Әкімдік

Ел дамуының алдағы басым бағыттарын нақты айқындап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында өткен жылдың басты қорытындыларын саралап, ел дамуының алдағы басым бағыттарын нақты айқындап берді. Сұхбатта көтерілген ой-пікірлер мен міндеттер әрбір өңір, әрбір аудан үшін нақты бағдар болып отыр.

Президент атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – уақыт талабы ғана емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтерудің шешуші тетігі. Осы бағытта ауданымызда да бірқатар нақты жұмыстар қолға алынды. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіріліп, тұрғындарға уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Сұхбатта ерекше мән берілген «Заң мен тәртіп» қағидаты ауданымызда да жүйелі түрде іске асырылып келеді. Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағытында жауапты органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бейнебақылау жүйелерін кеңейту, профилактикалық түсіндіру шараларын күшейту арқылы тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау басты назарда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» қағидаты ауданымыз үшін де маңызды басымдықтардың бірі. Елді мекендерді абаттандыру, экологиялық мәдениетті арттыру, тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру бағытында тұрғындар, жастар және қоғамдық ұйымдар белсенді атсалысуда. Бұл – тек бір реттік акция емес, ұрпақ санасына жауапкершілік пен ұқыптылықты сіңіретін ұзақ мерзімді жұмыс.

Президент сұхбатында айтылған ойлар еліміздің даму жолы айқын екенін, алға қойған мақсаттарға жету үшін бірлік пен ортақ жауапкершілік қажет екенін тағы бір мәрте көрсетті. Біз аудан деңгейінде Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын нақты іспен қолдап, тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолында жүйелі жұмысты жалғастыра береміз.

Ең бастысы – ел амандығы, қоғам тыныштығы және ортақ болашақ үшін бірлесе еңбек ету.

Жанболат Жидеханов, Шалқар ауданының әкімі.

Басқа материалдар

Back to top button