«ӘЛІМ АТА» КОМАНДАСЫ ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ

Жылтыр ауылының жігіттері ат спорты бойынша жылдың әр мезгілінде түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды. Кеше ғана осындағы көкпар командасына ат қою рәсіміне орай ауыл маңында үлкен дүбірлі шара өтті. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, меймандарға арналып қонақасы берілді.

— Бұл шара ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен Жастар жылына орайластырылып отыр. Ауылымыздың ауызбіршілігі осындай ортақ істерде көрінеді. Осы тұста Жылтырда туып өсіп, бүгінде жырақта жүрген азаматтардың да көмегін айта кетуіміз керек, — деп барша ауылдастарына алғысын білдірді Шалқар ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Қалжан.

Осы мерейлі сәттің мейманы болған ҚР Аударыспақ Федерациясының президенті, жылтырлық көкпаршылардың жанашыры, жерлесіміз Данияр Қобыландин: «Үлкен қалалар мен кейбір облыс орталықтарында ат спортынан болмаған шаралар өзіміздің туған жеріміз Шалқардың шағын ауылында жүзеге асып жататынын көріп, марқайып қаламыз. Бүгінгі басқосудың мәні зор, мақсаты — ұлттық болмысымызбен үндеседі», — деп ақжарма тілегін білдірді. Бұл сөзді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Жұманов та қуаттап, ұлттық спортқа ден қойып жатқан ауыл жігіттеріне ризашылығын білдірді.

Далалықта өткен салтанатты шараға жиналған қауым жылтырлық көкпар командасының жаңа есімін естуге асықты. Көп ұзамай сахнадан көкпар командасы енді  «Әлім ата» болып аталатындығы ресми түрде жарияланды. Осы ауылдың ардагерлер ұйымының төрағасы Орынбасар Жұбаев, ауыл үлкені Уайс Ахмет: «Әлім ата — қазақ халқын құраған белді тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Енді күллі қазақ еліне ортақ бабамыздың есімін алып жүру көкпаршыларымызға үлкен жауапкершілік жүктейді», — деп оларға зор сенім артып, баталарын берді.

Жаңа есімді иеленген көкпар командасының құрметіне орай  көкпар, аударыспақ, жанбы ату, аламан, құнан бәйгелері, қошқар көтеруден сайыстар өтті. Аламан бәйгеден І орынды Мөңке би ауылдық округінен келген Нұрбек Берімбетовтің тұлпары иеленді, жылтырлық Жолдымұрат Жұбаев қосқан сәйгүлік құнан бәйгеден бірінші келді. Қошқар көтеруден осы ауылдың Мағжан Исағали есімді жігіті алғашқы орынға шықты. Жүлдегерлердің барлығы ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттар  алды.

— Біздің ауылдың жігіттері ұлттық ат спортын дамытып, болашақта республикалық додаларда бақ сынауды көздеп отыр. Қазірдің өзінде облыс атынан шығып, аталған спорт түрлерінен еліміздің түкпір-түкпірінде өтетін додаларға қатысып жүрген жігіттер бар. Данияр Мейрамбек есімді ауылдасымыз жақында көкпардан республикалық ашық біріншілікке қатысатын команданың іріктеу құрамында болып, Тараз қаласында 20 күн әзірліктен өтіп қайтты. Бүгінде ол аталған команданың резервінде тұр. Сондай-ақ, Алтай Сүйеубай есімді азамат аударыспақтан спорт шебері атанды.  Қаныбек Жансүгіров, Данияр Мейрамбек есімді жігіттеріміз аударыспақтан спорт шеберлігіне үміткер.

Осы шараның өтуіне  ауылымыздың барша жастары белсенді болды. 1997 мен 1968 жылдары аралығында туылған жылтырлық азаматтар бүгінгі шараға демеушілік жасады. Алда ауылымызда  ат спортынан аудандық, облыстық деңгейде өтетін додаларды ұйымдастыру жоспарда бар, — дейді Жылтыр ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Мұратбек Үбниязов.     

Мұхтар МЫРЗАЛИН.