ӘкімдікБасты жаңалық

Облыс әкімі Асхат ШАХАРОВ: Басты мақсат — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру

21 ақпан күні ауданымызға жұмыс сапарымен облыс әкімі Асхат Шахаров келді. Өңір басшысы алдымен Есет-Дәрібай кесенесіне барып, батыр бабалар рухына тағзым етті. Кесене жанындағы қонақ үйде Айшуақ, Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс ауылдық округтерінен және аудан орталығынан келген еңбек ардагерлерімен жүздесті. Одан соң аудан орталығында бірқатар нысандарды аралап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

   Оңалту орталығы ашылады

Балаларды оңалту орталығы Шалқар аудандық ауруханасының ғимараттарының біріне орналастырылған. Мұнда қайта жаңарту, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров оңалту орталығының ғимаратын аралап шықты. Аудандық аурухананың бас дәрігері  Есенғали Көпеновтің айтуынша, «Әлихан Ойл» ЖШС орталықта жылу жүйесі мен электр сымдарын ауыстырған, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа лифт орнатқан, ғимараттың қасбетін жаңартыпты.

Орталықта түрлі аурулары бар балалар оңалтудан өте алады. Шалқар ауданы ғана емес, сонымен қатар жақын орналасқан Ырғыз ауданының балаларын қамтуға қауқарлы. Реабилитолог, невропатолог, логопед, травматолог, ортопед, психолог қызмет көрсетеді. Мұнда тыныс алу гимнастикасы, ойын терапиясы, аудиологпен сабақтар, электрофорез, тұз шахтасы және басқа да процедуралар қарастырылған. Барлық қажетті жабдықтар «Қазақстан Халқына» қайырымдылық қоры арқылы сатып алынды.

«Оңалту 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Осындай қызмет көрсету спектрі бар ұқсас орталық Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейді. Біздің мамандарымыздан бөлек, телемедицина арқылы облыстық аурухананың дәрігерлері пациенттерге қашықтан кеңес береді. Медициналық қызметтерге және қызмет көрсетуге лицензия алынды. Біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландыруды күтеміз», — деді аудандық аурухананың бас дәрігері.

Бүгінгі таңда Шалқар ауданында 852 бала диспансерлік есепте тұр, 233 бала оңалтудан өтіп жатыр. Бұл орталық бір ауысымда 20 балаға дейін және жылына 450 кішкентай тұрғынды қабылдай алады. Штатта 12 медициналық қызметкер болуы тиіс. Облыс әкімі қысқа мерзімде қаржыландыру мәселесін шешуді және балалар үшін оңалту орталығын ашуды тапсырды. Оңалтудағы басты назар неврологиялық ауруларға аударылуы керек. Әкім атап өткендей, психикалық ауытқулары бар балалар әрдайым медициналық мекеменің тұрақты бақылауында болуы керек.

«Бұл оңалту орталығын ашу — ел Президентінің балаларға, әсіресе тұрақты медициналық қолдауды қажет ететіндерге оңалту қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясындағы маңызды қадам. Біз балаларымызға өз ауданынан шықпай-ақ ыңғайлы жағдайда жоғары сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан мен қаржыландыру процесін жеделдетуге және осы орталықты қысқа мерзімде ашуға бұйрық бердім. Бұл жоба азаматтарымыздың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту бағдарламасының маңызды бөлігі және өңірдегі осындай орталықтарды кеңейту жұмыстарын жалғастырамыз», — деді әкім.

Көлдегі  бөгеттің жағдайын қарады

Облыс әкімі Шалқар қаласынан төрт шақырым жерде орналасқан бөгеттің жағдайымен танысты. Биыл мұнда гидротехникалық құрылғылардың су жіберу қақпасы — шандорлар ауыстырылды. Асхат Шахаров бөгеттің көктемгі су тасқынына дайындығын қарап, су басу қаупін болдырмау үшін қабылданып жатқан шараларды бағамдады. Бөгет 1959 жылы салынған, су сақтау көлемі — 27 млн. текше метр. Гидротехникалық құрылғы «Ұлы Борсық» КМК теңгерімінде, ол Шалқар ауданында су және жылу жүйесін қамтамасыз етеді. Бөгеттің жағдайы қанағаттанарлық. 2024 жылы бөгетке техникалық қызмет көрсету үшін 2 млн. теңгеге келісім-шарт жасалып, шлюз қақпалары жөнделді. Арналарды бекіту, су жинайтын, булану және сүзу алаңдарын тазалау жұмыстары жүргізілді. Акт жасалғаннан кейін 17 шандор ауыстырылды. Бөгеттің жай-күйін көрген облыс әкімі көктемгі су тасқынына дайындықтың маңызына тоқталып, бөгет маңында су деңгейі мен гидротехникалық нысанның жағдайын тәулік бойы бақылайтын екі гидробекет салуды тапсырды. Сондай-ақ, бөгеттің ағаш жабындысын бетонға ауыстыру жобасын әзірлеуді жүктеді.

«Басты міндетіміз — аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су тасқынының алдын алу. Шалқар бөгеті су ағынын реттеуде маңызды рөл атқарады, сондықтан біз оны тасқын маусымына дайындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Шандорларды ауыстыру және бөгетті нығайту секілді жөндеу жұмыстары уақытында аяқталды. Енді жағдайды қадағалап, кез келген өзгеріске жедел әрекет ету қажет», — деді облыс басшысы.

Cпорт кешендерінің құрылысы  сапалы жүргізілуі тиіс

 Облыс әкімі аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді. Спорт нысаны 2023 жылы салына бастады. Бірақ кейін мердігер жобаға түзету енгізу үшін өтініш береді. Осы жылдың қаңтар айында қайта жарияланған конкурста «Tunay Stroy Project» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Мердігер дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жыл соңына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Болашақ спорт кешенінде ені 1,5 метрді құрайтын 6 қатарлы, ұзындығы 25 метрлік жабық бассейн, сондай-ақ әртүрлі спорт түрлеріне арналған секциялар болады. Жаңа спорт нысанының арқасында жергілікті тұрғындарға спортпен шұғылдануға және денсаулықты нығайтуға заманауи жағдай жасалады.

Асхат Шахаров мердігерге жобаның шығыс сметасын бұдан әрі түзетпейтінін ескертті. Кешен белгіленген мерзімде тапсырылуы керек. Сондай-ақ Шалқар қаласында В. Цеханович атындағы спорт мектебіне арналған жаңа ғимарат салынады. Облыс әкімі нысан бой көтеретін орынға барды. Владимир Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі — кадрлардың ұстаханасы. Ол бокс, дзюдо және грек-рим күресінде танымал спортшылардың бірнеше буынын тәрбиеледі.

Қазіргі уақытта №1 БЖСМ-де 750 шалқарлық бала спортпен шұғылданады. 58 жылдық тарихы бар мектептің ғимараты ескірген. Осыған байланысты ескі бейімделген ғимараттың орнына спорт мектебіне арналған екі қабатты жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданған.

Жаңа әскери комиссариат салынып, өрт сөндіру депосы жөнделді

Әскери комиссариат ғимараты былтырғы жылдың соңында пайдалануға берілді. Жалпы ауданы 648 шаршы метрді құрайтын екі қабатты нысанның құрылысын «Қолғанат Құрылыс» ЖШС жүзеге асырды. Жаңа ғимаратта тек әскерге шақырылушыларды тіркеу ғана емес, сонымен қатар жастармен ағартушылық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі әскери қызметке шақыру — әрбір азаматтың міндеті ғана емес, елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін айтты.  Әскери комиссариат ғимаратын аралап шыққаннан кейін, облыс әкімі өрт сөндіру депосына барды. Депо құрамында екі өрт сөндіру бөлімі бар, олардың бірі 1986 жылы, екіншісі 1980 жылы салынған. 2008 жылы депода алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл ғимаратта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен жеке құрамында 33 қызметкер, оның ішінде 11 офицер және 22 сержант бар өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Өрт сөндіру депосында 8 техника бар, оның ішінде 3 қызметтік жеңіл автокөлік және 4 арнайы өрт сөндіру машинасы.

Облыс әкімі өрт сөндіру депосы қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап, олардың халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, әсіресе табиғи және техногендік апаттар кезінде атқаратын рөлінің маңыздылығын атап өтті. Екі мекеменің ұжымдарымен кездескен облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында жергілікті билік осындай нысандарды дамыту жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.

Мектеп пен балабақша жаңартылады

Облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектепке барды. Мұнда 700 оқушы білім алып, 141 мұғалім жұмыс істейді. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Construction Group SAMRUK» ЖШС атқарды. Бюджеттен 478 млн. теңге бөлінді. Асхана, спортзал және компьютерлік сынып жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жаңа жиһаздар мен интерактивті тақталар сатып алынды. Мектеп ауласында шағын футбол алаңы бар, қыста ол мұз айдынына айналады.

Асхат Шахаров мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылармен сұхбаттасты. 10-сынып оқушысы Жангүл Жарылқасова оқу жағдайының жақсарғанын атап өтті және олимпиададағы жетістіктерімен бөлісті. «Мектебімізде жаңа пәндік кабинеттер мен цифрлық техникалар пайда болды. Бұл оқу процесін қызықты ете түседі. Робототехника сабағымыз өте қызықты өтеді. Бұл жаңалықтар маған олимпиадаларға дайындалып, жеңіске жетуге көмектеседі,» — деді Жангүл.

Облыс әкімі №12 «Бөбекжай» балабақшасына барды.1963 жылы салынған бұл ғимаратта алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі таңда балабақшада 140 бала тәрбиеленуде. 2024 жылы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 210 млн. теңге бөлінді. Ғимараттың төбесі мен қасбеті жаңартылып, терезелер, электр сымдары, кәріз құбырлары және жылу жүйесі толықтай ауыстырылды. Жаңа жылыту батареялары орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Балабақша меңгерушісі Динара Ажимадинова күрделі жөндеу нәтижесінде балаларға барынша жайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Едендер оқшауланып, сантехника толық жаңартылды. Ауылдағы мектептер мен балабақшалар балалар үшін сапалы білім мен тәрбиенің кепілі болуы керек. Біз инфрақұрылымды дамыту арқылы олардың дамуына барлық жағдайды жасауды жалғастырамыз», —  деді облыс әкімі.

Қоныстойларымен құттықтады

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Шалқардағы 58 отбасы Жаңа жылды өз үйлерінде қарсы алып, қоныстойын тойлады. Асхат Шахаров Шалқар ауданына сапары барысында жаңа үйлерді аралап, жаңа қоныс иелерінің өмір сүру жағдайларын біліп, тұрғындармен әңгімелесті. Әкім азаматтарды жайлы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту мемлекеттік бағдарламасы аясында Шалқарда 24 пәтерлік үш коммуналдық үй салынды. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен бюджет қаражаты есебінен 17 екі пәтерлі үй (34 пәтер) сатып алынды. Барлығы 58 отбасы жаңа баспана кілтін алды.

Музейде  13 мыңға  жуық экспонат бар

Облыс әкімі Шалқар ауданының тарихи-өлкетану музейіне барды. 1955 жылы салынған ғимаратта орналасқан музей құрылғаннан бері айтарлықтай кеңейді. Егер алғашқы жылдары мұнда тек 500 экспонат болса, бүгінде олардың саны 12 773 құрайды. Музейде 1870 жылы Шалқар қаласы құрылғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі өлке тарихын бейнелейтін жәдігерлер ұсынылған.

2007 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, экспозициялар жаңартылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге арналған сегізінші зал ашылды. Әкім музей экспозицияларымен, сирек кездесетін тарихи көне заттар, этнографиялық материалдар және мұрағаттық құжаттармен танысты. Асхат Шахаров музей директоры Нағима Тілембаева және мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мұражайды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

 Осы сапар барысында өңір басшысы аудан активімен кездесіп,  жеке сұрақтар  бойынша тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға жазылған азаматтардың қатарында Шалқар қаласы мен Қотыртас, Қауылжыр, Бегімбет ауылдарының тұрғындары бар. Тұрғындардың кейбірі жұмыс мәселесін, енді бірі қоқыс полигонын кеңейту және темір жол жүк қоймасы бөлімшесін ашу, Қотыртас ауылында әкімшілік ғимаратын салу және Қауылжыр ауылында спорт кешенін салу бойынша өтініш айтты.

Өз кезегінде облыс әкімі  барлық сұрақтарды мұқият тыңдап, мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетінін атап өтті.

Аудан активінде өткен жиында облыс әкімі Асхат Шахаров: «Басты мақсат — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру» деп, аудан басшылығына бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

Басқа материалдар

Back to top button