ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРі-АЙ

Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінде аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық аналар кеңесі және аталған Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қазақтың келіндері-ай» атты аудандық келіндер байқауы өтті. Аталған шараға барлығы 15 үміткер қатысып, өз бақтарын сынады. Шараның ашылуында қала әкімінің орынбасары Сапарғали Құлбергенов сөз сөйлеп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Екі кезең бойынша өткен байқауда келіндер алдымен Жылтыр ауылында сиыр сауып, қазанға бауырсақ пісіріп, самаурын қайнатты. Ал аудан орталығындағы Мәдениет үйінің сахна төрінде «Сәлем — сөздің анасы» атты алғашқы шартында сайыскерлер өздерін таныстырды, одан кейін «Өнерлінің өрісі кең» атты кезеңде әр келін өз отбасымен бірігіп, ән айтып, күй тартып, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар салт-дәстүр кезеңінде ертеден келе жатқан ұлттық дәстүріміздің ерекшеліктері мен мән-мағынасын паш етіп, қолөнер кезеңінде өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көрсетті. Қазылар алқасы қатысушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне ерекше мән берді.

Қорытындысында бас жүлдеге Кішіқұм ауылдық округінен келген Айдана Сейілханова ие болса, І орынға Ақтоты Кәрібаева (Тоғыз ауылдық округі), ІІ орынға Назерке Қабақбаева (аудандық Оқушылар сарайы), ІІ орынға Аида Тщанова (І.Үргенішбаев атындағы орта мектебі) ие болды, ІІІ орынды Гүлдана Құлталинова (Мөңке би ауылдық округі), Нұрзия Нұртас (Қауылжыр ауылдық округі) және Айдана Бақтыбаевалар (Шалқар ауылдық округі) бөлісті. Сымбат Тоқбай (№5 мектеп-лицейі) «Сыпайы келін», Анара Досқабылова (көркем сурет лицейі) «Шебер келін», Жанар Жанықұлова (Біршоғыр ауылдық округі) «Дана келін», Мөлдір Салықбаева (Жаңақоныс ауылдық округі) «Инабатты келін», Назым Мырзағалиева (Ә.Жангелдин атындағы орта мектебі) «Сымбатты келін», Әсел Жарылқасова (№6 орта мектебі) «Үлгілі келін», Назерке Әбдіхалықова (Бозой ауылдық округі) «Өнерлі келін», Эльмира Боранова (№4 орта мектебі) «Зерек келін» номинацияларымен марапатталды.

Жеңімпаздар мен номинация иелері Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

С.МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ.