Басты жаңалықМәдениет

БАТЫР БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Аудандық  Мәдениет үйінде «Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған» атты облыстық конференция өтті. Мақсаты — киелі Шалқар өңірінің  топырағынан ел намысы  үшін атқа қонған  батыр бабаларымыздың рухын ұлықтау арқылы  елдің бірлігін нығайту, жастарымыздың бойына патриоттық рух қалыптастыру, елін, жерін сүюге тәрбиелеу, тарихи-мәдени мұраларды жинақтау, музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтыру.

Конференция аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева мен Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархат Досмұратовтың  бірлесе  ұйымдастыруымен өтті. Бұл шараға Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Орталық Азия және Таяу Шығыс бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор шығыстанушы ғалым Бағдат Дүйсенов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Аман, Астана қаласындағы мемлекет тарихы институтының ғалым хатшысы Еркебұлан Аманғосов, Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархат Досмұратов басты қонақ ретінде  шақырылды.

Конференция қонақтарын  Қ.Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің А.Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйімен қарсы алып, арнайы «Мәші батыр 1756-1829жж» деп кестеленіп жазылған қазақы бешпет, орамал кигізіліп,  музей қорынан жасақталған  тақырыптық көрмеге шолу жүргізілді.

Ақтөбе өңірінің  тарихи шежірелі  ескерткіштері мен киелі жерлері туралы —Ақтөбе облысы аумағындағы эпиграфиялық ескерткіштер туралы». Бағдат Дүйсенов, «Балғасын кешені — «Алтын Орда дәуірінің ғажайып ескерткіші» жөнінде Әлібек Аман, «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: өлкетану зерттеулерінің орны» туралы Еркебұлан Аманғосов, «Облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны қорғау мәселесі туралы» Фархат Досмұратов баяндамалар жасады.

Сонымен қатар ҚР  Ұлттық ғылым   академиясының  құрметті  академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық  кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, «Құрмет», «Парасат», «Барыс», «Тәуелсіз мемлекеттер  достастығының  «Содружество» ордендерімен  Халықаралық  қауымдастығының  «Интеллект наци» наградасының  иегері Өмірзақ  Озғанбаев «Қаракесек: тарихы мен тағдыры» тақырыбындағы  баяндамасы  онлайн түрде  ұсынылды.

Аудандық  Мәдениет  үйінің  режиссері  А.Дәрібаевтің ұйымдастыруымен   арнайы дайындалған театрландырылған көрініс  қойылып, 1756-1829 жылдары өмір сүрген батыр,  Кіші жүз құрамындағы Қаракесек руының Жаналы тармағынан тарайтын Шеке әулетінің өкілі, Досалы би ұлы Мәші батыр туралы толықтай мәлімет берілді.

Бойына батырлықпен қатар жомарттық пен тектілікті қатар ұстанған Мәші батыр адамды тегіне, дәулетіне қарап бөлмей өзінің  дүниетанымының  кеңдігін, ердің айнасы болатын өрмінезділігін, жан-жағына жалтақтамай ақиқатты тура айтып, еркіндікті ту ету қасиеті мен тектілігін  айқындай түсетін тарихы тұлға еді.

Міне, осындай   аты аңызға айналған Мәші батырдың мазарына 2024 жылы Әлім–Тепер Қаракесек ұрпақтарының бастамасымен  Жем бойына экспедиция жүргізілді. Бұл экспедиция — жай зерттеу емес, тарихпен бетпе-бет келу еді. Экспедиция барысында Мәші батыр мазары анықталып, оның орналасқан жері, сәулеттік ерекшеліктері және тарихи маңызы жан-жақты зерттелді. Мәші батыр мазары — далалық сәулет өнерінің бірегей үлгісі.

Осы конференция аясында басты  демеуші, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Мәдениет  саласының үздігі»,  «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, «Шалқар ауданының Құрметті азаматы», шежірелі Шалқар жерінің тарихынан сыр шертетін мәдени орталық Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры  Нағима Тлембаева мен көп жылғы  ізденіс пен қажырлы еңбектің иесі, тарихшы — Біржан Жәленовтың  бастамасымен    Досалы би баласы Мәші батырдың өмірі мен ерлік жолдарын ел жадында мәңгілікке сақтау, ұрпақтарына  үлгі өнеге ету мақсатында жарық көрген  «Әлімнің бір баласы Ұланақ Қаракесек» атты кітаптың салтанатты түрде  тұсау кесері болды. Осы рәсімде  «Қазақстанның  Құрметті құрылысшысы» және «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгі  иегері, Шалқар, Ырғыз  аудандарының Құрметті азаматы    Жеткерген Елемес ақ батасын берді.

Шалқар жері үшін  жандарын пида етіп, атқа қонған батырлар бейнесі сахнада  сомдалып,  көрініс арқылы толық  мәліметтер  берілуі де  келешек ұрпақтарымыз үшін  жасалған  игі іс  болды.

Сонымен қатар Досалы би баласы Мәші батырдың  майлы бояумен  салынған портреті  мен «Әлімнің бір баласы Ұланақ Қаракесек» атты кітабы  Ақтөбе облыстық және Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейлеріне, Байғанин аудандық музейіне, С.Бәйішев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасына,  Байғанин ауданындағы Көкжар негізгі орта мектебіне сыйға тартылды.

Конференция қонақтары  Мәші батырдың   портретін Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейініндегі  өз өлкемізді қорғаған батырлар қатарына  салтанатты түрде енгізіп, үлкен құрмет көрсетілді және   конференцияның басты   мақсаты  айқындалды.

Танымдық шараның  келесі  бөлімі  бойынша  қонақтар Бершүгір аумағындағы  Ақтан Ақайұлының және  Есет-Дәрібай бабалардың кесенелеріне  барып,  батырлар  рухына  тағзым етті.  Екі күнге созылған тарихи-танымдық іс-шараның тағылымды тұстары көп болды.

Айгүл ҚУАНЖАНОВА, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі.

 

Басқа материалдар

Back to top button