Жолаушыға жәрдемі зор Айнагүл

Шалқар теміржол вокзалы қаламыздың қақпасы іспеттес. Дейтініміз, уақыт ағымымен күніге сол қақпа арқылы жүздеген жолаушылар келіп-кетіп жатады. Кейде шалқарлықтар келін түсіріп, құдаларын күтеді. Азамат болған балаларын Отан алдындағы борышын өтеуге ақ тілектерін тілеп, аттандырып жатады. Вокзал перронында тұрсаң, осындай сәттердің бәріне куә боласың.
Енді осы теміржол вокзалы арқылы келіп-кетіп жатқан жолаушылардың нөпірін бақылап, қажет жағдайда реттеп отыратын қандай мекеме десек, ол — «ҚТЖ ұлттық компаниясы» АҚ, «Ақтөбе магистральдық жүйесі» филиалына қарасты Шалқар теміржол вокзалының жұмысшы-қызметкерлері, нақтылап айтсақ, ол теміржол вокзалында жұмыс атқаратын жаны нәзік қаракөздер.
Солардың бірі — теміржол саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, енді бірнеше айлардан кейін құрметті еңбек демалысына шығатын Айнагүл Олжабайқызы Оразбаева. Бала көбіне әке жолын қуады. Айнагүлдің әкесі Олжабай Ержанов көп жыл теміржол саласында машинист болып еңбек еткен. Ал анасы Жарқынбала Ержанова үй шаруасында болып, балаларын тәрбиелеп өсіріпті. Отбасында жеті ағайынды болып өскен Айнагүлдің үш ағасы еңбек жолдарын машинист көмекшісі болып бастапты.
— Мен де әке жолынан айнымай, теміржолшы болуды ұйғардым. 1982 жылы Шалқар қаласындағы №40 мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды қаласына барып, есеп және кредиттік техникумын бітірдім. Шалқар депосына келіп, есепші болып еңбек жолымды бастадым, кейін кассирлік қызмет атқардым. Ал 2008 жылы осы теміржол вокзалының анықтама бөліміне вокзал кезекшісі болып ауыстым. Осы жұмысқа келгенде еңбектегі ұстазым болған вокзал кезекшісі Қолғанат Жеткергенова апай еді.
Айнагүл ханымның айтуы бойынша, бұл жұмыстың ең басты ұстанымы — жауапкершілік. Себебі, жолаушылар қозғалысы кезінде қатты қырағылық керек. Ауысыммен атқарылатын жұмысқа 40 минут ерте келіп, барлығын қадағалап, қабылдап алады екен. Содан кейін вокзалдағы барлық қозғалысты бақылап, әр дыбысқа құлағыңды түріп жүруің керек. Перронға шығып, жолаушыларға қызмет жасайсың: билеттері дұрыс болмаса, оны шешуге зыр жүгіресің, жолаушылар масаң жағдайда болса, оның мәселесі тағы бар. Пойыздарда ауырып келе жатқан жолаушылар болса, жедел жәрдем шақыруға тура келеді дегендей.
Тағдырдың жазуымен жұбайы қайтыс болып кетсе де ол балаларына аналық мейірімін төгіп, тәрбиелеп жеткізген ардақты ана. Бұл күнде балалары азамат болыпты.
— Бір балам Дәулет Оразбаев №3 белгі беру және байланыс дистанциясында аға механик, отбасылы, үш бөпесі бар. Екінші балам Нұржау Кенжебай Ақтөбедегі белгі беру және байланыс дистанциясында радист, отбасын құрған. Екі балам да менің жолымды қуып, теміржолшы болды. Тек қызым Жанзира Оразбаева теміржолшы болған жоқ, қазір Ақтөбеде тұрады, отбасылы, төрт бөпесі бар, — деді ол.
Айнагүл Оразбаева өткен жылы Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды. Және оған моральдық көтермелеу жөніндегі комиссияның 2022 жылғы 11 шілдедегі №95/21 хаттамасы бойынша «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» акционерлік қоғамының 25 жылдығына арналған мерекелік медалі тапсырылыпты. Сонымен бірге ол жоғарыда аталған акционерлік қоғамның дамуына қосқан зор үлесі мен кенеттен туындаған қолайсыз жағдайда жолаушыларға жоғары деңгейде көрсеткен көмегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталыпты.
— 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні біз үшін өте мерейлі мереке. Оны жыл сайын асыға күтіп, қуанып қаламыз. Өзіммен бірге еңбек етіп жатқан қыздарды, жалпы теміржол саласында еңбек етіп жатқан әріптестерімді ардагер есебінде мерекелерімен құттықтаймын, — деді Айнагүл.
Қ. ӘЛИН, «Шалқар».