ОТБАСЫ — ШУАҚ МЕКЕНІМ

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде 15 мамыр — Отбасы күніне орай «Отбасы — шуақ мекенім» атты мерекелік шара өтті. Шараға жиналған көпшілікті аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев бір шаңырақ астында жылы отауының шаттықты,  берекелі, мерекелі болуын мәңгі ұстаным еткен барша отбасылы жандарды мерекелерімен құттықтады. Оларға амандық, дендеріне саулық тіледі. Және осы мерекелік шараға арнайы келіп, өз өнерлерін тарту еткелі отырған Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншілері, ақтөбелік Қаражановтар отбасына шалқарлық отбасылар атынан ыстық ықыласын білдіріп, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің Алғыс хатын тапсырды, сый-сияпатын табыстады.

Өз кезегінде отбасылық әншілер көрсетіліп жатқан шалқарлықтардың құрметіне ризашылықтарын білдіріп, өз репертуарларындағы әндерін шырқап, көптің қошеметіне бөленді.

Бұдан соң аудан көркемөнерпаздары ана, әке, жалпы отбасыға, әулетке арналып шығарылған әндерді шырқады. «Салтанат» бишілер тобы мың бұрала биледі. Мерекелік шара өте әсерлі өтті.