АДАМ ҚОЛЫНАН КЕЛЕТІН ШАРУАМЕН АЙНАЛЫСЫП, ТАБЫС ТАБУЫ ТИІС

Өткен аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин Шалқар ауданына жұмыс сапарымен келді. Ол ең алдымен  №1 «Shalgar su»  минералды су өндіру зауытының жұмысымен танысып, осы кәсіпорынға жақын орналасқан №2 «Shalgar su» цехындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 20 жылдан бері бос тұрған  «Шалқар суы» минералды зауыты өткен жылдан бері жанданып, қазір минералды суы республика, РФ нарығына шығып жатыр.

Осыдан кейін мемлекеттік қызмет көрсету түрлері сандық форматқа көшірілген Халықтық кеңсе ғимаратын аралады.Жылдың басында ашылған Халықтық кеңседен шалқарлықтар коммуналдық төлемдер төлеп, анықтама алады, көлік жүргізуге емтихан тапсырып, тіпті сотқа талап-арыздар осы жерде қабылданады. Кеңсенің екінші қабатында татуласу орны — медиатор бұрышы ашылған. Оңдасын Оразалин  медиаторға арызданатын  көпшілік мәселелерді сұрады. Бұл жерге шалқарлықтар көбінесе ақша дауларымен және ерлі-зайыптылар өзара келіспеушіліктерімен келеді екен. Медиатордың айтуынша, бұл жерде екі тараптың арасындағы даулар көбіне татуласу, бір келісімге келужолдарымен аяқталып жатады.

Осыдан кейін Оңдасын Оразалин Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінде  тұрғындармен кездесіп, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің Шалқар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдап, жұртшылықтың қойған сұрақтарына жауап берді. Кездесуден соң бірқатар азаматтарды жеке сұрақтары бойынша арнайы қабылдады.

Жол, ауызсу, Шалқар көлінің жағдайы, жұмыссыздық — облыс басшысымен өткен ашық кездесуде шалқарлықтар көтерген негізгі мәселелер.

Шалқар қаласы Ақтөбе қаласынан 365 шақырым қашықтықта орналасқан.  Ауданның 12 ауылдық округіне қарасты 40 елді мекені бар. Облыстағы халық саны бойынша Шалқар ауданы Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар ауданынан кейін 3-ші орында, тұрғындарының саны — 45 мың 994 адам. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны — 22 мың 236 адам.  Шалқар қаласында 28 мың адам тұрады. 85 пайызы табиғи газбен, 98 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.

Облыс аумағының 20,6 пайызын иеленіп жатыр, 7 мың  4 га шабындық, 600 га егістік, 505 га суармалы жерлер бар. Негізінен мал шаруашылығына маманданған, өндірістен Бозойдағы  мұнай-газ  серіктестігі мен  Біршоғыр ауылдық округіндегі қиыршық тас өндіретін 6 зауыт бар. Биылғы жылы ауданда темір-бетон шығаратын және тағы бір зауыт іске қосылмақшы. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев «Көктас-Ақтөбе» ЖШС-ның екінші зауыты  іске қосылса, 200 шалқарлық жұмыспен қамтылады деп сендірді.

Ауданда 35 мектеп, 27 балабақша, 75 төсектік аудандық  аурухана, тәулігіне 200 адам қабылдайтын емхана, 7 дәрігерлік амбу- латория, 3 фельдшерлік пункт бар.

Өткен жылы 311 миллион теңгеге ауданның кәсіпкерлері асыл тұқымды ірі қара мен қой сатып алған. Ірі қара, түйе саны өскенімен, қой-ешкінің саны аз. Бауыржан Қаниев бұрынғы кезде ауданның шаруашылықтарындағы қой саны 300 мың басқа дейін жеткенін, қазір  жеке адамдар мен шаруашылықтар қорасынан 100 мыңға жетер-жетпес қой ғана қалғанын жасырмады. Осылайша  ұсақ мал санынан өсім болмай тұр. Аудандағы  суармалы егіс көлемі  457 гектар болса, биыл 505 га жоспарланды. Аудан кәсіпкерлері өткен жылы 656 млн. теңге несие алып, өз кәсіптерін ашты. 3 мың 500 адам шалқарлық шағын және орта бизнес нысандарында еңбек етуде. Аз қамтылған 308 отбасы есепте тұр. Тұрақты жұмысқа 198 адам орналасса, биылғы жылы 2807 адам  жұмыспен қамтылмақ. 1 мүмкіндігі шектеулі балаға, 3 аз қамтылған отбасыға  пәтер берілді.

Бауыржан Қаниевтің есебін тыңдап болған соң Оңдасын Оразалин инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, кәсіпкерлік нысандарын ашу бойынша ауданның әлде де жұмысты жандандыру керек екеніне тоқталды.

— Әрине, тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға атаулы көмек көрсетіледі, бірақ бұл мәселенің қоғам болып ойланатындай екінші жағы да бар. Адам қолынан келетін шаруамен айналысып, адал еңбекпен табыс табуы тиіс. Кәсіпкерлікпен айналыса ма, мал санын көбейте ме, әлде  инвестиция тартып,  жұмыс орнын аша ма? Ол өз таңдауы. Яғни, адам өзі әрекет етуі керек.  Өкінішке қарай, аудандарды аралап жүргенде жалқаулыққа, масылдыққа бой ұрған адамдар жиі ұшырасып жүр. Берілген жұмысқа шыққысы келмейтін, қолына кетпен ұстап, мал баққысы келмейтіндер көбейіп барады. Мұның қауіптілігі сол — ата-анасының қылығын көріп өскен бала ертеңгі күні еңбек еткісі келмейтін еріншек болып шығуы  мүмкін. Біз осыған алаңдаудамыз, — деді Оңдасын Оразалин.

Осыдан кейін кездесуге келгендер сұрақтарын қойды. Спорт  ардагері Аманғали Төлебаев жол нашарлығын айтты. Ақтөбеге  Ембі, Қандыағаш арқылы жүретін автокөлік жолы өте  жарамсыз. Сондай-ақ, жұрт Бозой ауылына жету үшін де жол азабын тартады. Шалқар көлінің тартылып жатқаны да сөз болды. «Шалқар көлінің  өзектегі тереңдігі 3,5 метр, ұзындығы осы жерден 17 шақырым жердегі Ұлпан стансасынан асады. Өзектің айналасында жұрт бау-бақша егетін. Биыл су келмейтін қаупі бар. Көл тартылса, жан-жағына бақша егетіндерге де қиын», — деді жұртшылық.

Оңдасын Оразалин:

— Шалқар көліне байланысты жобалық-сметалық жобалау құжаттары жүргізілді. Ол 6 миллиардтан астам қаражат талап етеді. Қазір үкіметте қаралуда. Жалпы биыл қаражат атаулы әлеуметтік көмекке, әлеуметтік салаға жұмсалатын болғандықтан,  жалғыз Ақтөбе облысы ғана емес, көптеген мәселелер тоқтап қалған болатын. Бірақ Шалқар көлінің тартылмауына қатысты барлық әрекеттерді жасаймыз.

Шалқарға келетін екі бағыт — Ырғыздан келетін жол, Батыс Қазақстан-Батыс Еуропа жолы тартылса, Алматы бағытына, Ресейге өтіп кететін толық мүмкіншілік бар. Мақсат — сол жерден жақындату. Ақтөбе-Қандыағаш-Мұғалжар бағыты арқылы келетін жол. Атырау бағытынан жол келе жатыр. Біраз мәселе Байғанин ауданына тіреліп отыр. Биылғы жылы қаржыландыру мәселесі толық шешілді, тендерлік рәсімдері  тағы бар. Ол  анықталғаннан кейін ол жолға кіріседі.  Қандыағашқа дейін жол  4 жолақты жолға айналады. Ырғыздан келетін жол да республикалық маңызы бар жол. Орталық-Батыс деген үлкен бағдарлама қабылданып жатыр,—деді.

Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы А.Қалыбаев 3 бес қабатты тұрғын үйдің мәселесін көтерді. Иесіз қалған үйлер ретке келтірілсе, 180 отбасының тұрғын үй мәселесі шешіледі. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары С.Төленбергенов пен  құрылыс басқармасы басшысына  осы мәселені  түбегейлі зерттеуге тапсырма берілді.

Осы кездесуде жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен бір топ көп балалы және аз қамтылған отбасыларына кәсіп ашып, оны дамыту үшін, тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге құрылыс материалдарын алу үшін cертификаттар тапсырылды. Және  баспанаға мұқтаж жандар, Шалқар қаласының тұрғындары Мариям Жұбай мен Сабила Жақсыбаеваға «Eurasia  GAZEXPORT» ЖШС-нің демеушілігімен пәтер алу үшін әрқайсысына екі миллион теңгенің сертификаттары табысталды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Шудабай Тақаев пен еңбек ардагері Қалмақан Төлеуов облыс басшысының жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді.

Осыдан кейін Оңдасын Оразалин жеке сұрақтармен келген азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға келгендер жұмысқа орналасу, мемлекеттік бағдарламаға құжат дайындау сұрақтарымен шағымданды.

Б.СӘРСЕМБИНА, Қ.ӘЛИН.