Басты жаңалықТағзым

Шалқар қаласы: тарих беттерінен

Халық жадындағы деректер мен зерттеушілердің пікірлерінше, биыл Шалқар қаласының отырықшы елді мекен ретінде пайда болғанына 155 жыл және қала статусын алғанына 100 жыл толып отыр. Өткен ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап Ұлықұмның оңтүстік-батыс беткейіне, Шалқар көлінің жағасына қазақ шаруалары қоныс теуіп, жеркепе үйлер салып, отырықшы мал шаруашылығымен айналыса бастаған. Бұл өңір сол кездегі әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша Торғай облысы, Ырғыз уезіне қарасты Шеңгелді болысының аумағы болса керек.

Покровск шіркеуінің құрылысы. ХХ ғ.басы.

Шалқар көлінің жағасындағы отырықшы қоныстың іргелі елді мекен болуына, оның әлеуметтік-экономикалық өмірінің жандануына 1901-1903 жылдары құрылысы жүрген Орынбор-Ташкент темір жолының іске қосылуы септігін тигізеді. Темір жол құрылысы барысында ел жайлаған Шалқар көлінің жағасынан жоспарлы түрде станция салынады. Жалпы теміржол торабының іске қосылуы нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, оған ішкі Ресейден жұмысшылар келіп орналасады. Уақыт өте қоныстанушылардың есебінен станция мен отырықшы қоныс ірі елді мекенге айналады.

Осы жылдардан бастап Шалқар теміржол бойындағы сауда-өнеркәсіптік пункт ретінде де дами бастайды. Станцияда іргесі қаланған алғашқы өнеркәсіп орны Шалқар паровоз депосы сол тұста ең ірі темір жол деполарының бірі болды. 1905 жылғы мәлімет бойынша станция жанындағы поселкенің тұрғындары 64 шаңыраққа біріккен 512 адамды құрайды. Поселкеде 1 шіркеу болған.

ХХ ғасыр басындағы Шалқар. Жергілікті  қазақтар. Ар жағынан депоны көруге болады.

1905 жылы Шалқарда теміржол училищесі ашылды. Оқу орнындағы білім алушылар саны 170 адамды құрады. Мұнда Шалқардың оңтүстігі мен  солтүстігінде орналасқан станциялар үшін кадрлар дайындалды. Теміржолдың дамуы уақыт өте келе станция жанындағы поселке тұрғындарының негізгі бөлігін теміржолшылардың құрауына алып келді.

 ХХ ғасыр басындағы Шалқар станциясы.

ХХ ғасыр басында жарық көрген «Торғай облысының географиялық очеркі» атты еңбекте «Шалқар — Ташкент темір жолы бойындағы, Шалқар көлінің жағасында орналасқан станция. Бұл жұмысшылар штаты мол депо мен шеберханасы бар, шіркеу, пошта-телеграф бөлімі, орыс-қазақ училищесі орналасқан маңызды теміржол пункті. Станция жанынан теміржолшыларды қосқанда 600  адамға дейін халқы бар елді мекен қалыптасқан. Жері құмды, шөлейтті және сортаң» деп жазылған екен.

1908 жылы Шалқардағы елді мекенде теміржол қызметкерлерін есептемегенде, 2000-нан астам адам өмір сүрді. Халықтың басым бөлігі сауда өкілдері болды. 1909 жылдың 25 мамырында Шалқар станциясы жанындағы поселкеде 149 қазыналық жер үлестерін 12 жылға дейінгі мерзімге жалға беру жөніндегі ережесі бекітіліп, бұл жер үлестерін сауда-саттықпен айналысатын татарлар жалға алып отырды. Осылайша халық саны қоныс аударушылар есебінен ұлғайып, станция ХХ ғасыр басындағы Ырғыз уезіндегі үш ірі елді мекеннің біріне айналады.

Елді мекеннің уақыт өткен сайын өзінің инфрақұрылымы қалыптасады. 1909 жылы Шалқарда дәріхана ашылады. Бұрынғы бір кластық теміржол училищесімен қатар ерлерге арналған екі кластық орыс-қазақ училищесі де жұмыс жасап, онда 60 оқушы білім алды. Училище директоры Г.Сыров болса, мұғалімдері Жарылған Жалмұхамедов, Сырлыбай Бекбаев, Наталя Ефремова, Константин Тихомиров, Таран Беркімбаев және т.б. болады.

Станция жанындағы поселке халқының қандай кәсіп түрлерімен айналысқандығын олардың әлеуметтік бөлінісінен де білуге болады. Мәселен, 1910 жылға қарай Шалқар станциясындағы поселке халқының әлеуметтік құрамында барлық 2 247 адамның дворяндар — 56, мещандар мен көпестер — 479, түрлі шенділер — 53, шаруалар — 1555, оның ішінде, қазақтар — 134 адам болған. Поселке тұрғындарының кәсібіне қарай саудамен 150 адамға дейін айналысса, теміржол депосында 500 адамға дейін жұмыс істеген. Бұл станция халқының түрлі кәсіппен айналысқандығын көрсететін еді.

Төңкерістен кейін Шалқар станциясы қызу саяси оқиғалардың орталығына айналады. Оған себеп, Шалқардың батыс өңірдегі кеңестік билікті орнату жолындағы күрестің негізгі тірек пункттерінің бірі болуы еді. Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін 1917 жылы 12 желтоқсанда Л.Мюльгаузен мен Чикалиннің  жетекшілігімен Шалқарда кеңес өкіметі орнап, ондағы жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің алғашқы төрағасы болып, кейін атақты геолог ғалым, академик болған Д.В.Наливкин  тағайындалады. Билікке келген большевиктер көп уақыт өтпей қызыл әскер қатарына жұмылдыру жұмыстарын қолға алады.

Азамат соғысы барысында Шалқар маңызды тірек пункт ретінде қолдан қолға өтеді. 1919 жылы сәуірде Дутовтың Орынбор армиясы Ақтөбе қаласын басып алып, Орынбор-Ташкент теміржол байланысын кесіп тастауы нәтижесінде Түркістандағы қызыл гвардияшылар негізгі күштерден бөлініп қалады да Шалқарға шегінуге мәжбүр болды. 25 шілдеде Шалқар қаласының маңында ірі шайқас болып, қызыл гвардияшылар    Шалқардан Арал станциясына қарай шегінуге мәжбүр болып, қала ақ гвардияшылар қолына өтеді. Алайда 11 қыркүйекте 1-ші армия әскерлері Ақтөбе майданымен бірлесіп Шалқар станциясын ақ гвардияшылардан қайта тартып алады. Жазушы Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы «Орыс, татар көпестері дәуірлеп тұрған кішкентай Шалқар біреу біліп, біреу білмейтін, бас-аяғы бір-ақ уыс қала сияқтанған. Сөйтсе, ұлы жолдың үстінде жатқан кішкентай қалаға осы қазір дос пен дұшпан бірдей көз тігіп отыр екен. Бір жағында Мәскеу, Орынбор, Самар қалалары жатса, екінші жағында Арал, Ақмешіт, Әулиеата, Ташкент, Түркістан. Екі жаққа бірдей қол созып, Азия мен Еуропаны бір-біріне жалғап тұрған теміржол бойындағы станса. Вагон оңдайтын цех бар, паровоз оңдайтын депо бар. Қала халқының жартыға жуығы жұмысшы. Қазіргідей аласат кезде атаман Дутовқа әзірше іргесін алдырмай тұрған айдаладағы қамал қаланың бірі екен» деген жолдар Шалқар станциясының азамат соғысы жылдарындағы өмірінен сыр шерте отырып, оның сол сәттегі аса маңызды пункттердің бір болғандығын көрсететін еді.

Шалқар поселкасының әкімшілік орталыққа айналуы кеңестік биліктің алғашқы жылдарынан басталады. 1921 жылы 21 қазанда Шалқар ауданы құрылған сәтте сол ауданның орталығы, ал 1922 жылы 5 шілдеде аудан 6 болыстан тұратын уезд болған кезде орталық Шалқар поселкасы болады. Ал 1925 жылы 6 наурызда Шалқарға қала статусы беріліп, осы жылы 23 желтоқсанда қалалық кеңес пен оның төралқасы құрылады. Дегенмен, кейбір дерек көздерінде қала статусының 1928 жылы берілгендігі де айтылады.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық өміріне өзгерістер еніп, жаңа әлеуметтік нысандар пайда болып, қаланың жаңа инфрақұрылымы қалыптаса бастайды. 1922 жылы қалада қазан төңкерісінің 5 жылдығы атап өтіліп, соның құрметіне қаладағы Қысқы театр — Ленин атындағы клубқа, «Жастардың революциялық коммунистік одағы» клубы — Ленин атындағы клуб жанынан Қазан төңкерісінің бес жылдығы атындағы кітапханаға айналдырылады. Сонымен бірге, қала маңындағы Нахаловка ауданының атауы — Селиванов атындағы қалашыққа, Грабиловка ауданы —Жұмысшы қалашығына, Орынбор көшесі — Коминтерннің 4-ші конгресі көшесіне, Пошта көшесі — 25 қазан көшесіне, вокзал алдындағы алаң — қызыл алаң болып өзгертіледі. 1923 жылдан кейін қаладағы Покровск православтық шіркеуі теміржол клубына айналдырылды.

 Қаладағы Покровск шіркеуі, 1923 жылдан кейін В.И.Ленин атындағы темір жол клубына айналады.

Өткен ғасырдың 20 — жылдары елді мекен халқының саны да арта түсті. 1920 жылғы жүргізілген санақта поселокта барлығы 3736 адам тұрса, оның ішінде қазақтар 629, орыстар 2730, украиндер 10, татарлар 301, немістер 9 адам болды. Ал 1926 жылы КСРО-да жүргізілген бірінші бүкілхалықтық санақ қорытындысы Шалқар уезінде барлығы 90 527 адам тұрса, Шалқар қаласында 6750 адам тұрды. Оның 3412-сі ерлер, 3338-і әйелдер болды. Қазақтар 1092, украиндар 345, орыстар 4448, татарлар 694, белорустар 48, немістер 7, мордвалар 3 адам болды. Қаладағы барлық халықтың орыстар 65,9 пайызын, яғни жартысынан көбін құраса, қазақтар 16,2 пайызын құраған. Осылайша жоғарыдағы санақаралық алты жылда Шалқар қаласының халқы 3014 адам-ға немесе 44,7 пайызға өскен. Қаладағы халық саны негізінен механикалық өсім есебінен өсті.

Бұдан кейінгі жылдары да қала халқының саны баяу болса да өсіп отырды. 1928 жылы 7781, 1929 жылы 8014, 1930 жылы 8254, 1931 жылы 8501, 1932 жылы 8756, 1933 жылы 9018 адам болды. 1928-1933 жылдардағы өсім 1237 адам немесе 13,7 пайыз болды. Қала халқы өсімінің баяулауына нәубет жылдарындағы қиыншылықтардың ықпал еткендігі сөзсіз.

Ұлы  Отан соғысы  жылдарында  Шалқар өңірінен майданға 7,5 мың адам алынған, оның шамамен 1,8 мыңы аман-есен елге оралса, 1951 адам хабар-ошарсыз кеткендер, ал қалғандары майдан даласында қаза болғандар саналады. Соғыс жылдары Шалқар қаласына да  эвакуацияланған кәсіпорындар мен адамдар орналастырылды. 1941 жылы қазан айында Шалқарға Киев қаласынан №7 теміржол училищесі көшірілді. Училище паровоз депосының ғимаратына орналастырылды. Соғыс жылдарындағы ауыртпалықтарға байланысты училищенің ғимараты оқу талаптарына сай болмай, оқушыларға қағаз-қалам, киім-кешек жетіспеушілігі орын алады. Бұл училищедегі оқу-тәрбие жұмысына да кері әсер етеді. 1941 жылдың он бір айының мәліметі бойынша Шалқар қаласына 16 жасқа дейінгі 454 бала келіп, олар үшін тұрғын-жайлар дайындалып, бастауыш мектептер орталау мектептерге айналдырылып, орыс кластары ашылады. 1941 жылдың 30-шы желтоқсанындағы мәлімет бойынша Шалқар ауданына эвакуацияланған адамдардың саны 2172-ге жетеді. Оның ішінде ері 431, әйелі 844, балалар 897 адам болса, осылардың ішіндегі еңбекке қабілеттісі 827 адам болады. Эвакцуияланғандардың 2083 адамы қаладағы ұйымдарға, 48-і өнеркәсіп мекемелеріне, 12-сі кеңшарларға орналастырылады.

Соғыстан кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің жаңа кезеңі басталды. Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, оның ішінде вокзал маңы мен газ құбыры ауданында төрт қабатты үйлер бой көтереді. Одан кейінгі уақыттарда қаланың басқа бөліктерінде бес қабатты үйлер салынады. Соғыстан кейінгі жылдары қаладағы демографиялық ахуал тұрақталады. Халық саны 1959-1989 жылдардағы санақаралық кезеңде 40,3 %-ға өседі. 1959 жылғы халық санағы бойынша қалада 17236 тұрғын, 1970 жылы 19377, 1979 жылы 22150 және 1989 жылы 28899 тұрғын болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттағы қиындықтар Шалқар қаласын да айналып өтпеді. Қалада күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыптасты. 1990 жылдардың басынан қаладағы бірқатар кәсіпорындар жабылып, жұмысшылар мен еңбеккерлердің уақытылы жалақыларын ала алмауы, зейнетақыны уақытылы төлеудің мүмкін болмауы орын алды. Бұл халықтың нақты табысының қысқаруына, ал ол өз кезегінде демографиялық жағдайға кері әсер етті. Бұл кездері қаладағы өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына орала бастаса, кейбір тұрғындар облыс орталығына немесе оның басқа өңірлеріне қоныс аударды. Соған байланысты 1990 жылдары қаладағы халық саны біршама қысқарды. 1991 жылы қалада 29 100 адам тұрса, 1999 жылғы санақ бойынша қалада 26 329 адам тұрды. Қала халқы санының динамикасындағы оң көрсеткіш 2007 жылдан басталады. Осыған дейін тұрақты азайып отырған халық 2006 жылмен  салыстырғанда 96 адамға көбейіп 25 410 адам болса, келесі жылы 25 498, 2009 жылғы санақта 26 574 адам болса, 2021 жылғы санақ бойынша 27833 адамды құрады. Халық санының баяу болса да өсіп келе жатқандығы көрінгенімен, әлі де болса 1991 жылға деңгейге жете қоймаған. Қазіргі таңдағы халық санының негізгі өсу көзі қала тұрғындарының табиғи өсімі мен аудан көлеміндегі елді мекендерден қоныс аударушылар болып табылады.

Қаладағы маман дайындайтын  Шалқар агро-техникалық колледж тарихы 1960 жылдың 10 ақпанында Шалқар ауданының бұрынғы Шахты поселкесіндегі машина-трактор станциясы негізінде «№179 Бершүгір ауылшаруашылығын механизациялау училищесінен» бастау алады. Оқу орны 1977 жылы аудан орталығына көшіріліп, кәсіптік техникалық училище деп аталған болатын. Оқу орнында 1986-1990 жылдары 8600-ден аса жұмысшы мамандар дайындалған. Негізінен кең көлемді тракторист-машинист, электр газбен дәнекерлеушілер, тас қалаушы, сылақшы, тігіншілер, шаштараз мамандықтары бойынша оқытылған.

Қазіргі таңдағы аумағы 305,9 мың гектарды құрайтын қала Шалқар қаласы, Жомарт ауылы, М.Шыманұлы ауылы деп аталатын 3 елді мекеннен тұрады. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша халық саны 28 030 адам. Қалада барлығы 10 мектеп, 11 мектепке дейінгі ұйым, аудандық аурухана, емхана жұмыс жасайды. Сонымен бірге 1 мәдениет үйі мен 6 кітапхана жұмыс жасайды. Қалада 10 спорт алаңы, 1 дене-шынықтыру сауықтыру кешені, 1 стадион, 2 спорт мектебі бар. Қалада кеңестік кезеңде жалғыз шағын мешіт болса, қазіргі таңда Тәубе, Жанаман ахун және Мәтей Қоқанұлы атындағы барлығы үш мешіт бар.

Ғасырдан астам уақыт өмір сүріп келе жатқан қаланың бай тарихы бар. Қаланың жүз жылдан астам тарихи дамуы отырықшылықтан урбандалуға, одан қазіргі таңдағы ірі теміржол торабы мен әлеуметтік-экономикалық, мәдени және әкімшілік орталыққа айналуға дейінгі күрделі үдерісті қамтиды. Шалқар қаласы әкімшілік орталық қана емес, орта және шағын кәсіпкерлік, сауда-саттық салалары бой көтерген өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының орталығы ретінде дамып келеді.

Әлібек АМАН, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті.

Басқа материалдар

Back to top button