АУЫЗАШАР ДАСТАРҚАНЫН ЖАЙДЫ

Қасиетті Рамазан айында облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаламыздағы «Әсем» мейрамханасында жамағатқа ауызашар берді. Кең жайылған дастарқанға Тәңірден ниет етіп, ораза тұтқан жамағаттар, ақсақалдар, ақ жаулықты аналар шақырылды.

Үлкен экран арқылы облыс әкімі ораза тұтқан жандардың ниеттеріне қабыл болсын айтты. Облыс әкімінің Шалқар ауданы бойынша қоғамдық көмекшісі Дәулетияр Аспенов облыс басшысының өздерін қабылдап, елдің жағдайын сұрап білгенін айта келіп, ауызашарға жиналған қауымға Оңдасын Сейілұлының елді бірлікке, татулыққа, ауызбіршілікке шақырған сәлемін жеткізді. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев те ауызашарға жиналған азаматтарды, ардагерлерді, ақ жаулықты аналарды он екі айдың сұлтаны Рамазан айымен құттықтап, ораза тұтқан жандарға тілектерінің қабыл болуын тіледі. «Осындай бейбіт күнде мемлекетімізде орын алып жатқан баянды істерімізді бағалап, әрдайым өкше басар ұрпаққа үлгі істерімізді көрсетуіміз керек және ауызбіршілікпен еңбек еткеніміз дұрыс», — деді аудан басшысы.

Осындай құрмет көрсетіп отырған облыс басшысына, оның отбасына дастарқан басында тілек білдірушілер қатары көп болды. Микрофонды кезек-кезек алып, сөз сөйлеген тыл ардагерлері О.Әділбаев, Қ.Қабақбаев, еңбек ардагерлері Д.Елеусізов, Қ.Мұздақов, Қ.Төлеуов, Қ.Нұрмашев, Ж.Жансүгіров, Б.Көрпебаева, т.б. елдегі игі істерді баяндап, мағыналы әңгімелер қозғады. Аудандық Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіттің имамы Бақыт Тойшыбаев Рамазан айының артықшылықтары туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.