АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚАБЫЛДАУЫ

2 сәуір күні аудан әкімі Бауыржан Қаниев тұрғындарды қабылдап, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы аясында өткен қабылдауға аудандық мәслихат хатшысы С.Бигеев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Шамбалаев, аудан әкімінің орынбасарлары және халыққа қызмет көрсететін бөлім басшылары қатысты.

Аудан әкімі 44 адамды қабылдады. Жұмыс және үй жөнінде 3 адам, үй сұраған  3 адам, әлеуметтік жағдайы бойынша 1 адам, жұмыс сұраған 37 адам. Саралап айтсақ, қабылдау кезінде қала тұрғыны Жанабілова Ботакөз қыс айларында үйінің жылымайтындығын, себебі көршісі, МПС №12/2 пәтер тұрғыны Сексенбаева Тамараның үйінде газ қондырғысы жоқтығын айтты. Сексенбаева Тамара өз кезегінде үйінің құжаттары бұрынғы үй иесінде екені, ол адам құжаттарды бермей жүргендіктен жылу жүйесін тиісті мекемелерден қондыра алмай жүргенін жеткізді. Аудан әкімі Б.Қаниев осы мәселені шешуді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрғасының бірінші орынбасары Ж.Шамбалаев пен қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Т.Төлегеновке тапсырды.

МҰҢ-МҰҚТАЖДАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

Зейнеткер Нәжікова Пачай күйеу баласы Сырлыбаев Медетке жұмыс сұрады. Аудан әкімі 15 күнге вахталық тәсілмен жұмысқа жіберу үшін М.Сырлыбаевтың аудандық жұмыспен қамту орталығына жолығуы қажет екенін түсіндірді. Қала тұрғыны Шакузова Нұргүл отбасын асырау үшін ешкі шаруашылығымен айналысуға шағын несие алуға көмек сұрады. Аудан әкімі Б.Қаниев бұндай мәселелерге қолдау көрсететінін айтып, аудан әкімінің орынбасары Ж.Жидехановқа көмектесу жөнінде тапсырма берді.

Жоғарғы оқу орнын жақсы тәмамдап, жастар тәжірибесінен өзін жақсы қырымен көрсеткен Дәулен Сабыржанның анасы Баймұратова Ұлмекенге аудан әкімі мемлекеттік қызметке кіру үшін арнайы заңдардан тест тапсырып, сертификат алу арқылы конкурстық негізде жұмысқа тұра алатынын түсіндіріп, аудан әкімі аппаратының басшысы Қ.Ақшолаққа құжаттарымен жолығып, толық мәлімет алуға болатынын жеткізді.

Үйінде науқас анасын қарайтын қала тұрғыны Утепбергенова Айгүлге аудан әкімі үйден шықпай кәсіппен айналысып, нан өнімдерін пісіріп сату үшін пеш алып беретінін айтып, ойлануға кеңес берді.

Наурыз айында қабылдауда болған Жаңабаев Ерікке Шалқар вагон жөндеу депосының басшысы О.Уксакбаевқа жұмыспен қамтамасыз ету үшін тапсырма берілгені жөнінде түсіндірілді.

 Кәсіп ашу үшін демеушілердің көмегімен 150 мың теңгеге сертификат алған Алпысбай Гүлбану аудан әкіміне алғысын жеткізіп, осы қаражатқа тігін машинасын, қажетті құрал-жабдықтарын алатынын айтып, тапсырыстар алуға көмек сұрады. Аудан әкімі Б.Қаниев аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаевқа, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері А.Есмағамбетовке, ауданның білім бөлімінің басшысы А.Абдыковке шешу жағын қарастырып, көмек көрсетуге тапсырма берді.

Жылтыр ауылының тұрғыны Кулетова Раушан ауылдық жерде балаларымен әр жерде көшіп жүргенін, тұрғын үй кезегінде жоқ екендігін, сондықтан тұрғын үй қажет екенін жеткізді. Аудан әкімі міндетті түрде құжаттарын тапсырып кезекке тұру қажет екенін түсіндіріп,аудан әкімінің орынбасары М.Алибеков пен қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Т.Төлегеновке  жолығуы керектігін жеткізді.

Әміржанова Рита өз кезегінде бір үйде анасымен бірге үш отбасы болып бірге тұратындарын, ақылы қоғамдық жұмыста жүргендігін, әлеуметтік жәрдемақы алуға көмектесуді сұрады. Аудан әкімі Б.Қаниев бәрі заң аясында шешілетінін түсіндіре келе мәселені оң шешу үшін аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Бурамбаеваға тапсырма берді.

Қабылдау соңында аудан әкімі Б.Қаниев тағы да басқа толғандырып жүрген сұрақтары бойынша аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларына жолығуға болатындығын, мәселелерінің оң шешілуіне жұмыстар жүргізілетіндігін түсіндірді.

Қ.ӘЛИН, «Шалқар».