Ауылдықтардың алғысын алған фельдшер немесе медицина саласының ардагері Матығұл Орманов туралы бір үзік әңгіме

Ауыл фельдшері ауылдық жерде тұрып, жай ғана жұмыс атқарып жүретін мамандық иесі болып көрінеді. Ал шындығына келгенде тіпті де олай емес. Ол қажет жерінде жан алысып, жан берісіп, жұмыс атқарады. Өйткені, фельдшер уақытпен санаспайды, кез келген уақытта сырқаттанған адамдарға дереу жетіп, алғашқы көмегін береді. Қажет жағдайда аудан орталығына бұйырған көлікпен шұғыл жеткізудің басында жүреді. Ауыл адамдары бейғам болады, уақытылы көрінбей, әбден ауру қысқанда дәрігерге жүгініп жатады. Жалпы қазақтың бойына біткен қасиеті сондай. Өйткені «Ал, аспаннан тас түседі» екен десе, «Әуелі түссін, сосын көрерміз» дейтін халық емеспіз бе?!
Бұндағы айтпағымыз, ауыл фельдшері жан-жақты тәуекелмен жұмыс жасайтын адам, сондықтан, бұл мамандықты қажыр-қайраты мол, білімді, халықпен тіл табыса алатын, жүрегі жылы жан ғана атқара алады деп сенімді түрде айта аламыз.
Бір қуанарлығы, арамызда осындай қиын жұмысты абыроймен атқарып келе жатқан жандар әлде де бар. Және ол жұмысты ер адамдар атқарып жүр десе таң қалмаңыз. Сондай жандардың бірі — сонау 80-шы жылдардың басынан бастап ауданымыздың Шілікті селосындағы «Тоғыз» амбулаториясының аға фельдшері болып, талмай қызмет істеп келе жатқан Матығұл Орманұлы Орманов. Бұл кісі зейнеткерлікке шықса да, ауылдық жерлерде медицина мамандарының жетіспеуіне байланысты осы фельдшерлік жұмысты 40 жылдың үстінде әлі атқарып келеді.
Матығұл аға өз айтуы бойынша, 1955 жылдың 5 қыркүйегінде Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, «Октябрь» кеңшарында, мұғалімдер отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Орман Әбденов өмір бойы ұстаздық еткен, әрдайым өзінің ғана емес, түгел көпшілікке жақсылық ойлайтын, қолынан келгенше аянып қалмайтын, еңбекқор, табанды, шыншыл азамат болыпты. Ал анасы Тойған Ерімбетова қазақы тәрбиеден аттамаған, ибалы, иман жүзді, «Айналайын!» деген бір ауыз сөзіменен барлық балаларын ізгілікке, адал еңбекке баулыған жан болған екен. Және ең күрделі пән математикадан дәріс беріпті. Бұл отбасы ел-халыққа сыйлы болумен қатар, Мәлика, Мәлік, Малкаждар, Дариха, Матығұл, Майра, Қуанышкүл есімді алтын асықтай 7 перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, қатарға қосыпты.
Сол асыл жандардың бір перзенті, біз бүгін әңгімеге арқау етіп отырған азаматымыз. Мәкең 1972 жылы Қазалыдағы №88 орта мектепті бітіргеннен кейін, медицина саласында еңбек етуді басты мақсаты етіп қояды. Сөйтіп, 1974 жылы ойланбастан Жезқазған қаласындағы медучилищеге түсіп, фельдшер мамандығын алады. Оқуын бітірген бойда 1976 жылдың мамырында жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскери комиссариатта Матығұл Ормановтың медициналық білімі бар екені ескеріліп, сол кезеңде жұмысы қызу жүріп жатқан Байкал-Амур магистралы бойындағы бір госпитальға жіберіледі. Ол жерде медициналық жұмыстар атқарып, әскери тәртіпте өз мамандығы бойынша көп тәжірибе жинақтайды. «1979 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін анамның денсаулығына байланысты бір жыл үйде болдым. Бұдан соң 1980 жылдан бастап жұмысқа кірістім» дейді Мәкең.
Ол алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы Мәскеу ауданы санэпидстансасында тағам бақылаушысы болып еңбек жолын бастапты. Осы қызметте екі жыл жүргеннен кейін ауыл баласы ауылды аңсап, ауылда жүріп еңбек етуді қалайды. «Тәуекел!» деп Шалқар ауданының Мұрынқұм елді мекеніне барады. Сол жерде медпункт меңгерушісі болып он жыл қызмет істейді. Қалалық боламын деп ойламай, тек ауыл адамдарына қызмет жасайды.
— Мен алғаш жұмысқа кіріскен кезде ауданның бас дәрігері, марқұм Жолдыбай Жүсіпов деген кісі екен. Өте сауатты хирург, білімді басшы, кішіпейіл адам еді. Ол кісі ауылдық жерде жұмыс істеген мамандардың еңбегін жоғары бағалайтын, қиындықтарын түсінетін. Мені көрген жерде «Шалдың баласы, қалай шаруа?» деп жылы қабақ танытып, қолдап жүрді, — деп еске алады Матығұл Орманұлы. Сонымен бірге Мәкең одан кейін бас дәрігер болған, марқұм Айсан Сүлейменовпен де бірге жұмыс істеп, жолдас болғанын әңгімеледі.
Жүрегі ауыл деп соққан Матығұл Орманов Мұрынқұм елді мекенінде еңбек еткеннен кейін, 1992 жылы Шілікті селосына қоныс аударып, «Тоғыз» дәрігерлік амбулаториясына аға фельдшер болып орналасып, 43 жыл бойы осы елді мекенде жұмыс істеп келеді. Яғни, сол ұзақ жыл бойы мазасыз жұмыстың қызығы мен шыжығын басынан өткеріп, талай жанның сырқатының бетін қайтарып, халықтың алғысын алды, сол ауылда көгеріп көктеді.
Мәкең 1991 жылдың 20 наурызы күні басынан өткен бір оқиғаны еске алады. Сол күні Амангелді деген шопанның әйелі толғатып жатыр деген хабар келеді. Бірден жеке көлігімен сол жаққа барады, бірақ, сол күні күн суық болып, тепловозды тоқтатып, аяғы ауыр Сақи Оразымбетованы және енесі Алтыншаш апаны алып, үшеуі Шалқар қаласына қарай бет түзейді. Толғағы жиілей бастағанда Шал-қарға да жетеді. Бірақ, жедел жәрдем күтпей, үшеуі Ә.Жангелдин атындағы қалашықтың тұсынан түсіп қалады. Ол кезде такси деген жоқ, жаны ұшырып теміржол вокзалына дейін жүгіреді, сол жерден жедел жәрдем көлігін ұстап, перзентханаға жеткізіп үлгереді. Сол бойда Айбар деген ер бала дүниеге келіп, қазір ол жігіт отбасылы болып отырғанын айтады.
«Жалпы өмірде мамандық таңдау мен жар таңдаудан қателеспеген абзал» деп жиі айтып жатады. Бекер емес, бұл сөздің өмірлік маңызы бар. Сондықтан болашағыңның қандай болмағы ең алдымен осы екі нәрсеге байланысты. Әрине, отбасын құру екі адамға қатысты екені сөзсіз. Ал мамандық таңдауда ойланған жөн. Бұндағы біздің айтпағымыз, Матығұл ағаның өзі жаны қалайтын медицина саласына баруы — оның қателеспегені, оны біз кейіпкеріміздің өмір және еңбек жолынан байқадық. Ал құдай қосқан қосағы Айымхан да жаны жайсаң жан болыпты, өзімен қатар жүріп еңбек етіпті. Екеуі 4 баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі күні сол балаларынан 12 немере сүйіп отыр екен. Қызы Гүлфайруз бен күйеу баласы Сақтапберген жоғары білімді ұстаздар. Үлкен ұлы Руслан кәсіпкер болса, келіні Ләззат жоғары білімді ұстаз. Екінші ұлы Рауан мұнай саласында қызмет істесе, келіні Гүлнұр жоғары білімді ұстаз. Үшінші ұлы Аманай мемлекеттік қызметші болса, келіні Асылзат жоғары білімді ұстаз.
«Ер жігіттің аты жақсы болса бір бақыт, алған жары жақсы болса мың бақыт». Матығұл аға марқұм зайыбы Айымхан Орман туралы «Байсалды да көрікті адам еді, 40 жыл бірге өмір сүрдік, екеуіміз төрт баланы тәрбиелеп өсірдік, немере сүйдік, 2022 жылдың қараша айында жан жарым жүрек талмасынан қайтыс болды» деп өкінішпен еске алды. Әрине, қуанышпен қатар қайғысын да қоса тосатын өмірдің қаталдығын айтып жеткізу қиын…
Матығұл Орманұлының жұмыстан қолы қалт еткенде қалам алып, ақ қағазға жыр жолдарын маржандай тізетін қасиеті де бар. Ол 2012 жылдың мамырында «Біз жетеуміз» деген атпен жыр жинағын шығарған. «Балаларыма арнау» деген өлеңінде зайыбын еске алып, былай деп өлең жолдарын өрнектейді:
Анаң менің асқар тауым арманым,
Өле-өлгенше бақытты еткен жан-жарым.
Өмір бойы есімнен бір кетпейді,
Ойлансам да өрем оған жетпейді.
Бар бақытты балаларыма тіледім,
Жаратылған сендер үшін жүрегім.
Аман болсын балаларым бақытым,
Сендер үшін өмір сүріп келемін.
Жалпы Матығұл Орманұлы білімін практикамен ұштастырып жұмыс атқаратын фельдшер. Табысты еңбек етуінің бір ұштығы да осында жатса керек.

— Фельдшердің міндеті ауырған адамдарға дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсету. Шалқар қаласы мен Сексеуіл стансасы арасындағы қатты ауырған адамдардың шақыртуына барамыз, ал-ғашқы көмек көрсетеміз. Әрине, әуелгі жылдары тәжірибелі дәрігерлерден, фельдшерлерден білмегенімді сұрап, қасында жүріп, өз мамандығымның қыр-сырын үйрендім. Мен алғаш жұмысқа келгенімде Мариямгүл Сақтапова деген фельдшер апайдан іс жүзінде көп нәрсені үйрендім. Мағаз Сүйіндіков, Орналы Орынбеков, Сәкен Дияров және қазір өзіммен бірге еңбек етіп жүрген Асқар Тамаев секілді дәрігерлермен қоян-қолтық жұмыс істеп, көп нәрсені бірге үйрендік және қолымнан келгенше ол мамандарға өз тәжірибемнен білгендерімді айтып отырамын. Марқұм Асқар Есмағанбетовпен төрт жыл бірге жұмыс істеп, оған өз білгенімді үйретіп жүрдім. Бас дәрігер болған Жангелді Шыманұлымен де көп жыл жұмыстас және жолдас болдым, өте білімді, тәжірибелі азамат еді. Қазіргі ауданның бас дәрігері Есенғали Көпеновтің де ауылдық жердің дәрігерлік амбулаторияларына көмегі көп, қолынан келгенінше жәрдем беріп отырады. Үлкенді аға деп сыйлайды, кішіге қамқорлығы мол.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл», құдайға шүкір, шәкірттерім де бар, талапты жастар да аз емес. Қасымда Данияр деген дәрігер бар, келгеніне бір жарым жыл болса да жұмысын тиянақты атқарады. Бағлан деген фельдшер баламыз да талапты. Тоғыз стансасында Нұрлыбек деген дәрігер жігіт те табысты еңбек етіп жүр. Мен бұл жастарға бар білгенімді айтып, үйретіп жүрмін. Көп жылғы тәжірибеме сүйеніп, ауырып келген науқастарды қабылдап, қолдан келгенше алғашқы көмегімді беріп отырамын, — дейді кейіпкеріміз.
Ауылда тұрғаннан кейін Матығұл Орманұлы мал шаруашылығымен де айналысып келеді. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген бар еді, жоқ, олай болмады. Матығұл шортандай шоршып, медицинаны да, мал шаруашылығын да ақсатпай қатар алып, өмір толқынымен жүзіп келеді. Бұл күнде халықты етпен, сүтпен қамтуға қал-қадірінше өз үлесін қосып жүр. Мәкеңе қол-аяғына дерт бермесін демекпіз.
Матығұл Орманов өзі еңбек еткен жылдарында халықтың алғысын алумен қатар, жоғары басшылықтың, облыс, аудан әкімдерінің талай мәрте Алғыс хат, Құрмет грамоталарына ие болды. 2015 жылы «Н.И.Пирогов атындағы», 2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», 2018 жылы салалық «Ұлт қайраткері», 2025 жылы «Денсаулық сақтау саласының құрметті ардагері» медальдарын кеудесіне тақты. 2023 жылы есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілді. Өзге де марапаттары жетерлік.
«Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе, оның мерейі тасып, ырысы артатыны сөзсіз» дейді Матығұл Орманұлы. Шындығында Мәкеңнің осы ұстанымы — осынау қызығы мен қиындығы көп өмірде табыстарға жеткізіп, мерейін үстем қылғаны анық.
Қ. ӘЛИН, «Шалқар».



