АМАЛ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында тарихы ғасырға таяған қара шаңырақ — №1 мектеп-гимназиясында «Ұлы даланың ұлағаты» деген атаумен Амал мерекесі тойланды. Сол күні ертемен мектеп ауласында қалықтаған әуезді әуендер, қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үй алдындағы қарбалас әзірлік, ана тұстағы жалыны жалақтаған қазан-ошақтар түтіні көктемнің сол күнгі жайма-шуағымен үндесіп тұрды.

Өлкемізде түңғыш ұйымдастырылған шараның ашылуында аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтап, Көрісу күнінің ел тарихында алар орнына тоқталды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы атқа міну мәдениетін насихаттап, тасада қалған өзге де салт-дәстүрлерімізге үңіліп, оны жастар алдында көрініс арқылы көрсетуді, ұлттық спорт түрлерін дәріптеуді көздеген бұл шараны қала халқы ерекше ықыласпен тамашалады. Мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындаған түрлі театрландырылған көріністер Көрісу күнінің қазіргі қоғамға қажеттілігін айқындап берді.     

Бұл күні үнемі балалардың табаны тиетін мектеп ауласына жеті қазынаның бірі жылқы малының тұяғы тиді. Арнайы бекітілген атбегі жұртшылықтың алдында атқа міну тәртібі мен мәдениетін таныстырды. Атқа ноқта салудан бастап, ерттеп мінуге дейінгі жәй-жапсарды мектеп оқушылары ерекше зейінділікпен қарады. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай безендірілген сахнада Көрісу күнінің мәні баяндалып жатқанда, мына жақтан ұлттық спорт түрлерінен дода басталып кетті. Жастар асық ату, қол күресі, алтыбақан тебу, т.б. сынасты. Киіз үйлерде қонақтарға ас тартылып, ақжарма тілектердің тиегі ағытылды. Еңбек ардагерлері Дәулетжан Елеусізов, Бөпей Көрпебаева, Жеткерген Елемес айтулы шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.  

Өн бойынан ұлттық болмысымыздың лебі ескен шырайлы шараны ұйымдастырған №1 мектеп-гимназиясының директоры Жанар Сейтмағанбетованы біз де сөзге тартқан едік:

— Биыл Шалқардағы қасиетті қара шаңырақ — №1 мектеп-гимназиясына 95 жыл толып отыр. Осы мерейлі жыл аясында бізге жүктелген міндет көп. Көрісу күнінің орыны бөлек қашанда. Өйткені бұл — ізгіліктің мерекесі. Осындай күнде ұлттық болмысымызды ұлықтау  жолына тамшыдай болса да үлес қоссақ деген ой келді. Бұл күннің негізгі мақсаты — адамдар арасындағы татулықты дәріптеп, бірлігімізді бекемдеу. Алайда бір-біріне жарқын амандасып, жақсылықта қауышудың күні десек, оның да аясы тар болуы мүмкін. Бұл — үлкендерге ізет көрсетіп, баталарына кенелетін күн. Осындай ізгі амалдарды жаңғыртпақ ойменен осы шараны ұйымдастырдық. Бұл ретте мектеп ұжымы мен ата-аналардың, оқушылардың еңбектері көп, — деді мектеп басшысы.

Аудан бойынша алғаш ұйымдастырылған  Амал мерекесін тамашалаушылардың барлығы Наурыз көжеден ауыз тиіп, үлкен дастарқаннан дәм татты. Ұлттық спорттан сынға түскендерге ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар табысталды. Көрісу күнінің мән-маңызы бейнелеген шарадан көпшілік жақсы әсер алып тарқасты.

М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.