Бірлік пен еңбектің ордасы болған Шахта

11 мың халықтың мекені
Өткен ғасыр бастауында көмір өндірісімен аты дүркіреген Шахта поселкасы — талай тағдырды тоғыстырған, бірнеше ұлт өкілін бауырына басқан қойнауы қазыналы мекен болды. Кезінде бұнда онжылдық қазақ-орыс мектебі, балалар жатақханасы, милиция бөлімдері, арнайы коммендатура, аурухана, азық-түлік дүкендері, машина-трактор стансасы, кәсіптік білім беру училищесі, т.б. халық игілігіне ортақ нысандар мен көмір өндірісінің ошақтары қызу жұмыс істеген.
Салыстырмалы түрде айтқанда, сол уақытта Шахта поселкасы 11 мың тұрғылықты халық санымен Шалқар қаласынан кейін екінші орынға жайғасқан. Қазір бұл жер — білекті әкелер табанының ізі, қайсар аналардың от жаққан қолының табы қалған атажұртқа айналып отыр. Уақыт желімен мүжілген үйлердің қаусаған қабырғалары, тамыры қара жерге байланған кәрі теректер — сол өткен күндердің үнсіз куәгеріндей алыстан мен мұндалайды.
Осы шілде айының шіліңгір ыстығында балауса жапырағы ғана иілген алып теректер — ата қонысқа іңкәрлікпен алыстан ат арылтып келген перзенттерге бір сәт сая болды. Бұл күні осында өсіп-өніп, уақыт керуеніне ілесіп жан-жаққа қоныс аударған ауылдастар — туған топырақ табанына талай шаңырақтың шаттығын арттырған Шахта атауы өшпесе екен деген ниетпен белгі орнатып, ата-бабалар рухына тағзым етті. Негізгі рәсім — ескерткіш белгінің ашылу салтанаты басталғанша еліміздің түкпір-түкпірінен келген шахталықтар өзара шүйіркелесіп, жұртты аралап, қара жұмыста құрыштай шыныққан ата-аналарының жүрген жолдарын көріп қайтты.

Тізе бойындай тұғыртасқа орнатылған бойшаң ескерткіштің жоғарысына кіндік қаны тамған туған жерге жүрек түкпірін нәзік сағыныш кернеген жыр жолдары берілген. Орта тұсына бұл жердің «1912-1956 жылдары — Берчогур-Шахтастрой, 1956-2007 жылдары — Шахта ауылы (поселке) деп аталғаны таңбаланған. Одан соң «Сенің бауырыңда мыңдаған адамдар өмір сүріп, бірнеше ұлттың (Шешен, орыс, молдаван, поляк, неміс, т.б) өкілдері мекендеп еді дегенге біреу сеніп, біреу сенбес. Сенің де өзіндік тарихың бар құтты мекенсің, туған ауылым!» деп жазылған. «Ескерткіш тақта Шахта ауылынан шыққан ұрпақтардың атынан 2025 жылы орнатылды» деп түйінделген белгінің ашылу лентасын осы ауылда туып өскен 82 жастағы Жасағанберген Әбдіраманов ақсақал мен шараға арнайы келген Ақтөбе облыстық «Вайнах» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Насруди Саламов және өскемендік шешен ұлтының өкілі Исмайл Закаев қиды.
Исмайлдың тебіренісі
Екінші дүниежүзілік соғысының бұлты тарқамай, жалпақ жұрттың жанын жабырқаулық торлаған тұста Шахтадағы көмір өндірісі — іргесіндегі әр үйге жылулық ұялатып, шаңырақ шаттығын арттырған еді. Оны біз осында әр өңірден келген ауылдастардың ата-бабалары ғұмыр кешкен, қасиетті топыраққа деген ыстық ықыластарынан нақ аңғардық. Шығыс Қазақстан облысынан келген Исмайл Элимович өзінің ата-бабасының осы жерде болып, қазақ халқының қамқорлығына кенелгенін тебірене жеткізді. Шахта өндірістік мекен болғасын сол тұста уақыт талабымен ұсақ-түйек қылмыс жасағандар осындағы құрылыс жұмыстарына тартылған. Исмайлдың әкесі Элим сондай еркіндігі шектеулілерді қадағалайтын Шахтадағы арнайы коммендатурада жауапты қызмет атқарыпты. Тағдыр айдауымен келген өзге ұлт азаматы бұл жұмысқа қалай бекіді, деген сауалдың сыры да осы жерде айтылды.

Бүгінде Ақтөбе қаласында 42 жыл білім саласында жұмыс істеп, оның 34 жылында бірнеше мектепке директор болған 68 жастағы Кәдірхан Игісінов есімді ардагер-ұстаз тұрады. Оның әкесі Темірхан 1944 жылы Темір ауданындағы ішкі істер халық комиссариатына жетекшілік етіп жүрген жерінен Шалқар ауданының Шахтасындағы арнайы коммендатураға басшы болып тағайындалады. Сол жылдың ақпан айында осында теміржолдың жалаң вагонымен шешен ұлтының бірнеше отбасы депортациямен көшіп келеді. Араларындағы Элим есімді азамат қазақ-орыс тілдерін білмегенімен, араб тіліне сауатты болады. Ал Темірханның әкесі Игісін ақсақал арабшаға жетік, имандылықтан хабары мол кісі еді. Уақыт өте Элимнің де бұл жерде еркін сөйлесіп, сырын айта алатыны — Игісін ақсақал болады. Бірде әкесі баласы Темірханға Элимнің жігерлі жігіт екендігін, ретін келтіріп өзіңе көмекші етіп алсаң, жұмысың одан әрі оңға басады, тәртіп орнатуға да тегеурінді деп, кеңес береді. Әкенің осы сөзінің арқасында Элим Закаев — капитан шеніндегі Темірхан Игісіновтің орынбасары болып бекіп, екеуі тізе қоса арнайы коммендатура жұмысын зор жауапкершілікпен атқарады. 1958 жылдан бастап, саясатта жылымық есіп, суық идеологияның сеңі сөгіле бастайды. Шешен ұлтының өкілдері өз елдеріне қайта бет түзейді, Элим де сондай лектің бірімен еліне оралады.
Көп ұзамай Алматыда еліміз бойынша тәртіпті қадағалайтын арнайы коммендатуралардың жұмыстары талқыланған үлкен жиын өтіп, онда Шахтадағы аталған коммендатураның ішкі тәртібі жоғары бағаланып, нәтижесінде басшылығына жаңа қызметтік көлік беріледі. Сол сәтте Темірхан Игісінов: «Бұл көлікті алуыма ауылдасым, шешен ұлтының азаматы Элим Закаевтың еңбегі орасан еді» деп, сенімді серігінің есімін айрықша атаған екен.
Исмайл Элимович қаумалаған көпшілік алдында осы естелікті ерекше ықыласпен айтып, қазақ жеріне басымды иемін деп, баршаға алғысын білдірді.
Шахтадағы ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуынан соң, алыс-жақыннан келгендер өткен жылы қоршалған ауыл маңындағы зираттарды аралап, бабаларының рухына тағзым етті. Бұдан соң Бершүгір ауылдық округі орталығындағы мейрамханада арнайы жайылған дастарханда бас қосып, ауыл тарихынан естеліктер айтты.
Осы ретте Ақтөбе облыстық «Вайнах» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Насруди Саламов сөз тізгінін алып, екі ұлттың арасында тарихтан қалыптасқан татулықтың үнін жеткізді. «Ертеңнен бері бәріміз куә болған бүгінгі шаралар — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған игілікті іс деп білемін» деп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Қазақ халқының қамқорлығы қай кезде де барлық ұлт өкілдеріне тең екенін жеткізіп, II Дүниежүзілік соғысындағы депортация көптеген жанның өмірін қиғанын еске алды. Сол жер аударудың қиын кездерінде қазақ елінің шешен ұлты өкілдеріне қамқорлығы жоғары болғандығын тілге тиек етіп, өткізіліп отырған шараның белсенді ұйымдастырушыларына, бірқатар ауыл азаматтарына «Қазақстанның шешен және ингуштардың қауымдастығына — 30 жыл» мерекелік медалдары мен Алғыс хаттарын тапсырды. Осы марапаттау рәсімін «Бершүгір-Шахтақұрылыс» қоғамдық бірлестігі одан әрі жалғап, құрметті қонақтар мен ауыл азаматтарына Алғыс хаттар мен қазақы жоралғымен сый-сияпаттар табыстап, бершүгірлік бірқатар көп балалы аналарға ақшалай Сертификаттар үлестірді.

Тарих зерделенуі тиіс
Ауыл аты жойылса да ұлт пен ұрпақ бірге өсіп, ошақ оттары бірге маздаған Шахта тарихына қатысты деректер әлі де нақтылауды қажет етеді. Шалқар ауданының I энциклопедиясына түскен мәліметке сүйенсек, 1930 жылдардан бастап Шалқар ауданының территориясында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіле бастайды. Соның барысында ауданның солтүстік-батыс өңірінен мол көмір қоры табылады. 1938-1939 жылдары алғашқы өнім өндіріліп, құрылыс жұмысы кең көлемде жүргізіледі. Алғашында 7-8 шахта ашылып, руда басқармасының шахтасы Қазақстанның, ал қалған шахталар Мәскеудің билігінде болады. Шахталар жаппай ашылғанда оған теміржол веткасы тартылады. Соғыс алдында №1,3,4-ші, ал соғыс жылдарында №2,5-ші шахталар көмір береді. Қарағандыдан, Донбастан көптеген маман инженерлер, кеншілер келе бастайды. Негізінен бұнда орыс, украин, өзбек, грузин, еврей ұлтының өкілдері болған.
1941 жылы соғыс басталғанда көптеген құрылыс тоқтайды. Біраз мамандар мен инженерлер соғысқа кетіп, олардың орнын әйелдер, балалар басады. Міне, осындай ауыртпалық заманда үш шахта тәулігіне 500-600 тонна көмір шығарып тұрған. 1944 жылы Шешенстанның Веденно ауданынан шешендердің үлкен тобы көшіріліп әкелінді. Олар негізінен қара жұмыстарды атқарды. Соғыс аяқталған соң сырттан келген өзге ұлт өкілдерінің дені өз елдеріне қайтып, олардың орнына жергілікті мамандар тартылады, араларында қазаққа белгілі жазушы Ілияс Есенберлин де басшылық жұмыстар атқарады.
Аудандық «Шалқар» газетінің 1990 жылғы тігінділерінде аудан территориясында алғаш көмір қазбасы Бершүгір өңіріндегі Алабас жерінде басталды делінген өлкетанушы В.Афанасьевтің мақалалары бар. «Шалқар» газетінің 1990 жылғы 30 тамыздағы санында облыстық «Коммунизм жолы» газетінен көшіріліп берілген В.Афанасьевтің «Алабас жайлы бір дерек» атты мақаласына үңілсек: «1903 жылдың ерте көктемінде Орынбор-Ташкент теміржолын салушылардың бірі А.И.Калите Мұғалжар тауларының шығысынан құм аралас тас көмір барын анықтаған. Осы кісінің нұсқауымен жұмысшылар аталған аймақта қазба жұмыстарын жүргізіп, аз мөлшерде болса да көмір қоры табылған.
Геологиялық түсірілген суреттер, атқарылатын қыруар істер кезінде Алабас пен Қарағанды бассейндерінде шектеулі мөлшерде болса да тас көмір қорының бар екендігін дәлелдеген. Ал оны бүгін де екінің бірі біле бермейді. Әсіресе, топографиялық деректерге сүйенсек, сол кездердің бейнесін анық көре аламыз. Тіпті скважиналар да іске қосылған.
1904-1905 жылдары қаржының жеткілікті бөлінбеуінен бұрғылау скважиналарының қондырғыларына қажет бөлшектер зәрулігі 20 метр тереңдіктен әрі қарай бұрғылауға мүмкіндік бермеді. Тек 1906 жылы ғана көмір шығатын орнының жұмысына мүдделі Орынбор-Ташкент теміржолы басқармасы өз қорларынан он мың сом бөлді. Сөйтіп, Алабас өзені маңынан бассейн ашу көзделді. Қарағанды өзенінің жоғары тұсынан тек 1908 жылы ғана көмір орны табылған».
Осы тұста Шалқар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Дәулетияр Әспеновтің 1940 жылы еңбек жолын Шахтада жұмысшы болып бастап, кейіннен ауданымызда түрлі салаларда жауапты қызметтер атқарған әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Сражадин Әспеновтен естіген әңгімелері де оқырманға ой салары сөзсіз.
— Қарағанды деген атау — осы күнгі Қауылжыр өзенінің ескі атауы болуы да ықтимал. Себебі, бір ғасыр бұрын еліміздің үстінен алғаш теміржол тартылғаннан кейін теміржол бойындағы бекеттер орналасқан кей жерлердің атауларына өзгерістер енгізілген. Мәселен, біз әкемізден Қотыртас стансасының атауы басында Қарағанды деп аталған деп еститінбіз. Еліміздегі қазіргі іргелі қала Қарағанды бағытына баратын жүк вагондары тоқтайтын орнын шатастырып, осы Шалқар аумағындағы Қарағанды бекетіне аялдай берген екен. Осы жағдайларды ескере отырып, теміржол басшылығы бұл бекетті Қотыртас деп өзгертеді. Кезінде бұл маңда Қараған деп аталатын бұта тектес шөп қаулап өсетін-ді, ол теміржол мекемелерінің тазалығы үшін сыпыртқы жасауға шабылушы еді. Сол секілді Шахта жерінің арғы атауы да бәлкім өзге болуы мүмкін, — дейді Дәулетияр аға.
Нақты деректер жүйеленуде
Кейінгі жылдары ата-бабасы жатқан Шахта ауылындағы ортақ істерді ұйымдастырып, атақонысы туралы мәліметтер жиыстырып жүргендердің бірі Нұрғалым Дошниязовтың сөзінше, көмір шахтасының тарихы тым әріден басталады. Ол кезде Орынбор-Ташкент теміржолы тартылмағандықтан көмір өндіру жұмысын қолға алу қиынға соққан. Осы жерде 1904 жылға дейін түрлі геологиялық-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, Мұғалжар тауының аумағы кеңінен зерттеледі. Алғаш теміржол құрылысы басталғаннан Шахтадан да көмір шығарылып, оны паровоздарға отынға пайдаланған.

— Шахтаның тарихы әр жерде әр түрлі айтылғанымен, шындық — сол жерде өмір сүрген жандардың жүрегінде. Біреулер оны тек көмір қазған орын десе, енді бірі көп ұлтты ауылдың үлгісі ретінде танитыны сөзсіз. Біз ауыл тарихын нақтылау мақсатында қазір ізденіс үстіндеміз. Жазбаша тарихы аз болғаннан бұрын, табылған мәліметтердің өзін терең саралау керек. Бұл көмір өндірісі кезінде тікелей Москваға бағынған, қазақ елінің де бақылауына бағынышты аумағы болған. Сондықтан біз Ресей елінің Свердоловск, Нижний Тагил, Кузбас, Челябинск, Москва, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы жергілікті архивтеріне сұрау салып, деректер жинаудамыз. Осы мұрағаттық мәліметтерді жүйелеп, алда Шахта туралы кітап шығаруды жоспарлап отырмыз, — дейді Нұрғалым Самалықұлы.
Меймандар тілегі
Жасағанберген Әбдіраманов, еңбек ардагері:
— Мен осы Шахта ауылында өсіп-өнгендердің қазіргі ең үлкенімін, жасым 83-те. Осы жерде туылып, осындағы қазақ-орыс мектебінде 10 жыл оқыдым. Әскерге барып келіп, ауылдағы көмір өндірісінен еңбек жолымды бастадым, кейіннен білімімді жетілдіріп, ауылшаруашылығы саласында жауапты жұмыстар істедім.

Бұл жердің өркендеуі, қатары сиреп қалай жұртқа айналғаны бәрі көз алдымда. Өзіме белгілісі — бұнда көмір өндіру 1956 жылға дейін тоқтаусыз жүргені. Өндірістің тоқтауына кен орынындағы көмірдің шикілігі себеп болып, 10 жылдан соң қайта жалғастырылатын болған еді. Кейіннен қазба орындарына су толып, көмір жердің бетіне шығып кетті. Осындай себептермен жұмыс жанданбай, аяғы Шахтаның толық жабылуына әкеліп тірелді.
2007 жылы осы жерден ең соңғы тұрғын көшті. Міне, мен білетін қысқаша тарих осылай. Ауылымыздың ауызбірлігі әу бастан бекем болды, қазірде де ауылдастар әр жақта жүргенімен, сол із сақтал-ған. Осы поселка маңында алты қорым бар еді, былтыр көптің күшімен соның барлығы қоршалып, әруақтарға Құран бағышталды.
Туған жерін ұмытпайтын ұрпақ барда, ел атауы өшпейді. Бүгін, міне, соған куә болып отырмыз. Барлығына зор ықыласыммен батамды беріп отырмын.
Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор:

— Ақтөбе өңірінің барлық аймағы өзіме ыстық. Оның ішінде Шалқар ауданына қарасты кезінде атауы шартарапқа танылған Шахта поселкасына бүйрегіміз бұрып тұрады. Осы жермен байланысатын кез келген оң бастамаларға қуанамыз. Оның себебі де бар еді. Менің үлкен атам Қостайбек Күнбайтегі осы Шахта маңындағы ескі қорымда мәңгілікке тыныстап жатыр. Қостайбек атамыз Темір ауданының Талдысай деп аталатын жерінде дүниеге келген. Кезінде сол аумақтан оба дерті өршіп, Бершүгір өңіріне бір қауым ел болып көшіп келеді.
Шахтаға қоныстанғанда атамыз бен әжеміздің үш ер баласы, екі қыз баласы болады. Осындағы көмір өндірісінде қарапайым жұмысшы болып істей жүріп, діни сауаттылығымен Қостайбек атамыздың есімі көпке танылады. Әкемізден, көз көргендерден естігеніміз бойынша атамыздың діни оқуы мықты болады. Көктемде мына іргедегі Қауылжыр өзені арнасынан шығып, кен орнын су жайлаған тұста, оқуымен тасқынның бетін қайтарған деседі. Атамыз 1932 жылы өмірден өткен. Сол тұста қазақ еліне төнген зұлмат барша халыққа ауыр тиді. Уақыт екшеуімен атамыздан тараған ұрпақ та Қандыағаш өңіріне қарай қоныс аударады.
Біз осы Шахтаға ара-тұра келіп, атамыздың басына зиярат етеміз. Әкемнің көзі тірісінде 1964 жылы басына құлпытас қойдық. Ол белгі табиғаттың ыстық-суығымен көмескіленгеннен соң 2008 жылы қайта жаңартып, белгі қойып, ас бердік.
Жалпы шыққан тегіңді білу, бабаларың жатқан қорымды тану — адамдық парызың. Ол үшін осындай тәлімі мол шараларға балаларыңды ертіп келудің тәрбиелік мәні зор. Бір буынның көргенін бір дәуірге баласақ, тарихтың атадан балаға сабақтастығы осылай жалғаса береді. Сол себепті мен, бүгінгі шараға ұлым, медицина ғылымының докторы, профессор Айдос Досқалиевті, қызым Қырғыз елінде жауапты қызметте істейтін, заң ғылымының кандидаты, доцент Әсем Досқалиеваны және Рахметулла, Насипулла есімді екі немеремді ертіп келдім.
Рухани жаңғыру деген осындай ізгі істерден басталады. Бүгін бәріміз қоғамдық сананы арттыратын, татулықты дәріптейтін мағынасы мол шараға куә болдық. Ұйымдастырушыларға тек қана алғысымды айтамын.
P.S. Бір күнге ұласқан шара барысынан біз шағын ғана Шахта — ұлттар достығының символын айқындаған, қазақ елінің жүрегі кең бір ауылы болғанын сезіндік.
Мұхтар МЫРЗАЛИН, Шалқар-Шахта-Бершүгір-Шалқар.



