ЖАСТАР САНАЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін, —  деп  ақиық ақын Мағжан Жұмабаев жырлаған жастарымыз бүгінде сол сенімді ақтап жүр ме? Бүгінгінің жастары қандай? Немен айналысуда? Жалпы жастарды не қызықтырады?

«Заманына қарай адамы» демекші, заман дамыған сайын қоғам да көштен қалмай, алға жылжуда. Сол қоғамдағы жастар тәрбиесі бүгінде барлығымызды алаңдатары сөзсіз. Қарап отырсақ, жастар тәрбиесінің көлеңкелі тұстары байқалып, жалған намыс пен құр мақтанға салынған, қолда бармен көзге ұруға бейім жасөспірімдер көбейіп бара жатқаны мені қатты қынжылтады.

Соңғы кездері өзіммен қатарлас құрбы-құрдастарымның жасап жүрген қазақи дәстүрге жат әрекеттері көңілге қаяу салады. Олардың қоғамда болып жатқан жаңалықтың бәрін қабылдап, шешім қабылдауда ой сүзгісінен өткізіп, таразының екі басын теңестіру мүлдем ойларына кіріп шықпайды. Жаңалықтың жақсысын да, жаманын да бірдей қабылдап, мәдениетімізге қайшы тірліктермен айналысып жүрген жастарымыз қаншама?!

Сананы еліктіріп, өзіне тартатын нәрсенің бірі — құмар ойыны. Қазір екі аттасаң алдыңнан шығатын құмар ойын орталықтары көзіңе оттай басылады. Ол жердің тұрақты келушілері, әрине, жастар. Бірақ, жастардың құмар ойынына құмарта отырып, күнәлі істерге жол беріп алатынын ескермейтіндігі өкінішті. Ойыннан ләззат алып, жеңіс жеңіспен ұласып араны ашыла түскен жастар, істің артын ойламай, соңында бармақ тістеп қаларлық деңгейге жетіп жатыр.

Жастар еліктегіш болып келеді. Бойларында қаны тасып, жаңаның барлығына  құштарлықпен қараған жасөспірімдер, кері пиғылдағы бейтаныс адамдардың сөзіне сеніп, шырмауына ілініп, тағы қателікке бой алдырады. Діни адасушылыққа, терроризмге өз еркімен ден қойып, орны толмас қателіктер жасап жүрген жастар да жоқ емес, бар. Оған қоса, шылым шегіп, арақ ішіп, есірткі саудасымен айналысып жүрген жастарды да көзіміз шалып қалатыны жасырын емес. Бұл қоғамымыздың ауыр дертіне айналған, салт-дәстүрімізге жат әрекеттер легін толықтырып отырған жағдай десек те қате емес.

Тағы да айта кетерлік өзекті мәселенің бірі — жастардың түнгі уақыттағы қыдырысы. Осы орайда «Қызға қырық үйден тыю» деген халқымыздың дана сөзі өз мәнін жоғалтып бара жатқан секілді. Беймезгіл уақытта түнгі клубтан шықпайтын, етек-жеңі қысқарған киім-кешектер киіп, ата-анасы тапқан ақшаны оңды-солды шашатын жастар бұған айқын дәлел болмақ.

Тәтті ұйқының орнын алмастырған түнгі көлік жарыстарының да қатысушылары — жастар. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде орын алып отыр. Көлік жүргізудің арнайы ережелері мен талаптарын сақтамай, түнгі уақытта жастар бас қосып, аса қатты жылдамдықпен жүйтки айдап, соңдарына шаң ілестірмей жарысып, ақыр соңында жол-көлік апатының құрбанына айналады. Жастарымыз мұндай әрекеттерге бара берсе, заманымыз ақырына жетіп, қоғамымыз құрдымға кетпесіне кім кепіл?!

Көпке топырақ шашпаймын. Әрине, барлық жастарымыз мәдениетімізге жат әрекеттерге бара бермейді. Дегенмен, арасында жоғарыда атап өткен әрекеттерге бой алдыратындар да жетерлік. Мақаланы оқи отырып, азат елдің  еркін жастары заманымызға, дәстүрімізге жат әрекеттерден бойын аулақ ұстаса екен деген ой ғой менікі…

Елбасымыз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Сонымен қоса, жастарымызды, яғни Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек екенін айтқан болатын.

Бұл орайда, өзім тәлім беретін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті үлкен үлес қосуда. Мысалы, «ҚазҰУ студенттері оқуға тиіс 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр», «Салауатты өмір салты», «Жасыл қалашық», «Әдемі дене мәдениеті» тақырыбындағы жобалар студент жастардың айналадағы қоршаған ортаға бей-жай қарамайтындай, сергек, сезімтал қасиеттерін дамыта отырып, әр тұлғаны қоғамды ізгілендіруге ұмтылады.

Елбасымыз  Халыққа  Жолдауында: «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті тұр», — деп жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенім мен үмітті ақтап, еліміздің болашағын жарқын ету жастардың қолында. Әрбір қазақ жастары ұлттық намысты жоғары қойып, Абай атамыз айтқандай, «бес нәрсеге асық болып, бес нәрседен қашық болып» жүрсе, еліміздің еңсесі биік, болашағы жарқын боларына сенімім мол.

Айнаш ЕСЕКЕЕВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің аға оқытушысы.