңселердің қызметін тоқтату жайы да көтерілді. Өйткені ол қаншама жастардың алтын уақытын алып, жанұяларына зардабын тигізіп жатыр.
Кеңеске қатысушылар жасөспірімдер арасындағы орын алған келеңсіздіктерді жою, оның алдын алу бағытында алда жүйелі жұмыстар жүргізіп, ол қоғам алдында ашық талқылану керек деген ұсыныстарын айтты.

Мұхтар КӘДІРБЕРДІҰЛЫ, «Шалкар».