Сұхбат

Сауап жинаған Бағдагүл

«Су — тіршілік нәрі». Яғни, халықты сумен қамтамасыз етіп отырған адамдар әркез көптің алғысын алып, ықыласына бөленетіні хақ. Ал жолаушыға су берудің сауабы тіпті көп, ұшан-теңіз деуге де болады.

Міне, осындай сауап жинап жүрген нәзік жанның бірі — Шалқар сумен жабдықтау телімінің су берушісі Бағдагүл Міңкәнқызы Тілеуімбет.

— Жұмыстың оңайы жоқ, әр мамандықтың өзіндік қиындығы болады, жүре-бара тәжірибе жинайсың, қыр-сырын меңгересің, сосын өзі қалыпқа түседі. Біздің жұмысқа деген ынтамыз жақсы, себебі ұжымымыздың ауызбіршілігі мол, тату-тәтті.  Жұмыс атқаруымызға барлық жағдай жасалған, ас бөлмесі бар, арнайы киіммен толық қамтылғанбыз, еңбек-ақымыз жақсы. Даталы күндерде сыйақы беріледі, еңбегіміз бағаланады. Бұл тұрғыда басшымыз,  Шалқар сумен жабдықтау телімінің аға шебері Айболат Дәуітовтің еңбегі зор деп білемін, — деді Бағдагүл Міңкәнқызы.

Біздің бір байқағанымыз, Шалқар сумен жабдықтау телімінің басты ұстанымы — үлгерім. Ойлаңызшы, бір тәулікте 30-40 минут қана аялдайтын пойыздардың жалпы 120-ға тарта вагондарын бір мезгілде суға толтыру оңай ма!? Оның үстіне жолаушылар  Ұлы Борсық құмының суын жақсы көреді екен. «Әсіресе, Қазалы жақтан келе жатқан пойыздар Шалқарға жеткенше суларын азайтып, бөшкелерін босатып келеді» дейді аға шебер Айболат Қанатұлы.

Қалай айтсақ та аталған ұжымның су беретін жұмысшыларының ыждағаттылығы мен тәжірибелілігінен болар, бұл жұмысты тап-тұйнақтай атқаратын көрінеді. Оның айғағы, Ақтөбе, Алматы, Маңғышылақ бағытына баратын пойыздар, оның ішінде шет ел пойыздары Шалқар сумен жабдықтау телімінің жұмысына, оның үлгеріміне әркез ризашылықтарын білдіретіні айтылып жүр.

Әрине, осы алғыс алғандардың ішінде біз әңгімеге арқау етіп отырған Бағдагүл де бар. Ол биыл құрметті еңбек демалысына шықпақ, бейнетінің зейнетін көреді деген осы.

— Мен 1981 жылы Шалқардағы №1 мектепті бітірдім. Әкем Міңкән Әминов теміржолшы болды, вагон депосында токарь болып еңбек етті. Шешем Ләтипа Әминова обаға қарсы күрес стансасында лаборант қызметін атқарды. Бір отбасында алты ағайынды болсақ, соның ішінде әке жолын қуып, мен ғана теміржолшы болдым. Және теміржолшылар отбасына келін болып түстім. Қайын атам Әли Тілеуімбетов №71 разъезде, Кеңдалада кезекші қызметін атқарған. Енем Сындар Тілеуімбетова он бір баланы дүниеге әкеліп, өсірген көпбалалы ана болды. Мен осындай отбасылардан тәрбие алдым. Сонау 90-шы жылдардың ішінде, тоқырау деп аталатын заманда балабақшада жұмыс істегенмін, бірақ қысқарып қалдым. Жолдасым Қуаныш Әлиұлы Тілеуімбетов деген азамат еді. Ол Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясында механик болды. 2004 жылы ауырып өмірден өтті. Балаларды өсіру, жеткізу керек дегендей, 2008 жылы осы сумен жабдықтау теліміне жұмысқа тұрдым. Содан бері жұрт қатарлы еңбек етіп келе жатырмын. Балаларымды жеткіздім, бір қыз, екі ұлым бар. Қызым Ақмарал Тілеуімбетова екі жоғарғы оқу орнын бітірген, бұл күнде «Вагон-сервис» АҚ, жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Батыс филиалы қауіпсіздік және еңбек бөлімінің жетекші инженері болып жұмыс істейді, тұрмыста, төрт бала тәрбиелеп отыр. Одан кейінгі ұлым Амандық Тілеуімбетов «Қамқор вагон» ЖШС, Шалқар вагон жөндеу депосы филиалы автотежегіштерді бақылау пунктінің шебері, отбасылы, оның да төрт бөпесі бар. Кенже ұлым Асыланбек Әлиев Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжін, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірді. Қазір Ақтөбедегі қалалық «Геолог» мәдениет үйінде жұмыс істейді. Және халыққа асабалық қызмет көрсетеді, — дейді Бағдагүл Міңкәнқызы.

— Шалқар сумен жабдықтау телімінің жұмысшылары бүгінгі күні жолаушылардың, жоғарғы басшылықтың сенімін ақтап отыр. Себебі, біздің ұжымның барлық мүшелері тәжірибелі, жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын жандар. Сондықтан да болар өткен жылы жұмыс барысында ешқандай қателіктер жібермегеніміз үшін біздің мекемеге облыстық еңбекті қорғау инспекциясы тарапынан марапат берілді, бірінші орын Сертификатына ие болдық, — деді телім басшысы Айболат Дәуітов.

— Осы жылы зейнеткерлікке шығамын. Жұмыс істеген жылдарымда ешқандай қателік жасамай, абыройлы еңбек еттім деп ойлаймын. Басшымыз, айналамдағы әріптестерім, жалпы ұжымым әрқашан мені қолдады, тілектес болды. Осындай жақсы адамдарға шын жүректен ыстық ықыласымды білдіремін. Және алдымызда келе жатқан әйел адамдардың әдемі мерекесі қарсаңында еңбек ардагері есебінде әріптес қыздарыма, жалпы теміржол саласындағы қыз-келіншектерге мықты денсаулық тілеп, жұмыстарының жемістерін көрсін дегім келеді. Және отбасы бақытын тілеймін, — деді Бағдагүл Тілеуімбет.

Өз тілшімізден.

 

Басқа материалдар

Back to top button