МАЙДАНГЕРГЕ КӨШЕ АТАУЫ БЕРІЛДІ

9 мамыр — Жеңіс күні қаламызда Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Орынбасар Ақжановтың атына берілген көшенің (бұрынғы Гвардейская көшесі) ашылу рәсімі өтті. Оған ардагердің ұрпақтары, ағайындары мен бірге қызмет істеген замандастары қатысты.

Орынбасар Ақжанов 1921 жылы дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін сұрапыл соғыс жылдарын бастан кешті. 1941-1946 жылдары 101-бригада құрамында жауынгер, 1942-1946 жылдары 1-Прибалтика майданының құрамындағы 360-атқыштар дивизиясында бөлімше командирі, орта саяси-әскери мектептің курсанты, 119-атқыштар дивизиясында батальон комсоргі қызметінде болған.

Елге аман-есен оралған О.Ақжанов аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас есепшісі қызметтерін атқарған. 1951-1954 жылдары Улан-Удеде саяси қызметкерлердің жоғары курсының тыңдаушысы, Владивостокта рота командирінің орынбасары міндетін атқарып, капитан шенінде елге оралған. Әр қызметті жауапкершілікпен адал атқарған ол мол тәжірибемен елде басшылық қызметтерді атқарды. Еңбек жолындағы жеткен жетістіктері бағаланып, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасы және бірнеше медальдармен наградталған. 1996 жылы өмірден өтті.

Жиналған қауым майдангерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын, соғыс ардагерінің атына берілген көшенің лайықты екенін айтты. Еңбек ардагерлері Қалабай Нұрмашев, Қалмақан Төлеуов, Орынбасар Ақжановтың баласы Серғазы Ақжанов ардагердің майдан даласындағы ерлігі мен еңбек жолын ұмытпай, көшеге есімін берген аудан әкімдігі мен мәслихатына алғыстарын білдірді.

Көшеге орнатылған ескерткіш-тақтаны тыл ардагері Оразбай Әділбаев пен еңбек ардагері Қалабай Нұрмашев ашып, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің оқытушысы Көркем Мұхтарова ән шырқады.

Көшенің ашылу рәсімінен кейін Мәтей Қоқанұлы атындағы орталық мешітте ас беріліп, ардагер рухына Құран бағышталды.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.